Әмина инфекцияны күйеуінен жұқтырған
Cтатистика деректері бойынша, Қазақстанда АИТВ-ға (Адамның иммун тапшылығы вирусы) шалдыққан 24 мыңнан астам адам өмір сүреді.
Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстанда АИТВ жұқтырған адамдар қалай өмір сүруде, олар қандай дәрі-дәрмек пайдаланады, мұндай жағдайға ұшыраған адамдар қоғам тарапынан қандай да бір дискриминацияға ұшырай ма деген сұрақтар төңірегінде 7 жыл бойы АИТВ диагнозымен өмір сүріп жатқан астаналық Әминамен (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді – ред.) сұхбаттасты.
АИТВ-мен ӨМІР СҮРГЕНІНЕ 7 ЖЫЛ
- Әмина, менімен сұхбаттасуға келісім бергеніңізге көп рақмет! Білуімше, АИТВ-ны көпшілік адамдар жыныстық қатынас арқылы жұқтырады, сіз бұл инфекцияны қалай жұқтырып жүрсіз?
- Мен де бұл инфекцияны жыныстық жолмен, өзімнің заңды күйеуімнен жұқтырдым. Ол кезде бес айдан асқан емізулі балам болды.
- Бұл инфекциямен өмір сүріп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?
- 2013 жылдан бері, биыл жеті жыл болды.
- Алғаш диагнозыңызды қалай және кімнен естідіңіз?
- Алғаш өзімнің емес, күйеуімнің АИТВ жұқтырғанын қайын енемнен телефон арқылы білдім. Себебі, мен басқа қалада, төркінімде жүрген едім. Инфекция күйеуімнен шықса, менде де бар екені анық. Ол туралы жанымдағыларға айтуға бата алмадым. Біраз күннен кейін есімді жиып, күйеуімнің жанына келіп, ЖИТС орталықтың дәрігерлеріне жүгіндім. Мамандарға айтар алғысым шексіз, мен үшін аса ауыр кезеңде писхологиялық жағынан үлкен қолдау білдірді. Шынын айтқанда, аурудан өліп қаламын ба деген қорқыныш болмады, мен өзім үшін емес, кішкентай сәбиім үшін қатты алаңдаған едім.
- Инфекцияның ана сүті арқылы жұғу қаупі де бар ғой?
- Иә, инфекция ана сүті арқылы да беріледі. Қуанышымызға орай, алдын алу шараларының нәтижесінде ұлыма инфекция жұққан жоқ.
- Қуаныштымын! Ұлыңыздың қазіргі жағдайы қалай, одан кейін өмірге тағы сәби әкелдіңіз бе?
- Рахмет, бәрі жақсы! Қазір ұлым ер жетті, мектепке барады, денсаулығында еш ақау жоқ. 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ЖИТС орталығы дәрігерлерінің біліктілігі мен қамқорлығының арқасында дүниеге дені сау тағы бір баланы әкелдім. Жүктілік кезеңінде толықтай дәрігерлердің бақылауында болдым, үзбей дәрі қабылдадым.
ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ МАХАББАТ
- Ем алуды күйеуіңіз екеуіңіз бірге бастадыңыздар ма?
- Иә, екеуміз бірге бастадық. Онымен ажырасу туралы ой болған жоқ (күліп).
- Осы сұрақты қоймақ болғанымды біліп қойдыңыз. Расымен де, күйеуіңізге ренжіп, кетіп қалу туралы ой болмады ма?
- Реніш болды, бірақ ажырасу мәселесін көтермедім. Тіпті, инфекцияны қайдан, қалай жұқтырғанын талқыға салмадық. Мұның бәрі менің оған деген махаббатымнан болар.
- Шынын айтсам, аздап таңғалып отырмын...
- Қайын енем маған жағдайды жеткізгеннен кейін, күйеуім қоңырау шалып: «Сен бәрін естідің ғой, енді мені тастап кететін шығарсың...» деп сұрады. Мен ештеңеге қарамастан онымен бірге болатынымды, оны әлі де сүйетінімді айттым. Қазір міне, отау құрып, ата-ана атанғанымызға 9 жыл болды. Өміріміз бірқалыпты, жұрт қатарлы тіршілік етіп жатырмыз. Күйеуім екеуіміз де дәрігерлердің бақылауындамыз. Күніне екі мезгіл қажетті дәрі-дәрмек ішеміз.
- Дәрі-дәрмекті ЖИТС орталығынан тегін аласыздар ма?
- Әрине, барлық дәрі мен қабылдау тегін. Екінші рет бала көтергенде босанғанға дейін дәрігерлердің қарауында болдым. Балаға да барлық қажетті дәрумендер, дәрілер беріледі. Мен қауіптің алдын алу үшін кесарево тілігімен босандым, ал қазір жаңа протокол бойынша нөлдік кезеңде өзі босануға рұқсат берілген. Ең қиыны, сәбиіңді емізе алмайсың. Сол себепті, Орталық балаға арналған қоспаларды тегін береді. Бала әбден есейіп, бір қалыпқа түскенше бақылауда болады.
ЖАҢА СТАТУСТЫ ҚАБЫЛДАУ ЖӘНЕ ДИСКРИМИНАЦИЯ
- Әмина, мен орталыққа келер алдында сіздің көңіл күйіңіз үшін алаңдаған едім. Оның үстіне, орталық сұхбаттасушы кейіпкер туралы алдын ала ешқандай мәлімет бермеді. Сіздің қазіргі күйіңізге қарап, бәрі де осылай оңай ма деп ойлауға болады. АИТВ-мен өмір сүретініңізді қай кезден бастап толық қабылдай алдыңыз?
- Жеті жыл аз уақыт емес. Сол себепті, мен қазір сіздің алдыңызда осылай салқынқандылықпен отырмын. Жалпы, бір жылға дейін бұл диагнозды қабылдай алмай жүрдім. Әрине, алғашқы жылдары эмоциялық тұрғыдан өте ауыр болды. Бірақ өмірдің маған берген сынағын қабылдай алатын адаммын. Мүмкін, осы мінезім өмірімді ары қарай дәрі-дәрмекпен жалғастыруға көмек берген болар. Адамның басына берілген кез келген сынақ жайдан-жай болмайды. Егер маған осындай сынақ берілсе, мен оған лайықты болып тұрмын деп қабылдадым. Жаңа статусым өмірлік құндылықтарымды, мақсаттарым мен ұстанымдарымды мүлдем басқа жағына өзгертті. Бұл сынақ арқылы өзімді басқа қырымнан тани бастадым. Сондықтан ешқашан өкініп, өмірден түңілген емеспін. Мұндай статусқа келгенге дейін мен де кәдімгі он екі мүшесі сау, толыққанды отбасыдан шыққан, бір үйдің жалғыз қызы едім. Жоғарғы оқу орнын бітірдім, жақсы жерде жұмыс істедім, сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым. АИТВ жұқтырамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Демек, бұл жағдаймен бәрі ұшырасуы мүмкін. Сіз де алдыңызда не күтіп тұрғанын білмейсіз.
- Қоғам сізді қалай қабылдады, туыстарыңыз, достарыңыз тарапынан дискриминация болмады ма?
- Маған ата-анамның, жарымның, достарымның берген қолдауы үлкен күш берді. Жақындарымның ешқайсы жаңа статусымды бетіме басып, менен бөлектенген емес. Бұрын қалай болса, қазір де дәл солай жүреді.
Менталитетімізде біз сияқтыларды қабылдау қиын. Әрдайым қорқады, жақындағысы келмейді. Біздің елде АИТВ-мен ауыратындардың саны баршылық. Бірақ олар ауруын айтуға ыңғайсызданады, жасырады, қорқады. Мысалы, бір қарапайым адам өз жүзін көрсетіп АИТВ-мен ауыратынын айтатын болса, одан ештеңе өзгермейді. Бәлкім, елімізге танымал спортшы немесе әнші сияқты тұлғалардың бірі шығып, еш қысылмай диагнозын айтса, мүмкін қоғам ондай адамдарға басқа көзқараспен қарар ма еді...
ҚОҒАМДАҒЫ СТЕРОТИПТЕР МЕН ВОЛОНТЕРЛІК ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ
- Біздің қоғамда АИТВ, СПИД-ке тек нашақорлар мен жеңіл жүрісті қыздар, ЛГБТ өкілдері ғана шалдығады деген стеротип әлі бұзылмаған.
- Қоғамның арасында СПИД-ке байланысты кері түсініктер көп. Олар АИТВ-мен тек нашақорлар мен жеңіл жүрісті адамдар, ЛГБТ ғана ауырады деп ойлайды. Ал шын мәнінде, бұл олай емес. СПИД-ті кез келген сау адам жұқтырып алуы мүмкін. Оған қарапайым ғана күйеуіңіздің немесе әйеліңіздің өзге адаммен көңіл қосуы жетіп жатыр. Қазір отбасы институты бұзылған. Оқырмандарға айтарым – жыныстық өміріңізге, денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз.
- АИТВ жұқтырмай тұрып аталған дерт туралы қандай да бір ақпарат білетін бе едіңіз?
- Әрине, мен АИТВ-ның жыныстық жолмен, ана сүтінен, ине арқылы берілетінін білдім. Бірақ аса қатты назар аудармадым. Осындай жағдайға түсемін деген ой менде мүлде болмады. Өзімнің жолдасым арқылы жұқтырғанымды білемін. Бірақ ол инфекцияның қайдан, қалай келгенінен хабарым жоқ.
- Сіздің ойыңызша елімізде АИТВ жұқтырғандар көп пе?
- Әрине, жетерлік. Біздің халықтың көбі медициналық тексеруге жүгінбейді, жыл сайын анализ тапсырмайды. Өз жағдайынан бейхабар жүреді. Денсаулығына алаңдап, тексеруден өтетіндер өте аз. Жаңадан бас қосқан отбасылар да бұл мәселеге көп мән бермейді. Дамыған елдерде АИТВ-ға тексерістен өту қалыпты жағдай. Адамдар отбасы құрар алдында барып тексеріледі, ата-аналары жасөспірім балаларының қалтасына мүшеқап салып қояды. Бізде жыныстық өмір жайлы баламен сөйлесу, кеңес беру ұят болып есептеледі. Ал пара алу, жұмысқа таныс арқылы орналасу, сауатсыздықтан жүкті болған қыздардың сәбилерін дәретханаға тастауы – ұят емес. Меніңше, балаға жоғары сыныптан бастап жыныстық сауаттылық туралы айту қажет. Солай ғана инфекцияның алдын ала аламыз. Күйеуім екеуміз уақыты келгенде балаларымызға жыныстық сауаттылық туралы міндетті түрде түсіндіреміз. Ерте ме, кеш пе, бәрібір оны айтуға тура келеді.
- Өзіңіздің АИТВ екеніңізді жасырған, сол үшін ұялған кездеріңіз болды ма?
- Жоқ, ондай болған емес. Қазір мен АИТВ-ға шалдыққандарға көмек беретін «Жизнь вопреки» орталығында ерікті болып жұмыс жасаймын. Жұмыс жасап жүргеніме шамамен, бір жыл болды. Орталықтың басты мақсаты – АИТВ-ға шалдыққандарға рухани, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек беру. Себебі, инфекция жұқтырғандардың көбі бастапқы кезде күйзеліске тез түседі, өз ортасынан оқшауланады. Мен сондай жандардың жанына барып, диагнозымды айтамын. Одан қысылудың қажеті жоқ екенін түсіндіріп, барынша қолдау көрсетуге тырысамын.
- Диагностикадан қаншалықты жиі өтесіз?
- Екі-үш ай сайын немесе жарты жылда бір рет өтемін. Әрдайым дәрігерлердің назарындамын. Бір риза болатыным, осы күнге дейін дәрігерлердің тарапынан ешқандай шектеу, ауру адамға қарағандай көзқарас байқамадым. Айтарым, жарты жылда бір рет АИТВ-ға анализ тапсырып тұрған жөн. Себебі, сіздің денсаулығыңыз өзіңізден басқа ешкімге керек емес.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан