Кадр тапшылығы, спортшылардың азаюы... Ақмолада қысқы спорт түрлері қалай дамып жатыр?

Автор: Azattyq Rýhy

Көкшетау, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында қысқы спорт түрлері дамыған

Ақмола облысында қысқы спорт түрлеріне көп басымдық берілген. Ел чемпионаттарында, халықаралық және әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі оралып жүрген осы өңірдің спортшылары. Дегенмен, соңғы кезде байрақты бәсекелерден медальсыз оралған, жүлдесіз қайтқан спортшылар да аз емес. Azattyq Rýhy тілшісі облыстағы қысқы спорт түрлерінің қазіргі жайы мен әзірлігін білу мақсатында Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевпен әңгімелескен еді.  

«СПОРТШЫЛАР ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕЛЕРДЕ ТОП ЖАРЫП ЖҮР»

Өңірде негізінен шаңғы және биатлон спортына басымдық берілген. Спортшылар да соған маманданған. Басқарма басшысы спорттың бұл түрін одан әрі дамытуға барлық жағдай жасалғанын айтады. 

«Ақмола облысында қысқы спорт түрлерінің ұстаханасы – Көкшетау, Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандары десем қателеспеймін. Дәл осы аудандардан шыққан спортшыларымыз дүниежүзілік додаларда ел намысын қорғап жүр. Бұл аудандарда шаңғы спортының дамуына барлық жағдай жасалған. Шаңғы базалары, жаттығу өткізетін нысандар мен спорттық атыс алаңы  заманға сай жабдықталған. Індеттің таралуына қатысты жарыс ұйымдастыруға бірқатар түзетулер енгізгенімен, әлемдік жарыстарға әзірлік тұрақты түрде өткізіліп жатыр. Оған дәлел – биатлоннан әлемдік додаға жолдама алған Ұлттық құрамадағы сегіз спортшының үшеуі біздің облыстан. Олар жақында Финляндияға ұшты. Қазір соңғы әзірлік жаттығуларын жүргізіп жатыр. Онда Әлем кубогінің ашылу кезеңі өтеді. Ұлттық құрамада біздің облыстан Анастасия Кондратьева, Алина Коломиец пен Александр Мухиндер бар. Сондай-ақ, шаңғы жарысынан да облыстың алты бірдей спортшысы әлемдік кубок кезеңдерінде бақ сынамақ. Карантин спортшылардың дайындықтарына кедергісін келтірген жоқ. Әзірлік жаттығулары облыстың бас санитар дәрігерінің нұсқауларына сәйкес штаттық режимде өткізілді. Бұйырса, спортшыларымыздан медаль күтеміз», - дейді Әсет Бүкібаев.

Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, қазір қысқы спорттың дамуына өңірде барлық жағдай қарастырылған. Облыста 11 шаңғы базасы мен биатлон спортына арналған 3 ату алаңы бар. Жалпы, облыста қысқы спортпен айналысушылардың саны 16,8 мың адамға жеткен.

«Қазір облыста 234 адам биатлон және 1 мыңнан астам адам шаңғы спортымен тұрақты айналысып жатыр. Биыл спорттық жаттығулар өткізу үшін 140 шаңғы жинағы сатып алынды. Сондай-ақ, облыста шорт-трек, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау түрлеріне мән беріліп келеді. Әсіресе, балалардың қысқы спорт түрлерімен айналысуына көңіл бөліп жатырмыз. Негізінен, спортшылар дайындықтан олимпиадалық резервте және мамандандырылған спорт мектептерінде өтеді. Облыста қысқы спорт түрлері бойынша 17 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Оған қоса, балалар «Арлан» хоккей клубының корттарында жаттығады. Жас ерекшеліктеріне қарай 6 топқа дайындық жүргізіледі. Жалпы, өңірдің барлық аудандарында шаңғы жарыстарына әзірлену базалары мен хоккей корттары бар. Облыс спортшылары биатлон және шаңғы жарыстарынан елімізді ірі халықаралық додаларда, олимпиадалық ойындар мен әлем чемпионаттары мен универсиадаларда қорғап келеді», - дейді басқарма басшысы.

КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП ТҰР

Басқарма басшысы қысқы спорттың дамуын тежейтін бірқатар проблемалардың бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, кейбір факторларға сәйкес, облыста қысқы спорт түрлеріне қатысатын спортшылардың саны едәуір азая түскен.

Басқарманың статистикалық дерегіне сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда шаңғы жарыстарына қатысатын спортшылардың саны 27 адамға, шорт-тректен 93 адамға, конькимен жүгіруден 80 адамға дейін азайып кеткен. Сондай-ақ, шайбалы хоккейге қатысатын спортшылардың да қатары 46 адамға азайған. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жағдайға негізінен, Атбасар, Астрахан, Целиноград аудандарындағы ауылдық округтерде әдіскерлердің штаттық бірлігінің қысқаруы себеп болған. Оған қоса, қысқы спорт түрлерінен жаттықтырушы кадрлардың тапшылығы да күрделі мәселеге айналған.

«Биыл спорт мектебінде мәнерлеп сырғанау және трамплиннен секіру бөлімдерін ашуды жоспарлағанбыз. Бірақ жаттықтырушы кадрлар мен арнайы мамандардың болмауы аталған істі жүзеге асыруға мүмкіндік берер емес. Біз аталған спорт түрлері бойынша федерацияларға бірнеше мәрте жүгініп, жаттықтырушылар мен арнайы мамандарды жіберуін сұрадық. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Щучинск қаласындағы трамплиннен секіру спорты бойынша Шығыс Қазақстан облысынан арнайы маман шақырттық. Бізге оның осында тұрақты болғаны керек емес. Жаттықтырушыларымызға қажетті кеңесін беріп, үйретіп отырса болды. Шорт-трек спортынан жаттықтырушы мен мамандар жетіспейді», - деп тоқталды Әсет Бүкібаев.

Басқарма басшысы Щучинск қаласындағы заманауи шаңғы базасының ашылуы қысқы спорт түрлерінің дамуының біршама тың серпін бергенін атап өтті.  

«Щучинск қаласындағы республикалық шаңғы базасы алдағы уақытта қысқы спорт түрлерінен жақсы дайындық жасауға мүмкіндік бермек. Енді шаңғы жарыстары мен биатлон бәсекесіне дайындық осы базада өтеді. Мұнда ұзындығы 4585 метрлік шаңғы-биатлон трассасы мен 7 шақырымдық роллерлік трассасында жыл бойы жаттығу өткізуге болады. Бүгіннен бастап шаңғы жарысынан ел біріншілігі басталды. Пандемияға байланысты наурыз айына белгіленген чемпионат кейінге қалдырылған. Шайбалы хоккей спортын көтеру мақсатында облыста 2009 жылы «Арлан» хоккей клубы құрылған. Олар 2018-2019 жылдары континентальдық кубок жеңімпазы атанса, 2019-2020 жылы Қазақстан клубтары арасында көш бастаған. Жалпы, облыста шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанаудан спортшы дайындау үшін спорт сарайында мұз айдыны тұрақты қызмет етеді. 174 хоккей кортының 127-і ауылдық жерлерде орналасқан. Оның ішінде 5 жабық хоккей корты бар», - дейді басқарма басшысы.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы