Ғаламдық жылыну процесі Қазақстанда жылдам жүріп жатыр – эколог

Автор: Azattyq Rýhy

Климаттық саясат департаменті директорының орынбасарымен ашық сұхбат

Зульфия Сүлейменова, Жапония саяси зерттеу институтының докторанты

Климаттың өзгеруі, ғаламдық жылыну туралы қазір бәрі айтқанмен, оның салдарынан туындап жатқан проблемалардың тереңіне үңіліп, назар аудара бермейді. Жапониядағы саяси зерттеу институтының докторанты, Экология министрлігінің климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті директоры орынбасары– Зульфия Сүлейменованың айтуынша, ғаламдық жылыну процесі Қазақстанда екі есеге жылдам жүріп жатыр.

Маман әсіресе еліміздің солтүстігінде ауа-райының жылынуы қарқынды жүреді дейді. Зульфия бір кездері БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты аймағы үшін әлеуметтік және экономикалық комиссиясында қоршаған ортаны қорғау және даму дивизионында жұмыс істеген. Бүгінде «Сырдария бассейніндегі трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселелеріне» қатысты докторлық диссертациямен айналысып жүр.

Azattyq Rýhy тілшісі Зульфия Сүлейменовамен ғаламдық жылыну, Қазақстандағы мұздықтар мен ауызсу мәселесі, оңтүстіктегі жерлердің шөлейттенуі мен жаңа экологиялық кодекс жайында әңгімелескен еді.

ОҢТҮСТІК, ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНА ТИЕСІЛІ ЖЕРЛЕР ШӨЛЕЙТТЕНІП ЖАТЫР

- Ғалымдардың мәліметінше, 2020 жылы ең жоғары температура тіркелген. Жер бетінде күннің жылынуы экологиялық жүйеге, жануарлардың өміріне әсер етеді. Қазақстанды оңтүстік және солтүстік деп екіге бөлер болсақ, еліміздің солтүстік өңірінде температура жылдан жылға жоғарылап отыратын болады. Әлем бойынша ең жоғарғы температура 2100 жылға қарай Сібірде тіркеледі. Болжам бойынша, ондағы температура +7 градустан астам болуы мүмкін. Ғаламдық температураның өсімі экономикамызды қай бағытта дамытатынымызға қатысты болмақ. Егер біз көмірсутек шикізатында жұмыс істеп, парникті газды көп шығаратын болсақ, температура жоғарылайды. Қазақстанда температура әлеммен салыстырғанда екі есеге жоғарылайды. Өйткені, бізде теңізге қолжетімділік жоқ. Құрлық ортасында тұрған соң, осал тұсымыз көп. Мәселен, әлемде температура 10 жылда 0,18 градусқа көтерілсе, Қазақстанда бұл 0,34 градус болады. Температура көбейген сайын мұздықтар ериді. Ал мұздықтарда метан бар, мұз ерігенде метанды лақтырады. Нәтижесінде парникті эффект күшейе түседі. Білетініміздей, судың қайнар көзі: мұздықтар, қар, жауын-шашын және жерасты сулары. Ғаламдық жылынудың әсерінен мұздықтар ериді. Өкінішке қарай, Қазақстанда да бұл процесс қарқынды жүріп жатыр. Биыл қыркүйек айында Алматыдағы Қазақстанның география және су қауіпсіздігі институтына бардым. Бұл Білім және ғылым министрлігіне қарасты су мәселелерімен айналысатын ведомствоаралық ұйым. Онда гляциология лабораториясы бар, сол жерде гляциологтар мұздықтарды зерттейді. Сол гляциологтармен Тұйықсу деп аталатын мұздыққа бардық. Сапар барысында олардың gis-карталарды, модельдерді қалай жасайтынын және су мәселелері шешімдерін қалай іздестіретінін көрдім. Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан Тұйықсу мұздығы 1950 жылдан бастап бақылауда. Айта кетейік, мұздықтар тірі, олар жылжиды және мыңдаған жылдар бойы өмір сүреді. Ғаламдық жылынудың әсерінен Тұйықсу мұздығы қазір еріп жатыр және 1958 жылдан бастап 1998 жылдар аралығында 640 метрге жылжыған. 1998 жылдан 2019 жылға дейін тағы 500 метр жылжыған. Бұл бір шақырымнан да көп. Яғни, ауа температурасы қатты жылып кеткен соң, мұздықтардың еру қарқыны артуда. Климаттың өзгеруі табиғаттың экстремалды құбылысы санын көбейтеді. Ол жер сілкінісі, сел, боран болуы мүмкін. Алысқа бармай-ақ, еліміздегі қалаларға талдау жасасақ. Алматы облысында сел, жер сілкінісінің қаупі жоғары. «Қазселденқорғау» қызметкерлерімен кездескен кезде, олар мұздық көлдердің көбейіп кеткенін айтты. Бұрын көлдер 3000 метр аралығында кездессе, ал қазір олардың биіктігі 3300-3400 құрайтынын айтады. Бұл климаттың жылдан-жылға жылынып жатқанын, нәтижесінде осындай көлдердің көбейгенін білдіреді. Егер бір көл арнасынан таситын болса, ол екіншісін толтырады. Ал екіншісі үшінші көлді арнасынан асырады, осылайша үлкен сел туындайды. Бүгінде Ақтөбе облысы, Орталық Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан сынды жазық аймақтарда шөлейттену жүріп, құнарлы жердің барлығы жазыққа айналуда. Бір нәрсенің құрылымы өзгерген кезде, басқалары да өзгеріске ұшырайды.

КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ?

- Климаттың өзгеруіне парниктік газ әсер етеді. Онда азот, метан, перфторкөміртек бар. Бұл атмосферада болатын түрлі газдар, бірақ бүгінгі таңда олардың деңгейі өте жоғары және қарқынды түрде өсіп жатыр. Оның өсу жылдамдығына түрлі факторлар әсер етеді. Мәселен, көмір түтіндері, ауыл шаруашылығы, түрлі өндіріс қалдықтары сынды газдар атмосфераның ең жоғарғы қабатына жинақталып, ең кемі 100 жылдай өмір сүреді. Кейбір газдар атмосферада 3,5 мың жыл өмір сүріп, парникті эффект береді. Ол жердің үстінде тұрған жұқа қабыршақ сияқты. Нәтижесінде жер қатты қызады. Табиғатың өз балансы бар, бірақ бізде шоғырлану деңгейі жоғары болғандықтан, температура қызады.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ КЛИМАТТЫҢ НАШАРЛАУЫНАН ДАМЫМАЙ ОТЫР

- Біздегі ауыл адамдары мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан емес, климаттың өзгеруінен де жағдайын жасай алмай отыр. Оның үстіне Қазақстанда көп көңіл бөлінбейтін саланың бірі – ауыл шаруашылығы, су ресурстары, азаматтық қорғаныс пен орман шаруашылығы. Біздің есеп бойынша 2050 жылы әлемдік бидай өнімділігі 50% азаяды, ал Қазақстанда өндірілетін бидай өнімдерінің 90%-ы әлемдік бидай. Бұл азық-түлік қауіпсіздік мәселесі. Жердегі климаттық жағдай ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру үшін жайсыздық тудырып, өнімділік төмендейді. Ал шаруалар оған уақытын, еңбегін, қаржысын құяды. Бірақ егіннің бітік шықпауы климатқа тікелей байланысты. Сол себепті, климаттық өзгеріске қарай бейімделу керек. Қаласақ та, қаламасақ та ғаламдық климат бәрібір өзгереді. Бірақ біз ауыл шаруашылығында дәнді дақылдардың құрғақ жерлерде өсетін басқа сұрыптарына көшу арқылы шығындарды азайта аламыз. Ғалымдар бұл салада белсенді түрде жұмыс атқарып жатыр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУ МӘСЕЛЕСІ МЕН ӨҢІРЛЕРДІҢ ШӨЛЕЙТТЕНУІ

- Екінші сектор - су ресурстары. Мұнда біз мұздықтарға, суасты жерлері мен суларға тоқталамыз. Ғаламшарда су ресурстары азаймайды, тек бөліністер әртүрлі. Мәселен, Фиджи, Тувалу сынды аралды мемлекеттер теңізбен қоршалған, осыған сай бұл аймақтарда су мөлшері көп. Теңіз деңгейі көтерілген кезде, олар су астында қалады. Су қай аймақта көп болса, сол жерде көбейе береді. Су ресурсы жетіспейтін Қазақстан сияқты елдерде керісінше азая береді. Оның алдын алу үшін ең бірінші климаттық өзгеріске бейімделу қажет. Бізде су арзан және оны пайдаланған кезде адамдар ысырапшылдыққа жол береді. Ауыз суды барлық жерде пайдалана береміз. Судың бізде азайып жатқанын ескерсек, оны дұрыс пайдалану тетіктерін қарауымыз қажет. Екіншіден, технологияларды тиімді пайдаланып, тамшылы суармалауды енгізуге тиіспіз. Біз бұған тренд немесе көштен қалмау үшін келмеуіміз қажет. Жалпы мұның бәріне уақыт өте келе бәрібір келеміз, сол себепті, қазір осының бәрін қолға алуымыз қажет. Каналдар тиімсіз. Әрбір тамшы судың дұрыс бағытта жұмсалуын қадағалауымыз керек. Қазақстандағы судың 66%-ы ауыл шаруашылығына пайдаланылады, 30%-ы индустрия мен өндіріс секторына жұмсалса, 3-4% муниципалға, ішуге жұмсалады. Егер елдегі экономиканы тұтастай алсақ, барлығына су қажет. Су мәселесімен айналысатын трансшекаралық өзендер мен су ресурстары комитеті бар. Біз климат тұрғысынан осы мәселелерге қараймыз. Су мәселесінде қазіргі реконструкциялау жұмысы қолға алынуға тиіс. Себебі, құрылымдардың көпшілігі кеңестік кезеңде салынған, ескі, мораль тұрғысынан шаршаған. Судың қайда кетіп жатқанын біліп отыруымыз керек. Түркістан облысындағы өңірлерде шөлейттену процесі жылдам жүріп жатыр. Еліміздегі судың 44%-ы шетелден келеді. Ал Қазақстанның оңтүстігіне келетін судың 80%-ы көрші елдерден келеді. Осы аймақтарда су мөлшерінің аз екенін ескерсек, шөлейттену салдарынан ол тағы азаяды. Қазір жағдай өте ауыр. Құрғақшылық салдарынан жеміс-жидек, мақта, көкөніс өсуі нашарлайды. Мұның бәрі біздегі ішкі өнімге әсер етеді. Қауіп әртүрлі, шөлейттенудің өзі үлкен апат. Мұндай апат түрі тыныш, ешкімге байқалмастан  жүре береді.  

ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРЛІГІ ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНЫП ЖАТЫР?

- Климат бойынша бұл облыста төмен көмірсулар концепциясын дамытуды әзірлеп жатырмыз. Бұл концепция парниктік газ шығарындыларын азайтып, ғаламдық жылынудың алдын алуға септігін тигізетін жол картасы болмақ. Мемлекет бұл тұрғыда азаматтық қоғаммен, индустрия, түрлі мекемелермен бірлесе жұмыс істеп, жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Ғалымдардың зерттеуі, сараптамалық жұмыстар, есеп-қисаптар өз алдына жүргізілуде. Біз парникті газ қалдықтарын қысқартып, көмір өндіруден алшақтаймыз. Біз бұл зиянды заттардан алыстай бастағанымызда, біріншіден жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазір әлемдік халықаралық ғалымдар төмен көмірсулы экономиканың көп жұмыс орнын қалыптастыратынын айтуда. Және біз көмір-су саласында жұмыс істейтін адамдарды жаңа, қауіпсіз жұмыс орындарына көшіріп, жаңа білім беруге тиіспіз. Төмен көмірсулы экономика жаңа драйверлер, экономикалық даму жолында жаңа мүмкіндік қалыптастырады.

Ауаның таза болуы салауатты қоғамды түзеді. Мемлекет үшін лас ауадан түрлі ауруға ұшыраған адамдарды емдеуге миллиондаған қаражат жұмсағаннан, климатты жақсартуға ақша бөлу тиімдірек емес пе?! Экология, климат деген мәселені көтерген кезде әлеуметтік қабат бар екенін естен шығармау керекпіз. Қазір экологиялық кодекс Сенатта қаралып жатыр. Осы жылдың аяғына дейін қабылданады деп ойлаймын. 

5 ЖЫЛДА 2 МЛРД АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

- Жаңа кодексте «Климаттың өзгеруіне бейімделу» атты бөлім бар. Бұған дейін климаттың өзгеруіне қатысты жұмыс жүргізілген. Бірақ аталған бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілмеді. Қазір экологиялық кодекс аясында жоғарыда атап өткен төрт секторда - барлық мемлекеттік бағдарламада, түрлі аймақтарда даму бағдарламаларын жасаған кезде олар климаттық қауіптің бар екендігін және оларды қалай азайтуға болатынын есепке алуы қажет болады. Осы бағытта біз БҰҰ-мен бірге даму бағдарламасын жасап, қай салада осалдық танытып жатқанымызға баға бермекшіміз. Тиісті шараларды түзбес бұрын, біздің қандай мүмкіндігіміз барын қарастыруымыз керек. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы қауіптерді Түркістан облысымен салыстыра алмаймыз. Сол себепті біз географиялық ерекшеліктерге байланысты әр аймаққа, секторларға тиісті шаралар қолданамыз. Экология министрлігі бұл шараларды бір реттік қана емес, оның тиімділігін үнемі бақылауда ұстап отырады. Егер, шаралар тиімсіз болса, оларды қайта қарап, басқа да мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Парникті газ қалдықтарын азайту үшін Мемлекет басшысы алдағы 5 жылда республика бойынша 2 млрд ағаш отырғызылатынын айтты. Қоғамда қандай да бір өзгеріс жасау үшін жұрттың бәрі жүз пайыз өзгеруі міндетті емес. Аталған идеяны бар-жоғы халықтың 3%-ы насихаттап, ұстанса жеткілікті. Салауатты қоғам, экологиясы таза ел құру үшін эколог болу міндетті емес, әрбір азамат мұндай қадамды өзінен бастауы керек.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан