Психологпен сұхбат
Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығының психологы Нұргүл Рүстемнің теріс идеология құрбанына айналған қыз-келіншектермен жұмыс жасап жүргеніне үш жылдан асқан.
Аталған жылдар аралығында түрлі тағдырдың куәсі болып, оқ пен оттың ортасынан келген қаракөздерімізді тура жолға бағыттап жүрген психологпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасып, жат ағымның жетегіне көбіне кімдер еретіні, олардың әлеуметтік портреті қандай екені жайлы сұраған еді.
Нұргүл зерттеу орталығындағы жұмысын колл-орталықта кеңес беруден бастаған. Айтуынша, орталыққа хабарласатын қыз-келіншектерді алаңдататын мәселе - талақ еткен күйеулерінен алимент өндіру, тұрақты жұмыс табу, ең бастысы – өзін тұлға, әйел ретінде сыйлауды үйрену.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығында әйел кісілермен әйел мамандар, ер кісілермен ерлер сөйлеседі. Оның үстіне, дін ұстанған адамдар бөтен ер немесе әйел адамдармен ашылып сөйлесе бермейді. Әйел адамдар көбіне орталыққа рухани қолдау көрмей, тұрмыстан әбден қажып кеткен кезде тыңдайтын жан іздеп, кеңес немесе материалдық көмек сұрап келеді. Орталығымызға келуші әрбір адамға әлеуметтік, психологиялық, діни кеңестермен бірге мүмкіндігінше материалдық көмектер де қарастырылады. Біз (психологтар – авт.) ақыл айтушы емеспіз, біз тек бағыттаушымыз. Алдымызға келген адамның ішкі сырын тыңдап, дұрыс бағыт беруге тырысамыз. Мұнда келуші қыз-келіншектерді ең жиі мазалайтын мәселе – отбасылық қарым-қатынас, жұбайлар арасындағы түсінбеушілік, салқындық және күйеуінің хақысын бермеуі төңірегінде. Дін мәселесіне қатысты сұрақтарға арнайы теологтар жауап береді», - деп атап өтті психолог.
«САУАТЫ ТӨМЕН ЖӘНЕ ЖИІ НЕКЕЛЕСЕДІ»
Үш жыл ішінде жүздеген қыз-келіншекті қабылдаған маман жат ағымның құрбаны болған қыздардың портреті бір-біріне ұқсас келетінін айтады.
«Жат ағымға ерген қыздарды алаңдататын тұрмыстық, психологиялық мәселелер күнделікті қыз-келіншектердікіндей. Олардың көпшілігінің намаз оқып, орамал тақпайтын қыздардан бір айырмашылығы - қарапайым ғана базалық сауатының төмен болуы. Себебі, олардың дені алып-ұшып тұрған жасөспірім шағында мектепті тастап кеткен. Одан бөлек, олар жиі неке құрады. «Жалғыз жүруге болмайды» деген ұстаныммен жүретін олар күйеуімен ажырасқан үш айдан соң міндетті түрде келесі азаматқа шығуы керек. Осындай түсінікпен кейбірі бірнеше жыл аралығында 9-10 еркекпен некелесіп, талағын алып жүре береді. Балаларының да әкелері әртүрлі. Одан қалды, сол қыздарды талақ етіп жатқан жігіттердің бәрі бірдей алимент төлемейді. Жат ағымда жүрген ерлер де әйелінің қақысын бермейді. Басым көпшілігінің некесі тек шариғат тұрғысынан қиылған, құжат жүзінде ештеңе жоқ. Соған қарамастан, орталыққа жүгінуші келіншектер алимент өндіруді қалайды. Себебі баласын баға алмайды. Одан бөлек, дін жолындағы қыздар ерлер бар жерде жұмыс істегісі келмейді. Көпшілік ортада бейімделуі қиын, сол себепті хижама жасау, тек қыздар келетін сән салондары, онлайн сауда орындарында, арзан дүкендерде жұмыс істейді. Ол орындарға да тек өз жамағатын жинайды. Әрқайсысының өз «ахилары», «ухтилары» болады. Соларды тарту арқылы бір-біріне көмектесіп, өзара демеушілік жасайды», - деді Нұргүл Рүстем.
Маманның айтуынша, жат идеологияның құрбанына айналғандардың көбі - орыстілділер.
«Дәстүрлі дінімізді бойына дұрыс сіңірмеген жас қыздарымыз өтпелі кезеңде адасып жатыр. Әңгімелерінің дені «Сауда жасап жүрген кезімде бір сестрам бір ахи жігітпен таныстырды» деп басталады. Содан соң ол жігіттер «Мен сені Меккеге, Мәдинаға, анау Египетке апарамын» дейді. Осылайша жас қыздар діни романтикаға беріліп, жеңіл өмір сүруді аңсап, жаңағы жігітке еріп кетеді. Байқағаным, жат ағымға еретіндердің көбі - орыстілді жастар. Сириядан келгендердің 70%-ы орыстілді, оларға ата-әженің мектебі, ата-анасының махаббаты жетіспеген. Сауаты төмен болғандықтан, үй күтуші, бала бағушы болып жұмыс істейді. Сөйтіп жүріп намазхан еркектердің үшінші, төртінші, тіпті, бесінші әйелі болып кетіп жатқандар бар», - деді ол.
Орталыққа келетін әйелдердің тізімін мамандарға Нұр-Сұлтан қаласының дін істері басқармасы береді. Солардың бірі – ұзақ уақыттан бері кеңес алып келе жатқан Сара (аты-жөні өзгертілді – авт.).
«Сара атты бірнеше жылдан бері тұрақты кеңес алып жүрген пациентім бар. Оның бауырлары жат ағымдағы көзқарасты ұстанушылар. Ол бізге келіп емделіп тұрғанымен, үйіне барғанда ағаларының ықпалына түсіп кетеді. Оның да бойында басқа қыз-келіншектердегідей балалық шағында алған жарақаты бар. Сараның күйеуі де жат ағымға еріп, Сирия аспақ болған жерінен қамауға алынған. Біз онымен қанша жұмыс істесек те, ішіне жасырғаны бар. Жолдасымен медреседе оқып жүргенде танысқан. Басында бәрі жақсы болған, кейін жолдасының ұстанымы өзгеріп, шектеу қоя бастаған. Күйеуі тарапынан жасалған қысым салдарынан тұңғыш ұлы мүгедек болып туған. Күйеуі өзімен бірге отбасын алып, Сирия аспақ болғанда орта жолда ұсталып, темір торға қамалады. Бүгінде Сара өзін әйел ретінде, тұлға ретінде сыйлауды үйреніп жүр», - деді Нұргүл Рүстем.
Қызмет бабымен түрлі тағдыр иелерінің басынан өткенін тыңдап жүрген Нұргүл ханым кейбір қыз-келіншектермен құрбысындай етене араласып кеткенін айтты.
«Әрбір жұмыстың өз қиыншылығы мен қызығы болады ғой. Жаңағы қыз-келіншектерге дұрыс бағыт беру үшін олардың басынан кешірген оқиғасын түгел тыңдап, бірге жылап, бірге күліп, біраз уақыт өткен соң құрбы болып кететін кездер болады. Олардың біреуі ауруханаға баратын болса, жанында бірге жүреміз, алдын ала дәрігерге жазылып, сауатты маман тауып береміз. Бізге олар өте агрессивті болып келеді. Іште жиналған қынжылысын түгел осы жерге төгеді. Карантин кезінде сенім телефон арқылы кеңестер беріп отырдық. Бір қираған үйді жөндеу үшін оның ішіне кіресіз ғой, сол секілді ішкі әлемі күйреген адамды қайта қалпына келтіру үшін оның өмірін сүру керек», - деп аяқтады ол әңгімесін.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан