Мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионы Мария Гречанаямен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

14 жастағы алматылық «жетістігім әлі алда» деп сендірді

Мария Гречаная, жас спортшы

Осыдан бір күн бұрын Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Өрімдей ғана жас түлек Мария Гречаная көпті өнерімен тәнті етіп, республикалық біріншіліктің жеңімпазы атанды. Күміс жүлде Ажар Жұмахановаға, қола Анастасия Лобановаға бұйырды. Бұл спортшылардың барлығы Алматы қаласының атынан бақ сынады.

Ал ерлер арасында өткен турнирдің алтын жүлдесі Михаил Шайсовқа бұйырды. Екінші орынды Диас Жиренбаев иеленіп, үздік үштікті Дмитрий Карпухин тұйықтады.

Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстанның болашағы саналатын, жарыстардан жүлделі орын алып жүрген спортшы Мария Гречанаямен сұхбат құрды.

- Жеңісің құтты болсын! Чемпионат қалай өтті?

- Өте қуаныштымын. Бірақ бұдан да биік жетістікке жеткім келеді. Талмай еңбек етуге дайынмын.

- Жеңіске жету қаншалықты қиын болды?

- Меніңше, кез келген жарыс ең алдымен өзіңмен бәйгеге түсуді білдіреді. Оңай емес. Бірақ қиындық адамды шыңдайды және жақсы нәтиже көрсетуге септігін тигізеді.

- Коронавирус пандемиясы кезінде локдаундар жарияланды. Оның жарысқа дайындалуға кері әсері болған жоқ па?

- Карантинге дейін біз күніне кем дегенде 2-3 сағаттан жаттықтық. Пандемия басталғаннан кейін, иә, барлық жаттығу тоқтатылды. Бірақ ол да кедергі емес. Үйде әртүрлі жаттығу жасап, үнемі бабымызды жоғалтпауға тырыстық. Әрине, әдеттегідей жаттығуға барып жүрсек, жеңілірек болар еді. Локдаунның өз қиындықтары болды. Жаттықтырушым Лобах Наталья Закировнамен бірге осы кедергілерге қарамастан, жеңіске жеттім деп ойлаймын.

- Болашақта қандай мамандықты меңгергің келеді?

- Қазір 8-сыныпта оқимын. Дәрігер болғым келеді. Мақсатым – ЖОО-лардың біріне түсу. Балалық шағымнан бері ақ халатты маман атанып, адамдарға көмек беруді армандаймын.

- Қалай ойлайсың, Қазақстанда мәнерлеп сырғанаумен кәсіби түрде айналысуға барлық мүмкіндік бар ма?

- Әрине, Қазақстанда мәнерлеп сырғанаумен айналысуға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, баланың немесе спортшының ынта-жігерінде. Кәсіби жаттықтырушылар мен қолайлы спорт алаңдары жеткілікті деп ойлаймын.

Отбасымда мен және кішкентай інім бар. Бауырым да спортты жақсы көреді. Оның сүйікті спорты – үлкен теннис. Мен алғаш рет 3 жасымда мұзбен «танысып», аяғыма коньки кидім. 5-6 жасымнан бастап мәнерлеп сырғанаумен кәсіби түрде айналыса бастадым. Бұл таңдауыма Алматыда туып-өскенімнің пайдасы тиді деп ойлаймын. Ата-анам маған бағыт-бағдар берді, ал мәнерлеп сырғанауды өзім таңдадым. Себебі, жан-жүрегіммен қажет екенін түсіндім.

Анықтама үшін: 

  • Мария 2020 жылдың ақпан айында Гаагада (Нидерланд) өткен Challenge Cup 2020 турнирінде қысқа бағдарламада екінші орынға ие болды.
  • 2018 жылы мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионы атанған Мария Гречаная жаңа секіру түрін - үштік флипті меңгерген.
  • 2018 жылы қарашада Мария Гречаная Чехиядағы Prague Riedell Ice Cup турнирінің қола жүлдегері атанды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан