Azattyq Rýhy тілшісі Шерзод Пулатовпен сұхбаттасты
Жуырда ғана Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никонов Қазақстанның солтүстігі Ресейге тиесілі екенін айтып, қоғамда үлкен дау тудырды. Шенеунік қана емес, білдей тарихшының импералистік көзқарастағы пікірі қазақтардың ғана емес, көзі ашық ресейліктердің де ашуын тудырды.
Қазақстан территориясы – қазақтардың Отаны, сондай-ақ жүздеген ұлтқа мекен болып отырған біртұтас мемлекет. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстан халқы ассамблеясы Өзбек орталығының басшысы Шерзод Пулатовпен сұхбаттасып, ұлтаралық қатынастарды қалай жақсартуға болатынын, этносаралық татулықтың бұзылуына әсер ететін факторлар қандай екенін сұрап көрді.
- Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды жақсарту үшін қазір ҚХА нақты қандай жұмыстар атқарып жатыр?
- ҚХА ұлтаралық келісімге қол жеткізудің жалпыға танылған бірегей институты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің өзегіне айналды. Өткен жылдар ішінде ол өзіне жүктелген миссияны лайықты орындап, өзінің қоғамдағы саяси және этностық тұрақтылықтың негізін қалаушы факторларының бірі ретіндегі маңызды рөлін танытуы елімізге әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құрулардың орасан зор бағдарламасын – тәуелсіз Қазақстанды байыппен, дәйектілікпен және ең бастысы, табыспен құруды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
«Қазақстан – 2030» Даму стратегиясы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, Ұлттық бірлік доктринасы, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл Ассамблея сессиялары алаңында бүкілхалықтық талқылаудан өткен мәселелердің қысқаша және толық емес тізімі. ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы, «Мектепке жол» акциясы, «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясын жүзеге асыруда белсенді жұмыс істеді.
- Сіздің ойыңызша, этносааралық қатынасты бұзуға әсер ететін факторлар қандай?
- Ата заңымыздың 39-бабында «ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп ұлтаралық татулық мәселесінің маңыздылығы айқын көрсетілген. Осының арқасында елімізде барлық ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті жалпыұлттық байлық ретінде қарастырылады. Күллі ұлт өкілдеріне конституция арқылы өздерінің этномәдени байлықтарын сақтап, дамытуға мүмкіндіктер берілген.
Қазақстандағы кейбір ұлт өкілдері өздерін әлі күнге қазақстандықпыз деп сезінбейтіндігін көріп жүрміз. Мұндай сезімдерді қалыптастыру үшін қандай идеологиялық жұмыстар жүргізілуі қажет?
Ата-бабадан мұраға қалған қазақтың ұлан-ғайыр даласы түрлі заманда жер ауып келген сан түрлі ұлт пен ұлысқа пана болды. Алыстан кім келсе де, құшағын жайып қарсы алатын қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлығы да бұған өзінің ықпалын тигізбей қойған жоқ. Сан тараптан соққы жеп, бас сауғалағандары бар, күшпен жер аударылып, айдалғандары бар, түрлі халықтар қазақ жеріне табандары тигенде ғана жан шақырып, естерін жиды. Бүгінде олар басқа елді отаным деп санамайды, іргелерін бекітіп, осында тамыр жайған қай ұлттың өкілінен сұрасаңыз да, олардың тарихи отандары біреу, ол — Қазақстан.
- Жас ұрпақтың бойына ұлтаралық қатынас мәдениетін қалай сіңіре аламыз?
- Жастар бойында ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру - білім беру, адамгершілік, басқаларды құрметтеу сияқты адами қасиеттерді бойларына сіңіру. Бүгінгі таңда көпұлтты Қазақстан қоғамында жастар арасындағы ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ол экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму тұрғысындағы әртүрлі деңгейлі елдердің әртүрлі этникалық әлеуметтік қауымдастықтарының ынтымақтастығын, өздерін өздері өмір сүріп жатқан елдің азаматы сезінуі, достығы, әріптестігі өзара түсіністігі негізінде пайда болады. Жастардың ұлтаралық қатынас мәдениеті ұлттардың айырмашылығына, мүдделеріне, тіліне, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына құрметпен қарауынан басталады.
- Биыл болған Қордай оқиғасы кезінде елімізде этносаралық кикілжіңдерді шешумен, зерттеумен айналысқан мамандардың тапшы екенін байқадық. Жалпы сіздердің орталықта осы салаға бейімделген қанша маман бар?
- Еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделі Елбасымыздың Ассамблея институтының құрылуы мен тікелей байланысты. Қазақстандық моделі жылдар бойы нығайып келеді, оның қалыптасуына әрбір қазақстандық азаматтың үлесі бар және бұл мәселеге мемлекет тарапынан жақсы қолдау берілуде. Мәселенің маңызы зор болғаны үшін және оны әрі қарай зерттеп нығайту мақсатында Елбасы тапсырмасы бойынша ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету мақсатында 2009 жылы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды.
Қазіргі күнде Кеңестің құрамында 52 ғалым, оның ішінде 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының басшылары мен қоғам қайраткерлері бар. Барлық өңірлерде ғылыми-сараптамалық топтар құрылды. ҚХА ҒСТ ғылыми базасы аймақтық ЖОО болып табылады. Қызметке барлығы 262 адам тартылды, оның ішінде ғылым докторлары – 57, ғылым кандидаттары – 117, PhD докторлары – 5. Осы барлық потенциал, яғни ғұламаларымыз этносаралық келісімді сақтау үшін қоғамдық негізінде жұмыс істеп, өз үлестерін қосуда.
Ескеру керек, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ҚХА ғылыми-әдістемелік және білім беру базасы болып табылады, онда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы ашылған. Сонымен бірге, еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде ҚХА 40 кафедрасы/орталығы жұмыс істейді, бұл жастарды мемлекет жүргізіп отырған этносаясат рухында оқытуды қамтамасыз етеді, оларды біріктіретің Қазақстан халқы ассамблеясы кафедраларының қауымдастығы құрылған. Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА ғылыми депозитариі жұмыс істейді. Ол 1400-ден астам дереккөзді қамтиды, олардың көпшілігі электрондық тасығыштарда. Жоғары көрсетілгеннің барлығы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңестің 10 жылдық жұмысының нәтіжесі деп айталамыз.
Біздің моделімізге шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. Мәселен, биыл тәжірибені зерделеуге Германия, Ресей, Қытай, Румыния, Литва, Молдова, Болгария, Қырғызстан, Өзбекстан делегациялары мен өкілдері келді. Бұл жай ғана емес, шын мәнінде біздің моделіміз өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, қоғамдық келісімді 30 жыл бойы сақтап келеді. Ал өзбек орталығына келер болсақ, орталықта Ғылыми кеңес құрылған, онда 10 мүше бар, олар әртүрлі салада жұмыс істейтін ғалымдар.
- Алдағы уақытта ұлтаралық қатынаста орын алуы мүмкін проблемалардың алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілуі тиіс және ҚХА бұл бағытта қалай жұмыс істеп жатыр?
- Проблемалардың алдын алу үшін ұлтаралық қатынас мамандарын жұмылдыру қажет. Ұлтаралық қатынастар мәселесі өте байыптылық пен байсалдылықты және сақтықты қажет ететін мәселе екені айдан анық.
- Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың қазіргі жағдайына қалай баға бересіз?
- Біздің республикамыздағы ұлтаралық келісім – ең маңызды жетістіктердің бірі және ұлттық мәселелердің ғылыми шешімінің нәтижесі. Жалпы, ұлтаралық келісім – адамның өнегелі тәрбиесінің, жоғары мәдениетінің, барлық ұлттар мен ұлыстардың ұлттық және этникалық топтардың мүддесімен ортақ деңгейінің көрсеткіші деп білемін. Барлық қазақстандық ел ішіндегі тұрақтылық пен ұлттар арасындағы татулықты үзбей насихаттауы керек. Қазақстан мемлекеттілігінің нығайуы осыған байланысты. Қазақстан қоғамы бүгінде əлем сусап отырған татулық пен келісімді, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Мұндай ұстаным тəуелсіздік жылдарындағы мемлекеттің бүкіл ішкі саясатының өзегі болды. Қазақстанда ұлттық-мəдени саналуандық пен бірлікті жаңғырту, əрі дамытудың мемлекеттік саясаты жүзеге асырылды. Қазақстанда шағын ұлттардың тілі мен мəдениетіне оңтайлы жағдай жасалып отыр.
- Әңгімеңізге рахмет!
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан