«Ол аспаз емес»: Қызылорда аруы атанған бойжеткен дәмханада ыдыс жуып жүр
Әлеуметтік желіде Гүлнұр Нұртазаның жаңа кәсібі қызу талқыланып жатыр
Әлеуметтік желіде Қызылорда аруы атанған 20 жастағы Гүлнұр Нұртазаның дәмханада аспаз және ыдыс жуушы болып жүрген видеосы тарап кетті. Алайда аталған видеоны көрген желі қолданушылары мұны «хайп» үшін жасалған әрекет деп бағалады.
Azattyq Rýhy тілшісіне Гүлнұрдың жақын құрбысы Диляра Шәріпханова хабарласып, бойжеткеннің дәмханада жұмыс істеп жүргеніне алты ай болуы мүмкін емес екенін айтты.
«Біз Гүлнұрмен жарты жыл Алматыда бірге тұрдық. Екі ай бұрын ғана қожайынымыз пәтерін сататын болғандықтан екеуміз екі бөлек кеттік. Гүлнұр мен танығалы бері модель болып түрлі сән көрсетілімдерінде жұмыс істеген. Бірақ карантинге байланысты соңғы кездері сән көрсетілімдері болмай жүрді. Өзі Алматыдағы университеттердің бірінде заңгер мамандығын сырттай оқиды. Әлеуметтік желіде тараған видеодағы халықтың пікірін көріп, Гүлнұрға хабарластым, телефоны сөндірулі екен. Екеуміз Жаңа жыл алдында кездескенбіз, ал телефон арқылы осыдан 4-5 күн бұрын ғана сөйлестік. Кафедегі жұмысы туралы ешнәрсе айтқан емес. Жаңа жылдан кейін орналасып, маған айтуға ұялған болар. Ол жағы әзірше белгісіз», - деді Диляра.
Құрбысының айтуынша, Гүлнұрдың ата-анасы өмірден қайтқан. Карантинге байланысты ақша болмағандықтан, ол оқу ақысын төлеуге қиналып жүрген.
««Әкесі біраз жыл бұрын дүниеден қайтқан. Ал, анасы қыркүйек айында коронавирустан көз жұмды. Гүлнұрдың жүрегінде ақау бар, арасында мұрнынан қан ағып талып қалады. Автобуста талып қалған видеосы сондай сәттердің бірінен. Одан бөлек, оңтүстіктің қызы болғандықтан орысша сөйлей алмайды. Сол себепті көп компанияларда менеджер болып та жұмысқа орналаса алмады. Өмірде өте ақкөңіл және қарапайым қыз. Мен модельмін, мисс едім деп мақтанғанын көрген емеспін, instagram желісінде де отырмайды. Мен білетін соңғы жарты жылдықта ешқандай жерде аспаз да, ыдыс жуушы да болып жұмыс істемеген. Карантинге байланысты арасында ақша табу үшін шыққан шығар. Бірақ көпшіліктің «хайп» деп ойлағанын қаламаймын. Егер, Гүлнұрмен байланысып жатсам, сіздерге өзі шындығын айтар», - деді құрбысы.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан