Үйренетін де, жиренетін де жайттар көп – волонтер
Қызылжарлық ерікті Әлфараби Мыңбаймен сұхбат
Ата-бабаларымыз кез келген қиын жағдайда бір-біріне көмектесіп, оны «асар» деп атағаны баршамызға белгілі. Кейде бірнеше адамның қолынан келмейтін шаруаны ел болып атқарған. Осы көмек үшін өзгелерден ештеңе талап етпейді. Қазақ халқының осы дәстүрін «волонтер» атауымен тікелей үндес деуге болады.
2020 жыл – Қазақстанда еріктілер жылы деп жарияланды. Мақсат – жастарды аталған қозғалысқа қатысуға ынталандырып, қолдау көрсету. Көмекке мұқтаж жандарға аянбай қолұшын беріп, ұлтымыздың көне дәстүрін жаңаша жалғап жүрген жастардық бірі – қызылжарлық Әлфараби Мыңбай. Еріктімен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Әлфараби, сіз қай уақыттан бастап волонтерлікпен айналыса бастадыңыз?
- 2017 жылдан бері еріктілік бағытқа бет бұрдым. Ол кезде студент едім. Көктем мезгілінде Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жойқын су тасқыны болып, табиғат апатының салдарынан көптеген адамдар зардап шекті. Тұрғындардың біразы, әсіресе денсаулығы жоқ зейнеткерлер бұл қиындықты өздігімен жеңуе қауқарсыз еді. Сол сәтте біз топпен барып қарияларға көмектестік. Жиналған әлеуметтік көмек, яғни азық-түлік пен киім-кешек таратып, үйлерін жөндеуге жәрдемдестік.
- Пандемия кезінде волонтерлерге деген сұраныс күрт артты. Қарапайым азаматтар көбіне қандай көмек сұрайды?
- Иә, шынымен де, пандемия кезінде еріктілер үшін жұмыс артты. Әсіресе көктем мезгілінде елімізде қатаң карантиндік шаралар енгізілгенде, қариялар азық-түлік дүкендеріне де бара алмады. Олардың арасында жалғызбастылары қаншама. Біз оларға азық-түлік жеткізіп тұрамыз. Күз кезінде зейнеткерлерден қыстық отын әзірлеу, аулаларды жинастыруға жәрдемдесу сынды өтініштер жиі түседі. Біз олардың бәріне шамамыз келгенше көмектесеміз.
- Еріктінің бір күні екіншісіне ұқсамайды. Түрлі адамдарға жолығып жатасыздар. Солардың қатарында жадыңызда ерекше сақталғандары бар ма?
- Оныңыз рас, бірде қалада, енді бірде ауылда жүресің. Үш жылдың ішінде қаншама адаммен кездесіп, таныстым. Кейбір отбасыдан жиренесің, кейбірінен үйренесің. Өзіңе өмірлік сабақ түйесің. Өз отбасын әкелері немесе шешелері тастап кеткен жағдайларды да көрдік. Шиеттей бейкүнә балаларға қарап, жүрегің езіледі. Кейде адамдардың осындай қатыгездігін түсінбеймін. Осындай сәтте болашақ өмірде мұндай әрекеттерге мүлде жол беруге болмайтынын ұғынасың. Бір қалада тұрып, қартайған ата-анасына азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкеліп бере алмайтын балалар болатынын да көріп жүрміз. Бұл мен үшін тіпті ақылға сыйымсыз дүние. Қариялар түрлі себептер айтып, балаларын ақтамақ болады. Ал жанарына үңілсең, мұң ғана аңғарасың. Көз – адам жанының айнасы деген де осы болар. Адамдардың туған балаларын, ата-анасын тастап кете салатын қатыгездігіне сөз жоқ.
- Елімізде еріктілерге тиісті деңгейде қолдау көрсетіле ме?
- Қолдау бар, әрине. Еріктілердің көбі студент, оларың арасында отбасылы азаматтар бар. Жұмыс істеп жүргендер де бар. Оларға қызметте бірқатар жеңілдіктер жасалады.
- Елімізде волонтерлік қызмет қаншалықты дамыған деп ойлайсыз?
- Қазіргі уақытта бұл қозғалыс жақсы қарқын алды деуге болады. Түрлі қалаларда волонтерік штат, кабинеттер пайда болды. Оған қатысқысы келген азаматтар барып тіркеле алады. Жастар бір-бірінің игі істер атқарып жүргенін көріп, еріктілер қатарына қосылады. Жыл сайын волонтерлер арасында түрлі шағын гранттар ойнатылады, түрлі деңгейдегі форумдар ұйымдастырылып, еріктілердің басын қосады.
- «Еріктілер өзгелерге көмектесуден гөрі көзбояушылықпен айналысады» деп сөгіп жататындар да бар. Ондай пікір айтатындарға қалай жауап берер едіңіз?
- Қай істе болсын сыншы көп. Еріктілер атқарып жүрген жұмысты өздері істеп көрсін дер едім. Тым болмаса бір күн жүгіріп көріп, содан кейін ғана өз ойларын айтсын. Бәлкім ондай пиғылмен жүретіндер де бар шығар, бірақ көпке топырақ шашуға болмайды.
- Еріктілік – өз уақытыңды, күшіңді сарп етіп, өзгеге көмек қолын созу. Мұндай әрекетке кез келген адам бара бермейді. Дегенмен, соңғы жылдары елімізде бұл қозғалыстың дамып, еріктілердің саны артып келе жатқандығы байқалады. Волонтерлікпен айналысуды ниет етіп жүрген жастарға не айтар едіңіз?
- Ерікті ретінде жұмыс істеуді жоспарлап жүрген азаматтың санасында «өзгелерден не алсам» деген емес, басқаларға қандай көмек көрсете аламын деген ой болуы тиіс. Волонтерлікпен айналысу арқылы басқа отбасыларға қарап отырып, өмірлік сабақ алуға болады. Еріктілік қызмет – уақытыңды тиімді өткізуге, өзгелермен шынайы дос бола білуге, өзгенің игілігі үшін еңбек етуге үйретеді. Елімізде 7 бағыт бойынша волонтерлік қызмет көрсетіледі. Әрбір ерікті өз мамандығына сай бағытты таңдаса, ертеңгі күні қызмет бабында пайдасы тиетін тәжірибе жинайды. Ал ең бастысы, өзгелерге көмектесу арқылы қаншама адамның ақ батасын аласың.
Шынын айтсам, біздің қоғамда еріктілер жайында теріс пікір қалыптасқан. Бізге көпшілік кез келген уақытта пайдалануға болатын жұмыс күші ретінде қарайды. Тіпті еріккеннің ермегі деп сөгетіндер де бар. Менің айтарым - волонтерлық қызмет – панасыз қарттардың үйінің ауласындағы қарын күреп, оларға дүкеннен азық-түлік апарып берумен шектелмейді. Экологиялық, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрген қаншама қатарластарымды білемін. Бізде назардан тыс қалып жатқан қоршаған орта мәселелері жетерлік. Еріктілер өз белсенділігі арқылы оған қоғам назарын аудартып қана қоймай, оның шешілуіне септігін тигізіп жүр. Осындай азаматтарды көргенде еріксіз сүйсінесің. Жалпы өзгеге көмек қолын соза білу – адам бойындағы керемет қасиеттердің бірі деп білемін. Және ол әр баланың бойына отбасында даритын дағды. Ата-анамның бала кезден «өзгенің ала жібін аттама» деп құлағыма құйған өнегесі мен үшін өмірлік сабақ болды. Сондықтан уақытын зая кетіріп жүрген қатарластарымды біздің қатарымызға қосылуға шақырамын. Әр адамға көмектесіп, ақ батасын алған сайын, өзіңнің қоғамға қажеттілігіңді сезінесің.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО