«Карантиннің пайдасы да болды»: тай боксынан Азия чемпионы алдағы жоспарымен бөлісті

Автор: Azattyq Rýhy

Нұртаза Жұмаханов 2021 жылы өтетін әлем чемпионатында бақ сынамақшы

Нұртаза Жұмаханов, Азия чемпионы

Бүгінгі кейіпкеріміз – тай боксынан Азия чемпионы, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұртаза Жұмаханов келер жылы әлем чемпионатында бағын сынамақшы. Спортқа кәсіби түрде ден қойғанына көп уақыт болмаса да, ол болашағынан үміт күттіретін, республикалық деңгейден бөлек, халықаралық дәрежедегі жарыстарда жүлде үшін таласатын жас спортшылардың бірі.

Azattyq Rýhy тілшісі спортшымен карантин уақытындағы дайындық барысы және спорт әлемінде кездесетін қызықтар мен қиындықтар жайлы әңгімелесті.

Нұртаза айналысатын тай боксының екінші атауы – муай-тай, яғни «еркін төбелес» дегенді білдіреді. Қарапайым бокстан айырмашылығы – жекпе-жек кезінде жұдырық, шынтақ, тізе, аяқ сияқты дене мүшелерін пайдалануға рұқсат етілген.

«Достарымның көбі спортқа жақын. Сол себепті, менің де қызығушылығым ерте оянды. 16-17  жасымнан бастап тай боксымен айналыса бастадым. Басында еш хабарым болмаса да, тез үйренісіп кеттім. Муай-тай мені еркіндігімен баурап алды. Тағы бір ерекшелігі, муай-тайды меңгерген адам классикалық бокс және басқа да спорт түрлерін тез үйренеді. Жан-жақтылыққа үйрететін, мүмкіншілігі көбірек спорт түріне жатады.

Мен үшін ірі әрі маңызды саналған жарыстар – Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттары. Тай боксынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. 2018 жылы Азия чемпионы атандым. Өкінішке қарай, 2019 жылы әлем чемпионатында ұтылып қалдым. Бірақ сол жеңіліс жігерімді жанып, алға ұмтылуға күш сыйлады. Пандемия аяқталып, бәрі оңалған соң әлем чемпионатына аттанамын. Басты мақсатым – әлем чемпионы атану», - дейді Нұртаза ағынан жарылып.

Спортшы карантиннің кедергісі де, пайдасы да болғанын айтады. Аздап кідіріс жасап, өткен жарыстарда жіберілген қателіктерді, осал тұстарын тағы бір саралап, содан нәтиже шығаруға мүмкіндік туғанын жеткізді.

«Күнде жаттығу. Кейде спорт залынан жалығып, шаршайтын сәттер болатын. Биыл карантинге байланысты ешқайда шықпай, оқшауланған сәтте жаттығу залын қатты сағынып, тағат таппадым. Карантин күшейтілген кезде шамамен 15 күн демалдым. Кейін, үйде арнайы жаттығу жасап, бабымды барынша қалыпта ұстауға тырыстым. Карантиннің кедергісінен бөлек, пайдалы жақтары да болды. Ойлануға, бұрын жіберген қателіктерді саралауға, жаттығуға жаңа тәсілдер табуға мүміндік туды. Ал пандемияның басты кедергісі - көп жарыс өтпей қалды. Осы жылы 5-6 жарысқа қатысуым керек еді. Әрине, көңілімнің түскені рас, себебі, спортшы уақытылы ринге шықпаса, жарысқа қатысу мен жаттығу кілт тоқтаса, қай жағынан болмасын, төмендеу болады. Сол себепті, карантин уақытында барынша таза ауада қашықтық сақтап дайындалуға тырыстық», - дейді ол.

Нұртазаның айтуынша, кез келген жарыстың алдында өзіне деген талап күшейеді. Барынша тәртіпке бағынып, уақытылы ас ішіп, ұйықтау керек.

«Жарысқа дайындық барысында қатаң тәртіпке бағынамыз. Өз басым жарыс алдында бірден тәтті-мәттіден, газдалған сусындар мен нан өнімдерінен бас тартамын. Қыдырыс пен көңіл көтеруге шектеу қоямын. Бар ойың жарыста болуы керек. Спортшы үшін арнайы режиммен, жоспармен жүру маңызды. Сондықтан жаттықтырушының айтқанын орындауға міндеттіміз. Таңертең сағат 7, 8-де тұрып, таңғы жаттығуға кірісеміз. Жаттығу аяқталған соң міндетті түрде тамақтанып, арнайы дәрумен ішемін. Және түскі уақытта кесте бойынша 1,5 сағат ұйықтап аламыз. Себебі, түскі ұйқы болмаса кешкі жаттығуда шаршап, қажетті көрсеткішке жету қиынға соғады. Жалпы, спортшы болсын, қарапайым адам болсын, денсаулығы үшін уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтанып, үнемі қимылда жүруі маңызды», - дейді спортшы.

«ДАЙЫНДЫҒЫҢ ДҰРЫС БОЛМАСА, ҚҰР НАМЫСҚА ТЫРЫСҚАННАН ПАЙДА ЖОҚ»

Спортшыларға жарыста жеңіске жету үшін намыспен қатар, тыңғылықты дайындық, физикалық және психологиялық тұрғыдан мықты болу талап етіледі. Егер дайындық аз болса, жеңістің ауылы алыста.

«Жарыс барысында күш-жігермен қоса, үлкен психалогиялық мықтылық керек. Спортшы физикалық түрде де, психологиялық түрде де бәріне дайын болуы керек. Кездесу кезінде қатты шаршап, ештеңеге зауқың соқпайтын сәттер болады. Егер дайындығың аз болып, техникаң жетпей жатса, қанша жерден намысқа тырысқаныңмен, жеңілуің мүмкін. Сол себепті, жаттығу режимге сай орындалуы керек.

Еліңнің намысын өзге елде қорғап жүргендіктен, алдымен жауапкершілікті сезінуің керек. Оның үстіне, ата-анаңның артқан үміті, достарыңның сенімі, осының бәрі оңай беріле салуға жол бермейді. Қобалжыған, шаршаған сәтте бойымды тез жинаймын», - дейді Нұртаза.

Кейіпкеріміз спорт әлемінде кездесетін қызықтармен де бөлісті.

«Жарыс кезінде күтпеген жағдай, қызықтар жиі болып тұрады. Сондай жағдайлардың бірі Монакода өткен Азия чемпионатында болды. Мен өз салмағымда бірден жартылай финалға түсіп, араб спортшысын нокаутпен жеңдім. Бізден кейінгі жарыс алаңында Ауғанстан мен Тайланд елдерінен келген спортшылар болды. Сол жердегі жеңімпаз атанған спортшымен кездесетін болдым. Аты айтып тұрғандай, тай боксының негізі Тайландта қаланған. Ол елдің боксшылары өте мықты болады. Екеуінің төбелесі өте тартысты өтті. Тайландтық спортшы жеңеді деп ойлағанмын, бірақ ауған боксшысы басым түсіп, таңданғаным бар. Сол кезде жеңіске жетуге әр адамның мүмкіндігі барына, бұл спорт түрінен мықтылардың бәрі Тайландтан шыға бермейтініне көзім жетті. Келесі күні финалдық кездесу өтіп, ауған спортшысын жеңдім. Қарсыласым мықты болса да, барымды салып, Азия чемпионы атандым», - деп еске алды.

СПОРТТАҒЫ ТАБЫСЫ ЖАЙЫНДА

Сырт елдерде ел намысын қорғап жүрген спортшыларға арнайы айлық тағайындалады. Айлық көлемі спортшының көрсеткен көрсеткішіне байланысты. Оған қоса, Нұртаза жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

«Астана қаласындағы спорттық клубтардың бірінде жаттығу жасаймын. Азия және әлем чемпионаттарына мемлекет атынан барамыз. Ай сайын алатын жалақымыз бар. Айлық мөлшері жарыстағы нәтижеге байланысты әркімге әрқалай тағайындалады. Азия чемпионы болған сәттен бастап арнайы жалақы белгіленеді. Егер жыл бойы нәтиже көрсетпесең, айлық автоматты түрде тоқтатылады. Тапқан табысым өзіме толығымен жетеді. Одан бөлек, қазір жаттықтырушымын, шәкірттерім бар. Алты жастан 18 жасқа дейінгі балаларды дайындаймын. Негізі,  спортты ерте жастан бастаған жақсы деп есептеймін. Баланы бірден бір спорт түріне бере салған дұрыс емес. Алдымен жүзуге, биге беріп, ақырындап бастау керек. Нақты спортқа 6-7 жастан бастап беру керек», - дейді ол.

Спортшы жарыс барысында түрлі әділетсіздік болатынын да жасырмады. Десе де, бұрмалаушылық одан ары мықты болуға, кәміл жеңіске жетуге шабыттандыратынын айтты.

«Спортта әділетсіздіктер жиі болатыны барлығына белгілі деп ойлаймын. Өз басым ондайды кездестірмесем де, достарымның, шәкірттерімнің басынан өтетін кездер бар. Бұл бірінші кезекте спортшының сағын сындыруы мүмкін. Бірақ «әр нәрсенің өз қайыры бар» демекші, кез келген жағдайды көңілге алмай, алға жылжу керек. Себебі, шын еңбектенген, тер төккен спортшы бәрібір биігіне шығады. Төзім пен шыдамдылық бірінші орында болуы керек», - дейді Нұртаза басқа спортшыларға кеңесін беріп.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан