Ерекше қорғалатын аңдар, браконьері көп өңірлер туралы министрліктің жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан бойынша ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды

Коллаж: Жанар Жақсылыққызы

Бұл – киік браконьерлігіне, олардың дериватын, сондай-ақ фаунаның басқа да түрлерін сатуға және өткізуге маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейту мақсатындағы дәстүрлі шара. Акция 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

2019 жылы киіктерді заңсыз атуға қатысты 47 браконьерлік фактісі тіркеліп, 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленген. Аталған деректер бойынша 203 әкімшілік хаттама толтырылып, қылмыстық жазаға 43 заңбұзушы тартылды. Табиғат ресурстарына келтірілген шығын 3,3 млрд теңгені құрап отыр.

БИЫЛ 117 ҚЫЛМЫСТЫҚ ДЕРЕК ҚОЗҒАЛҒАН

Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстандағы браконьерлер тарапынан жасалатын қылмыстар, оларға қатысты жазалар мен инспекторлардың жағдайына қатысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министріне ресми сауалдама жолдаған болатын.

Редакция сұрақтарына жауап берген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, 2020 жылғы 9 айында браконьерлік бойынша 117 қылмыстық дерек, 6060 әкімшілік дерек анықталып, 5592 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылған. 

«2019 жылдың 9 айында 103 қылмыстық дерек анықталды, 6721 әкімшілік дерек анықталып, 6003 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылды. Бұл ретте, 2019 жылмен салыстырғанда қылмыстық құқықбұзушылық фактілерінің көбеюі байқалады. Бұл қылмыстық топтардың жолын кесу бойынша Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының жетілдірілуі, реттілігі мен жеделдігінің арқасында мүмкін болып отыр», - делінген жауапта.

Аталған фактілер бойынша табиғатқа 92 млн теңге көлемінде шығын келтірілген. Ал қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар санын министрлік құқық қорғау органдары беретінін мәлім етті.

БРАКОНЬЕРЛЕР ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПҚАН ИНСПЕКТОРЛАР МЕН ЖОЙЫЛҒАН АҢ-ҚҰС

Ағымдағы жылы браконьерлер 729 дарақ әртүрлі аң-құстың көзін жойған. Оның ішінде киіктер – 604, арқар – 2, құлан – 1, қарақұйрық – 12, бұғы – 5, бұлан – 2, тау ешкісі – 2, елік - 44, жабайы шошқа – 10, қызылжемсаулы қарашақаз – 1, аққу– 1.

2019 жылы Қарағанды облы­сының Нұра ауданы аумағында «Охотзоопром» инспекто­ры Ерлан Нұрғалиевтың сирек кезде­сетін және құрып кету қаупі төнген жабайы аңдар мен киіктерді қорғау бойынша іс-шараларды жүргізу барысында браконьерлердің қолынан ауыр жарақат алып, қайтыс бол­уы оқиғасынан кейін ғана мемлекет инспекторлардың жағдайына, браконерьлік қылмыстарға баса назар аудара бастады. Қоғамды дүр сілкіндірген Нұрғаливетің өлімінен бөлек, өткен жылы биологиялық әртүрлілікті қорғау кезінде тағы 2 инспектор қайтыс болған.

БРАКОНЬЕРЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ЖӘНЕ ИНСПЕКТОРЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ

Бір жыл ішінде үш бірдей инспектордың өлімінен соң, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікке қатысты заңнаманы күшейтуді тапсырды. Аталған тапсырманы орындау шеңберінде министрлік ІІМ және Бас прокуратурамен бірлесіп қылмыстық заңнамаға тиісті түзетулер енгізді.

Мәселен, 2019 жылғы 27 желтоқсандағы ҚР заңы бойынша браконьерлік қылмысы дәлелденген адамның мүлкі тәркіленіп, (бұрын 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болған) 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар мен қорықшыға қатысты өмірге қолсұғушылық және күш қолданғаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген. Бұрын тек құқық қорғау қызметкерлері үшін қарастырылған (ҚР ҚК 380-1-бабы).

Сонымен қатар, мемлекеттік инспектор мен қорықшыға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жаңа 380-2 бабы қарастырылған, оның санкциясы бойынша айыпты 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал инспекторлардың жағдайын жақсарту мақсатында сол жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Инспекторлардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жарақтандырудың жаңа нормативтерін» әзірлеп, Қаржы министрлігінің қарауына енгізген.

«ІІМ құқық бұзушыларды ұстау негіздері, Қылмыстық және әкімшілік заңнама нормаларын қолдану, қаруды ұстау қауіпсіздігі, тактикалық-арнайы дайындық қағидалары бойынша арнайы оқу бағдарламасын әзірледі. 2019 жылдың қараша айында және осы жылдың ақпан айында ІІМ-нің Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Қостанай қалаларындағы оқу орталықтарында «Охотзоопромның» 100 инспекторына арналған оқу курстары өткізілді. Сонымен қатар, министрлік Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты бастамашылық еткен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын әзірледі. Заң жобасы жануарларға жауапты иелік етуді және оларға адамгершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда заң жобасы мемлекеттік органдарда келісуден өтуде. Осылайша, министрліктің және оның бөлімшелерінің қызметі тұтастай алғанда біздің еліміздің биологиялық әртүрлілігін келер ұрпақ үшін сақтауға бағытталғанын айтқымыз келеді», - делінген комитеттің жауабында.  

2015 ЖЫЛЫ ЕЛІМІЗДЕ 150 МЫҢНАН АСТАМ КИІК ҚЫРЫЛҒАН

Министрліктің бізге берген мәліметінше, 2015 жылы елімізде 130 мыңнан астам киік жаппай қырылған. Ал бірқатар шетелдік басылым: «Қазақстандағы киіктің жаппай қырылуы 200 мың бас болып саналатын жануардың мүлде жойылып кетуіне ұласуы мүмкін» деп жазды.

Билогиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институты мамандары жануарлар пастереллёз ауруынан қырылды десе, келесі бір ғалымдар індетті ауру жұқтыратын кенелер таратуы мүмкін деген болжамды ұсынды. Ал кейбір белсенділердің болжамынша, киіктер ресейлік ғарыш айлағынан бөлінген гептилден уланған. Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуының себебін отандық ғалымдар да, шетелдік сарапшылар да нақты айта алмады. Бүгінгі таңда киіктерді сақтау мақсатында министрлік тұрақты күзет және мониторинг жүргізу, оларды пайдалануға тыйым салу арқылы Қазақстанда киіктер популяциясының жойылып кетуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда.

«Соңғы 20 жылда киіктердің саны 12 есе өсті және соңғы деректер бойынша 314 мыңнан астам басты құрады (есепке алу 2019 жылғы сәуірде жүргізілді, 2020 жылы пандемияға байланысты жүргізілген жоқ). Киіктердің браконьерлігіне маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметінің жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың ақпан айында біздің министрліктің, ІІМ мен ҰҚК-нің бірлескен бұйрығымен 2020 жылға арналған «КИІК» табиғатты қорғау акциясын өткізу жоспары бекітілді. Осы акцияны іске асыру шеңберінде алдын алу іс-шаралары жандандырылды, киік браконьерлігіне, олардың дериватын, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы жабайы фаунаның басқа да түрлерін өткізуге және сатып алуға маманданған бірқатар қылмыстық топтардың жолы кесілді.

Қазіргі уақытта киіктердің басым бөлігі Батыс Қазақстан облысының аумағына шоғырланған, оларды сақтау мақсатында министрлік жалпы ауданы 343040,1 га «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314504,1 га «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалын құру мәселесін пысықтауда. Ол үшін тиісті жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленді және белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтетін Үкімет қаулысының жобасы әзірленді. Қорғау шараларымен қатар жануарлар дүниесін сақтау және олардың санын ұлғайту мәселесінде пәрменді шаралардың бірі жануарларды жасанды жолмен молықтыру болып табылады», - делінген ресми жауапта.

Браконьерлер үшін киіктер ең табысты жануар болып тұр. «Охотзоопром» инспекторы Достай Балғабекұлының айтуынша, бір келі киік мүйізінің нарықтағы құны 5000 долларды құрайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда ерекше қорғауда тұрған аң – қар барысы. Оларды сақтап қалу мәселесімен Қазақтан ғана емес, басқа да мемлекеттер белсенді айналысуда. Қазақстанда қазір шамамен 120-130 бас, әлем бойынша 7 мыңдай ғана барыс бар.

БРАКОНЬЕРЛІКПЕН ЕҢ КӨП АЙНАЛЫСАТЫН ӨҢІРЛЕР

Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, Қазақстанда браконьерлікпен ең көп айналысатын бірнеше өңір бар. Атап айтар болсақ, БҚО, СҚО, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды өңірлері браконьерлік деректері бойынша көш бастап тұр.

«Инспекторлар үлкен тәуекелдерге барып, уақыт өткен сайын браконьерлермен күресті күшейтуде. «Охотзоопром» мекемесінің мамандары қазір жақсы көлікпен, қарумен қамтылған. Осы ретте олардың жабайы табиғатты қорғау жолындағы табанды еңбектерін ерекше атап өтуіміз керек. Жақында Мемлекет басшысының бастамасымен берілген орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» сыйлығының екі номинациясын осы «Охотзоопромның» еңбегімен, ерлігімен көзге түскен инспекторлары Достай Нұрбеков пен Мұрат Әлиевке бердік», - деп хабарлады.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан