Құралай Жұмабекова: «Әлеуметтік жетімдік мәселесін көтерсем деймін»

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысынан «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушы – «Аналар үйі» филиалының директоры Құралай Жұмабекова

Бүгіннен бастап «Nur Otan» партиясында партияішілік праймериз басталып, сайлау науқанына үміткерлердің құжаттары қабылдана бастады. Ақмола облысынан үміткерлердің бірі болып «Аналар үйі» филиалының директоры Құралай Жұмабекова да құжатын тапсырды. Өзінің бес баласымен қоса, тағы алты баланы асырап алған Құралай Жұмабекқызын әңгімеге тартқан едік.

- Құралай Жұмабекқызы, «Нұр Отан» партиясының партия ішіндегі праймериз жобасына кандидатураңызды ұсынған екенсіз. Не себепті депутат болғыңыз келді?

- Шиеттей бала-шағасымен баратын жер таппай, «Аналар үйін» паналап жатқан жас аналарға жаным ашиды. Жасы жиырмаға жаңа келген жас аналардың бәрі ойнап жүріп от басып, алданып қалған. Қиындықпен бетпе-бет келген қыздардың қазір барар жер, басар тауы жоқ. Бұл – барша қоғамды алаңдатуы тиіс үлкен мәселе. Еш жерде жұмысқа алмайды, үй кезегіне тұрғанымен, баспанасы жоқ басқа да мыңдаған адам тұрғанда, жақын арада пәтер де берілмейді. Мен осы әлеуметтік жетімдік мәселесін көтеріп, жетім балалардың он сегіз жастан кейінгі тағдыры мемлекеттік деңгейде шешімін тапса деймін. Он сегіз жастан кейін балалар үйін паналап шыққандар қорғансыз күйде қалады. Қаражатты жұмсай білмегендіктен, кәмелет жасына толғаннан бастап берілген есепшоты бірден босап қалады. Көпшілігі жұмыссыз. Өмір сүруге еш бейімі жоқ. Тамақ пісіру, киім тігу сияқты істерден хабары жоқ. Мұндай жағдайда жұмыс тауып орналасудың өзі қиын. Өкінішке қарай, әлеуметтік жетімдіктің зардабы қоғамның бітпеген ащы жарасы болып тұр. Мен депутат болсам да, болмасам да, осы өзекті өртейтін жағдайды реттеуге бел будым. Өз сәбиін қоқысқа тастап жатқан көп аналардың жағдайы осындай әлеуметтік шиеленістен туындап отыр.

Мемлекет балалардың кәмелет жасына толған кезде берілетін есепшоттарын бақылауға алғаны дұрыс. Кейбіріне ата-аналарының алименті мүлдем төленбейді, әлеуметтік жәрдемақы, басқа да мемлекеттік төлемдер жүргізілмей жатады. Осының бәрі болашақта үлкен өмірге қадам басатын балаларға кедергі келтіріп, шалыс басуына әкеліп соғады.

- «Аналар үйі» жайлы айтып өтсеңіз. Қазір сіз басқарып отырған ұйымда қанша жас ана бар? Мемлекеттен қандай да бір қамқорлық жасала ма?

- «Аналар үйі» қоғамдық қоры 2013 жылдан бастап қайырымды адамдардың бастамасымен жүзеге асқан. Көкшетауда «Ана үйі» 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін біздің «Аналар үйінде» 108 жас ана болды. Оларға құқықтық, психологиялық, медициналық көмек беріледі. Барлығы 112 баланың жетімдер үйіне өтуіне жол бермей, аман-есен өмірден жол тауып кетуіне көмектестік. Қазір бізде 4 жас ана тұрып жатыр. Олардың ешбір құжаты жоқ. Көкшетау қалалық Жұмыспен қамту орталығына барып, мамандық алып шығуына көмектестік. Еш жерде тіркеуде болмағандықтан, өз үйіме тіркеуге қойдым. Өмірден жастайынан меселі қайтқан жас аналар балаларын балалар үйіне тастап та кеткісі келеді. Өйткені, басында баспана, істейтін жұмысы жоқ. Мемлекеттен ешқандай да қаражат бөлінбейді. Әрі бұл «Аналар үйінде» де тұра беруге болмайды. Балалары естияр аналар алты айға дейін, сәбилері кішкентай болса бір жылға дейін паналауға рұқсат етіледі. Бүгінде елімізде «Аналар үйін» 4500-ға дейін жас жалғызбасты аналар тұрып шықты. «Аналар үйі» қазір еліміздің барлық облыс орталықтарында орналасқан. Қазір 22 қалада ашылған.

- Өзіңіз көпбалалы ана болсаңыз да, балалар үйінен жетім балаларды асырап алған екенсіз. Бұған не түрткі болды?

- Балаларды өте жақсы көремін. Бүгінде жалпы 11 баланың анасымын. Қоғамды үлкен қасіретке душар еткен жайға тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді. Сондықтан балалар үйінен ұл-қыздарды асырап алдым. Қазір алды жиырмадан асып, біреуі тұрмыс құрды. Тағдыры жастайынан осындай күйге түскен балалар да өскен соң дәл сондай жолға түсуі мүмкін Ал, бұл тұтас еліміз үшін аса үлкен мәселе. Әлеуметтік жетімдік мәселесіне мемлекет назар аударып, жатақхана берілетіндей мүмкіндік жасалса, жөн болар еді.

- «Нұр Отан» партиясында алғаш рет өткізіліп жатқан праймериз туралы ойыңызды айтып өтсеңіз. Сайлау әділ өтеді деп ойлайсыз ба? Депутаттыққа кімдер сайланғаны жөн деп санайсыз?

- Әрине, «Нұр Отан» партиясында өткізіліп жатқан партияішілік праймериз әділ өтеді дегенге сенім бар. Өйткені, талай жылдардан бері осы салада қызмет атқарып, елдің өткені мен бүгінін жақсы білетін азаматтар жұмыс жасайды. Бұл партия қатарында өзім де бармын. Сайлауда өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, істің жөнін білетін азаматтар жеңуі тиіс деп санаймын. Әсіресе, заманға сай білімі мен білігі мол жастардың, көпбалалы аналардың басымдыққа ие болуы құптарлық іс деген ойдамын.

- Әңгімеңізге рахмет.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы