Бүгін – Халықаралық зағиптар күні
Мәрлен Сарымсақов – Петропавл қаласының тұрғыны. 28 жасында сәтсіз жасалған отадан кейін көз жанарынан айырылған. І-топ мүгедегі атанған қайсар жанды басына түскен қиындық мойытпай, керісінше, қайрай түскендей. Жағымсыз оқиғадан кейін Қарағанды мемлекеттік медицина университетін тәмамдап, дефектолог маман атанған. Массаж кабинетін ашып, кәсіпкерлікпен айналысқан. Бүгінгі күні дәрігер Петропавл қалалық №2 емханасында мыңдаған жанның дертіне шипа тауып жүр. Массажист маманмен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
СӘТСІЗ ЖАСАЛҒАН ОТА КӨРУ ҚАБІЛЕТІНЕН АЙЫРДЫ
15 жасында абайсызда алған жарақат Мәрлен Сарымсақовты сол жақ көзінің көру қабілетінен айырады. Жасөспірімге Алматы қаласындағы Көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институтында 3 рет ота жасалады. Қиындықтарға қарамастан кейіпкеріміз жұрт қатарлы орта мектепті аяқтап, Петропавл медициналық училищесіне түседі. 1995 жылы мейірбике ісі мамандығымен бірге, массаж жасау курсын меңгеріп шығады. Диплом алған соң маман Петропавл емханаларының бірінде еңбек жолын бастайды.
1999 жылы Мәрлен Кәкібайұлын екінші көзі мазалай бастайды. Көздің ішкі қысымының жоғары көтерілуі – глаукомаға шалдықтырады. Тағы да алыс сапарлар мен операциялар басталады. Соңғы рет 2003 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында «Көз микрохирургиясы» орталығында жасалған сәтсіз ота оны көру қабілетінен біржола айырады.
«Бұл оқиғадан кейін жарты жыл бойы үйде отырып қалдым. Ерік-жігерім мені қалыпты өмірге қайта алып келді. Зағиптар қоғамына бардым. Олар спортпен шұғылдануға кеңес берді. Бала кезімде дене шынықтыруды жақсы көретінмін. Сондықтан суда жүзу, жеңіл атлетикамен айналысуды бастап кеттім. Ол еш қиындық тудырған жоқ», - дейді ол.
Мәрлен Сарымсақов – 2008 жылы жеңіл атлетикадан ҚР спорт шебері атанады. Суда жүзуден көптеген сайыстарға қатысып, бас жүлдені иеленген.
Петропавл қаласындағы моншалардың бірінде массаж кабинетін ашып, қызмет көрсеткен. Осылайша, қажырлы еңбек пен спорттың арқасында қалыпты өмірге оралған.
ҚАЗАҚСТАНДА ЗАҒИП БАЛАЛАРДЫ ОҚЫТАТЫН МЕКТЕП ТАПШЫ
Мамандардың айтуынша, әлемде көру қабілеті нашар адамдар саны жыл сайын артып келеді. Оның басты себебі – гаджеттер мен қозғалыстың аздығы. Елімізде олардың білім алып, қоғамға бейімделуіне толыққанды жағдай жасалмаған.
«2005 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Дефектология» мамандығына түстім. Лекциялардың барлығын аудиоға жазып алатынмын. Брайль қарпімен жазылған оқулықтар арқылы білім алдым. 2008 жылы жоғары білімді маман атандым. Бірақ екінші диплом бойынша жұмыс істеп көрген емеспін. Мамандығым көру кемістігі бар балалармен жұмыс істеуге арналған. Қазақстанда ондай білім мекемелері саусақпен санарлық», - дейді ол.
КӨМЕК СҰРАУШЫЛАРДЫҢ ДЕНІ – ОСТЕОХОНДРОЗҒА ШАЛДЫҚҚАН
Мәрлен Сарымсақовтың жұмыс кестесі тығыз. Күніне 20-30 науқасты қабылдайды. Маманнның айтуынша, емделушілердің деніне остеохондроз диагнозы қойылады. Білікті маманға кезекке тұратындар көп. Пациенттер оның кәсіби шеберлігі жайында тек оң пікір айтады.
«Қазір адамдар аз қимылдайды. Үйден шығып көлікке отырады, көліктен шығып жұмысқа кіреді. Онда да компьютердің алдынан тапжылмайды. Осының кесірінен семіздік белең ала бастады. Ол неше түрлі аурулардың туындауына алып келеді. Остеохондроз да сол аз қимылдаудың салдарынан пайда болады. Қазір ол әрбір төртінші адамның денсаулық проблемасына айналған», - дейді Мәрлен Кәкібайұлы.
Массажисттің 20 жыл еңбек өтілі бар. Бірнеше жыл бұрын ашқан массаж кабинетін өткен жылдың желтоқсанында жабуға мәжбүр болыпты. Ендігі жоспары – пандемия аяқталып, әлем қалыпты өмірге оралған соң, оның жұмысын қайта жандандыру.
ТҰҢҒЫШЫ ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРДЫ
Марлен Сарымсақов жұбайы Радия екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғышы Сандуғаш әке жолын жалғап, мейірбике мамандығын таңдаған. Петропавл қаласындағы медициналық училищенің түлегі шаһардағы емдеу мекемелерінің бірінде жұмыс істеп жүр. Ал үйдің кенжесі Тамерлан 8-сынып оқушысы.
«Бастапқыда көшеде жалғыз жүру қиын болатын. Кейде адасып, өзгелерден көмек сұрайсың. Қазір мемлекет әрбір зағип жанға көмекші береді. Оларға жалақы төленеді. Менің көмекшім – жұбайым. Жұмысқа алып барады, үйге алып келеді. Құжат рәсімдеу сынды тағы басқа шаруаларды еш кедергісіз тындырып келуге болады», - дейді Мәрлен Кәкібайұлы.
Өмірдің кішкентай ғана сынағын көтере алмай, проблеманың шешуін шөлмектен іздейтіндер қаншама?! Басына қандай қиындық түссе де ерік-жігері мұқалмаған біздің кейіпкер – көпке үлгі боларлық жан.
БҮГІН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҒИПТАР КҮНІ
1745 жылдың 13 қарашасында Францияда белгілі педагог, Париж және Петербург қалаларында зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаушы Валинтин Гаюи дүниеге келген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен оның туған күні Халықаралық зағиптар күні деп белгіленген. Әлемде ХVІІІ ғасырға дейін зағиптарға арналған мектеп болмаған. Валинтин Гаюи өз қаражатына Францияның Париж қаласында 1784 жылы «Еңбекқор зағип жандардың шеберханасы» деген атпен мектеп ашқан. Ал бұл білім ордасының ең бірінші шәкірті шіркеу маңында қаңғып жүрген Франсуа де Лезюер есімді бала еді. Бұдан кейін мектепке Франсуамен қатарлас көшеден жиылған 11 бала келіп қосылған. Гаюи өзінің ойлап тапқан «унциала» әдісімен балаларды оқытуды бастап кеткен кезде, қаржы мәселесі деген үлкен проблема болады.
Сол қиындыққа қарамай, жанашыр ұстаз зағиптарға арнап «унциал» рельефті-сызықты қаріппен жазылған кітап шығарады. Бұл кітап Брайльдің бұдан да пайдалырақ атақты кітабы шыққанша кең қолданыста болған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО