Қазақстандағы діни білім беру моделі, медреседегі ағартушылық пен оқулықтар жайында сұхбат
Қазақстанда 3000-нан аса мешіт бар. Әрбір мешітке кемі 3 кәсіби маман қажет десек, орташа есеппен, елімізге 9 мың жоғары діни білімі бар маман даярлау керек.
Azattyq Rýhy тілшісі отандық жоғары оқу орындары діни мамандарды қалай даярлап жатыр, елдегі діни оқулықтар жеткілікті ме, Қазақстанның діни білім беру моделі қай елдің негізінде жасалған деген сұрақтарға елімізге белгілі дінтанушы, теология ғылымдарының докторы Балғабек Мырзаевпен бірге жауап іздеді.
ДІНИ БІЛІМДІ ЖАСТАР НЕГЕ ШЕТЕЛДЕН АЛУҒА ҚҰМАР?
- Балғабек мырза, Қазақстандағы діни білім беру моделі қай елдің негізінде жасалған?
-Бүгінгі күні діни білім берудің қазақстандық өзіндік моделі қалыптасуда деп айта аламыз. Бірақ та, оны белгілі бір елдің білім беру жүйесіне негізделді деп айту орынды бола қоймас. Кез келген елдің діни білім беру үрдісі сол елдің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес қалыптасады. Әлбетте, оны жасау үшін діни білім беру жүйесі едәуір дамыған шет елдердің тәжірибелері зерттеледі. Бізде оның қалыптасу моделіне Өзбекстанның, Түркия мен Египеттің діни білім беру жүйесі көбірек назарға алынды. Оның басты себебі – біздегі діни білім беру саласындағы мамандардың көпшілігі осы елдерде оқып, білім алып келген азаматтар. Шетелдердегі ислами оқу орындарында білім алғанның пайдасы - адамның ой өрісі кеңейеді, яғни салыстыра отырып пайдалы және зиянды тұстарын ажырата білуге ықпалын тигізеді. Бүгінгі күні сол мамандар елдегі діни ахуалдың жай-күйін әбден меңгеріп, діни білім берудің отандық моделін қалыптастыруға белсене араласуда.
- Неге екені белгісіз, әлі күнге дейін жастарымыз діни білімді шетелден алғанды жөн санайды. Біздегі оқу орындары жастардың талабын қанағаттандыра алмай ма?
-Осыдан 8-10 жыл бұрын еліміздегі діни білім беру мекемелеріне сұраныс күшті емес еді. Оның басты себебі – жоғары білікті дін мамандарының жетіспеушілігі болатын. Бүгінгі күні Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті сапалы оқытушы-профессорлар құрамымен қамтамасыз етіліп отыр. Ал, медреселердің білім беру базалары мен мамандары әлі де жетілдіруді талап етеді деп санаймын. Әрине, білім беру жүйесі қоғамның, заманның дамуына аяқ ұйдырып, үздіксіз жетілдіруді талап ететін дүние. Мысалы, Кеңестік дәуірде қоғам Құран оқитын, жаназа шығаратын дін маманына мұқтаж болды, сәйкесінше егемендіктің алғашқы жылдарында мешіт-медреселер сол бағытқа көбірек мән берді. Біртіндеп, қоғамның діни сауаты арта бастаған соң діннің құқықтық мәселелері ортаға шыға бастады. Сол кезде діни білім беру жүсесі оған дер кезінде жауап бере алмады. Нәтижесінде, ненің дұрыс ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын жаңа буын жаппай шетелдік діни оқу орындарына кете бастады. Оның соңы неге апарып соқтырғанын 2000 жылдары көрдік. Осыдан кейін елімізде діни білім беру жүйесі мемлекет тарапынан реттеле бастады. Медреселер мемлекеттік тіркеуден өтіп, діни білім беру бағдарламасы лицензия арқылы жүзеге асырыла бастады. Университтер мен медреселердің оқу бағдарламалары ҚР білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу стандарттарына сәйкес жасалуда.
- Жастардың діни білімді шетелде алуы жат ағымдардың жетегіне еріп кетуіне себепші болмасына кім кепіл?
- Егер ешқандай діни білімі жоқ азамат сыртқа шықса, экстремизм, радикализм сынды діннің шектен шығуына алып барады. Саудияның діни ұстанымы қаталдау деп айта аламыз, Мысырдың өзінде де радикализм проблемалары бар. шетелдерге оқуға барудың да өзіндік шарттары болуы керек деп санаймын. Мысалы үшін, оңы мен солын ажырата алмай тұрып шетелде діни білім алуға жіберуге болмайды. Бір кездері барған жерінде күмәнді оқу орындарына түсіп, елге қайтып келген соң елдің тыныштығына сызат түсіргендер де сондайлардан басталған еді.
МЕДРЕСЕДЕГІ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ ҚАНДАЙ?
- Ал медреселердегі діни білім қалай берілуде?
-Медреседе біраз проблема әлі де бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, «Қазақстан тарихы», «пәлсапа», «математика» сынды пәндерді оқытатын мамандарды жергілікті білім басқармалары қамтамасыз етуі керек. Мемлекет зайырлы пәндерді оқытуді міндеттеген соң, оны оқытатын мамандарға бас ауыртып, олардың жалақысы мәселесін шешіп беруі керек. Медресе толық штатқа ондай маманды қабылдауға қаржылай мүмкіндігі жоқ болғандықтан, қосымша жұмыс жасауға келіседі. Ал мұның кемшіліктері өз алдына бір бөлек. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі медреселерге колледж мәртебесін берген соң басқа да колледждер (медицина, педагогика, т.б.) секілді медресе-колледждердің де шығындарына қаражат бөлуі қажет. Оқытушылардың жалақысы, ғимараттардың су, жарық, жылу және басқа да коммуналдық шығындары медреселер үшін ауырлық тудыратыны белгілі. Медресе басшылығы осы үшін кәсіпкерлердің артынан қаржы сұрап тіленіп жүрмеуі керек.
- Ауылдық жерлерде діни сауаттылық деңгейі төмен деп жатамыз. Мұның себебі неде?
- Ауылдық жерлерге әлеуметтік проблемалар шешілмегендіктен білікті мамандар барғысы келмейді. Нәтижесінде сол ауылдағы дінге икемділеуін молдалыққа амал жоқ тағайындайды. Бұл проблема қазір де бар. Мысалы, ауылдық жерлерге ешкім бармайды. Өйткені ауылдық жерде күн көру мәселесі бар. Мемлекет тарапынан діни қызметтегілерге ешқандай жалақы бермейді. Заң бұған мүммкіндік бермейді. Имам мешітке түскен ақшадан ғана ол өз күнін көреді. Ауылдық мешітте айына 10 мың түсуі мүмкін, оған мешіттің жылуы, жарығын қосыңыз. Сондықтан ауылдарға жоғары білімі бар дін мамандары бармайды. Тек сол жерде туып-өскен, үйі мен мал-жайы бар болмаса, күн көру мүмкін емес. Көпшілік имамдар қосымша такси жүргізушісі, от жағушы тағы басқа сол секілді қара жұмыста жұмыс істейді, ол кісілерге де отбасыларын асырау қажет. Әлі күнге дейін шешілмеген имамдардың проблемасы бар. Мемлекет немесе діни басқарма арнайы қор құрып, имамдардың жалақысын түбегейлі шешпесе, бұл мәселе өзекті болып қала береді.
ДІНТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ОҚУЛЫҚТАР МЕН ЗАЙЫРЛЫ ПӘНДЕР
- Дінтану саласына қандай дисциплинарлы пәндерді енгізу қажет деп ойлайсыз және қайсы пәндерді алып тастаған дұрыс?
- Мен өзім білім алған Түркия елінің тәжірибесін айта кетейін. Ол жақта «имам-хатиб» лицейлері бар. Бұл оқу орындарының басқа лицейлерден айырмашылығы, бәріне ортақ негізгі пәндермен қатар, діни пәндердің де оқытылуында, яғни, олар қарапайым лицейлерге қарағанда күнделікті сағаттары көбірек және ұзақ болады. Біздегі медреселерге колледж статусын бергеннен соң оларға 9-шы сыныптан бастап шәкірт қабылдауға рұқсат берілсе оқуға түсуге деген бәсекелестік те күшейеді. Қазіргідей, тек 11-ші сынып бітіргеннен соң ғана оқыту білімді жастардың қызығушылығын туғызбайды. Осыны ескеруіміз керек. Зайырлы пәндердің көпшілігінің оқытылған дұрыс. Себебі әлі күнге дейін аудандық, ауылдық, тіпті, облыстық жерлердегі жиында әкімдерден кейін, ел алдына шығып сөйлейтін екінші адам – имам. Діни пәндер мен зайырлы пәндерді қатар алып жүруде салмақ көптеу болуы мүмкін. Бірақ білікті маман болу үшін діни білімді де, зайырлы білімді де қатар меңгеру керек. Ертең оқуды бітіргеннен кейін, елдің алдына шығып, уағыз айтып, насихат жұмыстарына қатысады. Осыларды ескергенде медресені бітіріп шыққандар зиялы қауыммен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алуы керек болады. Имамның абырой-беделін көтеруі үшін халыққа шариғат шеңберінде «намаз оқыңдар», «ораза ұстаңдар» дегеннен пайда аз. Сол үшін зайырлы пәндерді тереңірек оқып, дүниетанымын кеңейткендері абзал болады.
Олар біздің тарихымызды, мәдениетімізді білуі керек. Ата-бабаларымыз дінді қалай ұстанғанын білулері тиіс. Тек шариғатты ғана емес, физиканы, математиканы, тарихты, саясатты, спортты бір кісідей білуі тиіс. Яғни, дін адамы өзінің жамағатының көшбасшысы бола білсе ғана жастар оны тыңдайды, соңынан ереді. Жұртты имандылыққа шақырумен қатар, өнер-білімге де шақыруы керек. Ыбырай Алтынсарин атамыз «өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» деп айтып кеткендей, тек қана шариғатпен алысқа бара алмаймыз. 8 ғасырдағы ата-бабаларымыз дінді мықты білгені үшін емес, ғылымды насихаттап зерттеп жаңалық ашқаны үшін әлемге әйгілі болды. Дін ғұламасы А. Ясауйдың Диуани Хикметінің өзі шариғатты емес, адал еңбек, адал ас, ана тілін насихаттады. Сондықтан, қазақ даласынан шыққан дін ғұламалары, ғалымдар терең зерттеліп, насихатталуы керек. Олардың өнегелі жолы үлгі болуы керек. Тәңіршілдер біздің қоғамымызды ең әлсіз болып келетін осы тұстан ұрып жатыр. Арабқұлдар араптың діні мен солардың адамдарын дәріпьейсің, неге өзімізден шыққан ғұлама жоқ па не деп! Демек бұл бағыттағы жұмыстар жеткіліксіз болып отыр.
Суретте: Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университеті
- Дін саласындағы оқулықтардың жағдайы қалай, көңіл толарлықтай ма?
- Бізде қазақ тілінде жазылған дайындалған базалық оқулықтар өте аз, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Бірен-саран мамандар тарапынан аударылған кітаптар бар, бірақ бұл жұмыстар да жүйелі емес.
- Сонда аталған пәндерді қалай оқытады?
- Ол пәндерді арабша білетіндер арабша кітаптардан алып оқытады, түрікше білетіндер түрікшеден алып үйретеді. Өзбекше білетіндер сол тілден алады. Қазақстанда оқулық дайындау проблемасы әлі шешілген жоқ. Сондықтан діни оқулықтар дайындауға басын көбірек ауыртса орынды болар еді.
- Ол оқулықтарды дайындайтын мамандар жоқ па, әлде басқа кедергілер бар ма?
- Дайындайтын мамандар жетеді. Қазақстанда, Өзбекстанда, Мысырда, Түркияда оқып келген қаншама мықты мамандар бар. Солардың бәрінің басын қосып, бізге қандай еңбектер керек деп, мысалы, фиқһ бойынша ең мықты бес кітапты, тәпсір бойынша бес кітапты, ақида бойынша бес кітапты қазақшаға аудартып, осылайша кемі елу кітап аударылып, оқу орындарына таратылса, бұл бір үлкен жұмыс болар еді. Бұған әлеуетімізде жетеді. Қазақстанда үш мың имам бар, олардың мыңға жуығы жоғары білімді. Бір маман күніне 1 бет аударма жасаса, соның өзінде жылына бірнеше оқулық шығарып тастауға болады. Осы жоғары білімді мамандардың басын біріктіріп, кітап аудартуға қажетті оқулықтарды дайындауға бел шеше кірісу керек деп есептеймін.
-Неге осыны қолға алмасқа...
- Мұны жоғарыдан қадағалап басшылық жасамаса болмайды. Негізінен дін жолын ұстану, дінге қызмет дегеніміз байлықтан, салтанатты өмірден бәрінен баз кешіп, ахиреттік өмір үшін осы дүниеде қарапайым өмірді таңдау деген мағына береді. Бұл жол – ары таза, иманы мықты, тура жолдан таймайтындардың жолы. Осы жолдан тайып кеткендер тек өзіне ғана емес тұтастай исламға кір келтіретінін ұмытпауы керек. Ясауидің, Фарабидің, Бирунидің, Хорезмидің, Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжан Жұмабаевтың, Бауыржан Момышұлының ғылымға, рухани-өнегелік құндылықтарға толы еңбектерін оқыған адам ұлтқа қызмет жасайды. Шариғат ахиретіңді құтқару үшін қажет болса, білім мен ғылым отаныңды қорғау үшін керек. Екеуі де маңызды, отанды қорғау одан да маңызды. Пана болатын елің жоқ жоқ болса сен ешкім емессің. Соны түсінуіміз керек.
Айжан ҚАЛИЕВА, Нұр-Сұлтан