Қазақстан командалық түрде садақ атудан Олимпиадаға 20 жылдан кейін оралды

Автор: Azattyq Rýhy

Команда мүшесімен сұхбат

Суретте: Ильфат Абдуллин

Олимпиада ойындарында садақ атудан Қазақстанның командалық түрде төбе көрсетпегеніне жиырма жылдан асқан екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін отандық спортшылар 2019 жылы әлем чемпионатына қатысып, Токиода өтетін олимпиада сайысына лицензияны жеңіп алды.

Биыл өтуі тиіс болған олимпиада ойындары пандемияға байланысты келер жылға қалды. Демек, 2021 жылы араға 20 жыл салып Токионың төріне садақ атудан қазақстандық команда өнер көрсетеді. Azattyq Rýhy тілшісі топтық бәйгеде додаға түстетін спортшылардың бірімен арнайы сұхбаттасты. 

Ильфат Абдуллин - классикалық садақ ату бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 1988 жылы 9 қаңтарда Алматы облысында дүниеге келген.

- Ильфат, садақ ату спортына қашан және қалай келдіңіз?

- Мектеп кезінде ағамның жақын досы осы спорт түрімен айналысқан. Сол досының үйіне барып, жеңген медальдарын, шетелдегі жарыстарға қатысқан естелік фотоларын көріп, осы спорт түріне қызығушылығым ояна бастады. Артынша садақ ату туралы кеңірек сұрастырып, зерттей бастадым. Осылайша жетінші сынып бітіргеннен кейін, дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына оқуға түстім.

- Кәсіби түрде қай кезден бастап айналысасыз?

- Кәсіби түрде садақ атумен 2015 жылдан бастап айналысамын. Ол кезде университетте бірінші курста оқитынмын.

- Алғашқы жарысыңыз жеңістен басталды ма, әлде жеңілістен бе?

- Кәсіби деңгейде ең алғаш рет садақ атушылардың жекелей жарысына қатыстым. Өкінішке қарай, алғашқы додам жеңілістен басталды. Бірақ ол жерде командалық түрде екінші орын алдық.  

- Садақ атудың өзге спорт түрлерінен артықшылығы неде?

- Бұл спортта ауа райы, садақтың техникалық жағдайы және спортшының көңіл-күйі маңызды рөл ойнайды. Әдетте садақ ату сырт көзге оңай болып көрінеді. Бірақ, психикалық және техникалық түрде өте күрделі спорт түріне жатады. Садақ ату спортында көп нәрсе физикалық жағынан бұлшық еттердің қозғалысына байланысты орындалады. Сондай-ақ, жүрек соғысы мен дұрыс тыныс алу өте маңызды. Жалпы, садақ ату барысында денедегі барлық бұлшық ет жұмыс істейді. Спортшының физикалық күйі жақсы болуы керек.

- Неге Қазақстан садақ атудан командалық деңгейде 20 жыл бойы Олимпиада ойындарына қатыса алмады?

- Олимпиаданың жекелей сайыстарына 1-2 спортшы қатысқан. Өкінішке қарай, командалық түрде лицензия ала алмағанына көп болды. Дегенмен, 2014-2015 жылдардан бастап еліміздің садақ атудан командалық дамуы біршама ілгеріледі. Нәтижесінде міне, бұйырса, 2021 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына қатысамыз. Бұл біз үшін де, ел үшін де үлкен жетістік.

- Қазір ұлттық құрамда (командада – авт.) қанша спортшы бар? Жалпы команда туралы қысқаша айтып берсеңіз...

- Қазір классикалық садақ ату түрінен жасақталған ересектер командасы сапында 5 адам бар. Команда үлкен еңбек пен жаттықтырушылардың арқасында жасақталды. Командадағы ең үлкені әрі тәжірибесі мол - Денис Ганькин. Оның садақ ату спортымен айналысып жүргеніне 18 жылдай уақыт болды. 2012 жылы жекелей сында Лондон Олимпиадасына қатысты. Олимпиадада жекелей сатыда өнер көрсеткен тағы бір спортшымыз бар, ол - Сұлтан Дүзелбаев. Жалпы, бір-бірімізді 10 жылдан бері танимыз. Кез келген сайыста бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тілекші болып отырамыз. 

- Токио олимпиадасына лицензияны қашан алдыңыздар? Жалпы, бұл күтпеген жағдай болды ма, әлде сенімді болдыңыздар ма?

- Токио олимпиадасына лицензияны 2019 жылы Нидерланд мемлекетінде өткен әлем чемпионатында ие болдық. Жарысқа қатысу үшін біраз тер төктік. Соның арқасында командамыз жақсы деңгейге жетті. Өзімізге сенімді болдық.

- Олиипиадаға дайындық қалай? Күнделікті жаттығу неше сағатқа созылады?

- Токио олимпиадасына дайындығымыз 70% жақсы өтіп жатыр. Қазір Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында оқу-жаттығу жиынындамыз. Күнделікті физикалық түрде және садақпен 7 сағаттан жаттығамыз.

- Олимпиадада бақ таласатын қарсыластарыңыз туралы хабардарсыз ба? Қанша команда бақ сынайды?

- Пандемияға байланысты олар туралы әзірге бізде ешқандай ақпарат жоқ.

Ұлттық құрама: Ильфат Абдуллин, Денис Ганькин, Сұлтан Дүзелбаев

- Дегенмен садақ атудан қай елдердің командасын фаворит санайсыз?

- Жалпы, садақ атудан Оңтүстік Корея, Қытай, Нидерланд елдерінің командалары үздік саналады. Расымен де, олардың спортшылары осал емес.

- Алдағы олимпиадада қазақстандық командасының мүмкіндігі қандай? Жеңіске деген үміт қаншалықты басым?

- Олимпиадада қазақстандық команданың мүмкіндігін жақсы деп айтсам болады. Физикалық және психологиялық күйді жоғарғы деңгейге жеткізсек, олимпиадада жеңіс тұғырынан көрінеміз деген үміт бар.

- Бұл спортта кімді үлгі тұтасыз? Кімге қарап бой түзедіңіз?

- Бұл спортта өз командамыздағы тәжірибелі әріптестерімді үлгі тұтамын. Өйткені, олар осы деңгейге үлкен еңбекпен жетті.  

- Елімізде садақ ату спорты түрінен спортшыларға жақсы жағдай жасалған ба?

- Біз жаттығып жатқан «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығындағы база әлемдік деңгейдегі талаптарға сай салынған. Барлығы цифрландырылған, дайындық алаңында мін жоқ деуге де болады.

- Уақыт тауып, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет! Сәттілік!

Жазып алған: Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан