Дарын Мүбаров, жат ағымның жетегіне еру, діни экстремизм жайлы – бас имаммен сұхбат
Имамның айтуынша, адасудың басты себебі – білімсіздік
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда деструктивті ағымдарды ұстанушылар саны 20 мыңнан асады. Олардың жетегіне ерген 800-ден астам қазақстандық азамат шекара асып, ажал құшқан. Адасудың басты себебі неде? Мұндай қателікті қайталамау үшін не істеу керек? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде Azattyq Rýhy тілшісі Петропавл қалалық Қызылжар мешітінің бас имамы Қасымхан Абдуллаұлымен сұхбаттасқан еді.
- Жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің басты себебі неде?
- Қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы аятында Аллаһ Тағала «Оқы!» деген. Адамға өмір бойы білім алу парыз етілген. Адамдардың теріс жолға түсіп, адасуының бірден-бір себебі – сауатсыздық. Діни білімнің жоқтығы. Білімді медресе-мешіттерден, діни білімі бар имамдардан алу керек. Өзі адасып жүріп, басқаларды да адастыратындар бар. Олардың қайда, кімнің алдынан оқығаны да белгісіз. Өзінікі дұрыс па, бұрыс па, ол жағын ойламай, білгенін өзгелерге үйретеді. Бұл да надандық.
- Жастарды арандатып, экстемизмді насихаттайтындарды анықтау мақсатында Қазақстан мешіттері тарапынан қандай жұмыс жүргізіледі?
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірнеше жұмыс бағыты бар. Қайырымдылық, сауат ашу және теріс ағымдармен күрес. Бұл орайда басқарма жанынан арнайы республикалық ақпараттық-насихаттық тобы бар. Оның құрамына оқыған белгілі ғалымдарымыз кіреді, Қазақстанның түрлі облыстарына барып та жұмыс істейді. Сонымен қатар, өңірлерде де осындай ұйымдар бар. Насихат топтары жүйелі түрде жұмыс істейді. Мәселен, экстремизм, терроризм үшін түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталушылармен жұмыс істейді. Жат ағымдардың жетегінде жүріп, мешітке келетіндер де баршылық. Олармен де кездесулер ұйымдастырылып, әңгіме жүргізіледі.
- Жастар көбіне қандай бағыттардың құрбанына айналады?
- Түрлі діни ағымдардың өкілдері әлеуметтік желілерде ұтымды пайдаланады. Олардың қатарында тәкбіршілік, хизбутшылық, құраншылдық, уахабшылдық, салафизм сияқты неше түрлі бағыттар бар. Олардан өте сақ болып, барынша бойды аулақ салу керек. Ондай ағымдарға белгісіз «ұстаздарды» тыңдаушылар түсіп кетеді. Мәселен, Дарын Мүбаров, Октам Зауырбеков, Дильмурат абу Мухаммад, Назратуллах абу Марьям, ағайынды Зейнулиндер, Ринат абу Мухаммад, Наиль абу Салих, Дидар Оспанов, Данияр абу Ахмад, Абдуррахим Башпаев сынды уағызшыларды мүлде тыңдауға болмайды. Олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстаздары емес.
- Петропавлдағы түзету колонияларында терорризм, экстремизм үшін сотталып, жазасын өтеп жүргендер бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан олармен қандай жұмыс жүргізіледі?
- Жоғарыда атап өткеніміздей, мүфтият жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жат ағымдармен күрес. Әр өңірде бекітілген имам бар. Сол имам жергілікті ақпараттық-насихат тобына кіреді. Олар бас бостандығынан айырылып, түзету колонияларында отырған жазасын өтеушілермен тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Жеке кездесу, жалпы кездесулер өткізіледі. Бұл жұмыс түзету мекемелерінің де жоспарына енгізілген. Кесте бойынша имамдар сотталғандармен жолығып тұрады. Олардың тарапынан сан алуан сұрақтар қойылып жатады. Істеген ісіне өкініп, дұрыс бағытқа түсіп жатқандар да бар.
- Мамандардың пікірінше, көбіне психикасы солқылдақ, діннен хабары аз, эмоционалды адамдар сектанттардың, діни теріс ағымдардың өкілдерінің үгітіне сеніп қалуға бейім. Олар заң бойынша жазаланғаннан кейін толыққанды оңалып, қалыпты өмірге бейімделіп кете ала ма?
- Құран Кәрімде айтылғанындай, Аллаһ Тағала шын көңілімен тәубе еткендердің ниетін қабыл етеді. Сирияға барып, «Жусан» операциясы арқылы елімізге қайтарылған отандастарымыздың көбі теріс ағымдардың үгіт-насихатына сеніп, ол жақта нағыз ислам мемлекеті, мұсымандар өмір сүретін ел деп барып, жағдайдың өздері елестеткеніндей емес екенін өз көзімен көрді. Қателескеніне тәубе етіп, қалыпты өмірге қосылып жатқандар баршылық. Адасып, елге қайтып келген әйелдермен жұмыс істейтін әйел ұстаздар бар. Олар да жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Жазасын өтеп шыққанан кейін де, біздің телефон номерімізді алып, бағыт-бағдар сұрап тұратындар бар. Біз үнемі байланыстамыз.
- Қазіргі ата-аналар баласы дінге бет бұрып, намаз оқи бастаса үрке қарайды. Осындай жағдайда оларға қандай кеңес берер едіңіз?
- Бала – ата-анаға аманат. Оған барынша жақсы тәрбие беруі – парыз. Ұрпағымызды өз дініне, салтына, әдет-ғұрпына бейімдеп үйрететін болсақ, олар адаспайды. Ата-ана өзі бірінші мешітке келіп, газет-журнал, кітаптарды оқуы керек. Баласын имам, ұстаздармен таныстырып, дұрыс жол сілтейтін болса, жастар адаспайды. Бір отбасынан шыққан ағайындар арасында бірін-бірі кәпір санап, жік-жікке бөліну белең алып барады. Ол да білімсіздіктің кесірі. Қазір қаншама адам намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп, мұсылманшылыққа бет бұрып жатыр. Дінге қызығушылық бар. Барлық мешітте сауат ашу курстары жұмыс істейді. Ата-ана баланы жастайынан үйрету керек. Өздігінен білім алушылар үшін жат ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі жоғары.
- Шет елдерде діни білім алу қаншалықты қауіпті?
- Өзге мемлекетке барып діни білім алу үшін жастар дәстүрлі дінімізді білуі шарт. Алдымен, төрт мәзхабты айыра білуі керек. Теріс ағымдардың көбі мәзхабты мойындамайды. Елімізде діни білім беретін университет, колледж, медреселер бар. Арнайы оқу орындарын аяқтап, діни басқарманың рұқсатымен ғана шет елге шыққан абзал. Студенттер бақылауда болады. Мәселен, 2018 жылы Египетте екі айлық курстан өттім. Қазақстанның имамдары әр бес жыл сайын Түркия, Египет сынды елдерге барып, діни білімін толықтырады. Мысырда оқып жүрген бауырларымызды көрдім. Теріс ағымға кетіп қалмауы үшін араларынан басшы да сайлап қойған. Жастардың өздігінен белгісіз жерге баруы қауіпті.
- Бүгінде негізгі ақпарат көзі – интернет. Өкініштісі, әлеуметтік желіге әркім ойына келгенін салады. Жалған мәліметтердің жолында адасып кетпеу үшін не істеу керек?
- Мүфтияттың, мешіттердің ресми сайты бар. Олар күнделікті толықтырылып, жаңартылады. Жастар арасында танымал адамдардың, әншілердің уағызын ғана тыңдайтындар бар. Олардан ғалымдар туралы сұраса, бейхабар болып шағады. Ең дұрысы, елімізге белгілі ғалымдардың ғана уағызын тыңдап, ресми ақпарат көзінен ғана мәлімет алу керек.
Жазып алған: Эльмира Мәмбетқызы, СҚО