Аға инспектордың айтуынша, арызданғандардың 60 пайызы шағымын кері қайтарып жатады
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бүгінде қоғамда жиі талқыға түсетін тақырыптардың біріне айналды. Соңғы кездері бұл қылмыс түрімен күресуге түрлі ұйымдар мен қорлар да жиі атсалысып жүр. Ал осы мәселеге қатысты еліміздің Ішкі істер министрлігі қандай жұмыстар атқарып жатыр? Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Рүстем Құттыбаев сұхбат берген болатын.
- Рүстем Сергейұлы, соңғы кездері әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты фактілер жиі кездеседі. Оған не себеп?
- Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне жасырын әрі беймәлім сипатқа ие қылмыс түрі. Бұл заңбұзушылықтың өзге қылмыстардан ерекшелігі де осында. Өйткені, мұндай жағдайлар әдетте отбасындағы жақын адамдардың арасындағы түсініспеушілік салдарынан болып жатады. Оның үстіне, менталитет деген дүние де бар. Осындай себептерді ескере келе, аталған қылмыс түрі сол күйі жасырын түрінде қалады. Алайда соңғы кездері интернет кеңістігінің дамуына байланысты мұндай фактілер ақпараттық алаңдарда жиі жарияланып келеді. Десе де, бұл қылмыс түрі елімізде күрт көбейді деген сөз емес. Республика бойынша шамамен 5-6 пайызға артқан.
- Соңғы 3 жылда полиция бөлімшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түскен қоңыраулар санын салыстырмалы түрде айтып бере аласыз ба? Өткен жылдармен салыстырғанда шағымдар саны артқан ба?
- 2018 жылы ІІМ Бас прокуратурамен бірлесіп, ведомстволық бақылауды күшейтті. Мұндай өзгеріс қылмыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік берді. Осылайша жаңа жүйе бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық аясында 919 заңбұзушылық жағдайы тіркелді. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 14 пайызға артып, соның нәтижесінде, 1025 заңбұзушылық фактісі анықталды. Осы жылдың 10 айының көрсеткіші былтырдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,6 пайызға артық.
- Полиция бөлімшелеріне түсетін шағымдардың көбі қандай сипатқа ие? Зардап шеккендер кімнің үстінен шағым түсіреді?
- Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар көбіне «күйеуі әйелін ұрды» деген фактілерге негізделетін. Бүгінде қоғам «әкесі ұлына немесе қызына қастандық жасады» деген жағдайларды жиі естиді. Дегенмен, отбасындағы жанжал бұрыннан әртүрлі сипатқа ие екенін ескеру керек. Қазір әлеуметтік желілердегі ақпараттар, құқық қорғау органдарының түсіндірме жұмыстары, нақты статистиканың жүргізілуі сынды шаралар түрлі қылмыстардың бетін ашуға себепші болып жатыр.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа кімдер және қандай топтағы адамдар жиі тап болып жатады?
- Бұл қылмыс түрінде нақты бір әлеуметтік портрет жоқ. Отбасылық жанжал кез келген шаңырақта болуы мүмкін. Кейде қылмыс болған отбасының көршілері жағдайды естіген кезінде аң-таң болып жатады. Әрине, олардың арасында әлеметтік жағдайы төмен отбасылар да бар. Олар ішкіліктің салдарынан қылмысқа жиі барады. Өйткені ондай адамдардың өмір сүру салты бұзылған.
- Ал отбасындағы түсініспеушіліктің пайда болуына әдетте не түрткі болады?
- Ең бірінші кезекте алкогольді ішімдік себеп болып жатады. Сонымен қатар материалдық жағдайдың төмен болуы, отбасында рухани тәрбиенің жоқтығы да даудың тууына түрткі болады.
- Ақпарат құралдарында «Қазақстанның әрбір сегізінші әйелі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда» деген мәлімет бар. Бұл қаншалықты рас?
- Елімізде әйелдерге қарсы жасалған барлық қылмыс түрлерінің жалпы саны шамамен 53 мыңды құрайды. Оның 400-ге жуығы – ғана отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер. Сондықтан бұл ақпараттың қисынға келмейтінін атап өту керек.
- Көбіне қай жастағы қыз-келіншектер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатады?
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық 20 мен 40 жас аралығындағы қыз-келіншектерге жиі жасалады.
- Аталған қылмыс түрі еліміздің қай өңірінде жиі кездеседі?
- Жалпы, халық қай аймақта көп шоғырланған болса, сол өңірде қылмыстық деректер жиі анықталады.
- Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайын жасырып қалатындар саны әлі де көп пе?
- Әлі де көп. Полицияны оқиға орнына шақырып, артынша арыз жазудан бас тартатындар өте жиі кездеседі. Арызданғандардың 60 пайызы шағымын кері қайтарып жатады. Дегенмен учаскелік полиция қылмыстың болғанын анықтаса, онда міндетті түрде заң бұзушы тарапқа қорғау нұсқамасы шығарылады. Оның мерзімі бір айды құрайды. Яғни, құқықбұзушы тұлға қорғау нұсқамасындағы талаптарды орындауға міндеттеледі. Сонымен қатар ол адам есепке қойылады. Заңға сәйкес, учаскелік полиция қызметкері заңбұзушы тұлғаны кез келген сәтте тексеруге құқығы бар. Егер қорғау нұсқамасының талаптары бұзылған жағдайда, оған әкімшілік жаза тағайындалады.
- Пандемия салдарынан болған Төтенше жағдай кезінде мұндай тексеріс жұмыстары қалай жүргізілді?
- Пандемия кезінде тәртіп сақшыларының тексеріс жұмыстары онлайн режимде өтті. Бұл орайда біз де техникалық мүмкіндіктерді пайдаландық. Яғни, зардап шеккен тұлғаның қауіпсіздігін тексеру үшін видеоқоңырау арқылы байланысқа шығып, отбасындағы жағдайды осылайша бақылауда ұстадық.
- Карантин күшейтілген кезеңде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қалай көмек көрсетілді?
- Карантин кезінде барлық өңірдің әкімдіктері жергілікті қонақүйлерден арнайы орындар бөлді. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған тұлға тұрғылықты мекен жайына бара алмаған жағдайда, оны қонақүйге орналастыру мүмкіндігі болды. Республика бойынша 200-ден аса орын бөлінді.
- ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу жолында қандай шараларды жүзеге асырып жатыр?
- Бүгінде заң бұзушы азаматтарға қатысты нақты шаралар қабылдау жүйесі қолға алынды. Оларға қатысты жеке профилактикалық жұмыс атқарылады. Ең бірінші кезекте, тұрмыстық құқықты бұзған тұлға Әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осы орайда жыл басынан бері тұрмыстық құқықбұзушылық бойынша 21 мыңнан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өту керек. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Ал қорғау нұсқамасы 61 мыңан аса азаматқа шығарылды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері сотқа құқық бұзушының тәртібіне қатысты арнайы талаптар қойылған материалды жібереді. Яғни, құқықбұзушыға спирттік ішімдіктерді ішуге, түнде көшеге шығуға, ойын-сауық мекемелеріне баруға тыйым салынуы мүмкін. Бүгінде 8 мыңнан аса заңбұзушыға осындай талаптар қойылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйымдармен, дағдарыс орталықтарымен тығыз байланыста. Биыл полиция қызметкерлері дағдарыс орталықтарына 8 мыңнан аса адамды орналастырды. Сондай-ақ, түрлі акциялар ұйымдастырылуда. Оған құқық қорғау органдарынан бөлек, өзге де ұйымдар атсалысып жатыр. Түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу.
- Профилактикалық жұмыстар аясында өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс атқарасыздар ма?
- Бүгінде атқару органдары полиция бөлімшелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау және білім беру салалары да тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес шараларына жұмылдырылған. Бізде өзара меморандум бар. Мәселен, зардап шеккен кейбір тұлғалар полицияға емес, бірден ауруханаға хабарласады. Осындай сәттерде денсаулық сақтау мекемесі бірден полицияға хабарласуы тиіс. Ол тіпті тұрмыстық жарақат болса да. Артынша құзырлы орган қызметкері істі өз қолына алады. Бұл білім беру мекемелеріне де қатысты. Егер де мұғалім оқушының денесінен қандай да бір жарақатты байқап қалса, міндетті түрде бізге хабарлауы керек. Бұл – заң аясында бекітілген талаптар. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте негізгі рөлді заң жобасы атқарады. Біздің елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» салалық заңдар осы мәселені шешуде негізгі құрал саналады.
Жазып алған: Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан