Qazaq Nomad қоғамдық бірлестігнің төрайымы Дарина Жұмагүл Чехияда қазақ мәдени орталығын құрғысы келеді
Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі дипломатиялық келіссөздер мен мемлекетаралық келісімдер арқылы ғана қалыптаспайды. Шетелде тұратын қазақстандықтардың жетістігі, мәдени бастамалары және жергілікті қоғаммен қарым-қатынасы елдің имиджіне әсер етеді. Чехиядағы Qazaq Nomad қоғамдық бірлестігі Наурыз мерекесін, қазақ мәдениетіне арналған көрмелер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарды Қазақстанның салт-дәстүрімен таныстырып жүр. Бірлестік төрайымы Дарина Жұмагүлдің айтуынша, Чехияға алғаш келген кезде жергілікті тұрғындардың Қазақстан туралы түсінігі көбіне киіз үй, жылқы және ұлттық тағамдар төңірегінде болған. Қазір қазақ мәдениетіне қызығушылық артып келеді. Qazaq Nomad қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дарина Жұмагүл Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында шетелдегі қазақ қауымдастықтары Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастыруға қалай үлес қосып жүргені туралы айтып берді.
– Чехиядағы қазақ қауымдастығының тыныс-тіршілігі қалай? Қанша қазақ тұрады және олар немен айналысады?
– Чехияның Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2026 жылы 30 қыркүйекте елде тұруға рұқсаты бар 10 660 Қазақстан азаматы тіркелген. Ал Қазақстанның Чехиядағы елшілігі мұндағы қазақ қауымдастығын шамамен 10 мың адам деп бағалайды.
Біз Qazaq Nomad атынан Чехияның Цифрлық және ақпараттық агенттігіне де ресми сұрау жолдадық. Агенттіктің жауабына сай, 2025 жылғы 30 маусымда тұрғындар тізілімінде Чехия азаматтығы жоқ 16 658 Қазақстан азаматы және екі елдің азаматтығы қатар көрсетілген 1 156 адам тіркелген. Сол жылдың 7 тамызындағы дерек бойынша, тізілімде Қазақстанда туған 22 695 адам болған. Бұл сандар азаматтық, тұру мәртебесі және туған жері сияқты әртүрлі көрсеткіштерге негізделген. Сондықтан этникалық қазақтардың нақты санын айту қиын.
Қауымдастығымызда студенттер, кәсіпкерлер, IT, инженерия, білім беру және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін мамандар бар. Осында отбасын құрып, бала тәрбиелеп отырғандар да көп. Жаңадан келгендерге оқу, жұмыс, баспана мәселелері бойынша тәжірибемізбен бөлісеміз. Qazaq Nomad арқылы Наурыз мерекесін, мәдени кештер мен қазақ тілі сабақтарын ұйымдастырамыз.
– Білуімше, Чехияға жастар көбіне оқуға барады. Оқуын аяқтаған соң елге қайтпай, осында біржола қоныстанғандар бар ма?
– Иә, Чехияға оқуға келіп, кейін осында тұрақтап қалғандар бар. Өзіміздің қауымдастықта да оқуын бітірген соң мамандығы бойынша жұмыс тауып, осында отбасын құрған адамдар бар. Жұмыс бабымен немесе отбасылық себептермен көшіп келгендер де кездеседі. Менің отбасым оған мысал бола алады.
– Чехиядағы жергілікті халық Қазақстан мен қазақтар туралы қаншалықты біледі? Қазақстанға деген қызығушылық байқала ма?
– 2020 жылдың басында Чехияға алғаш келгенімізде, біз кездескен адамдардың көбі Қазақстан туралы өте аз білетін. Ел туралы әңгіме қозғала қалса, «Сіздер әлі де киіз үйде тұрасыздар ма? Атпен жүресіздер ме? Жылқы етін жейсіздер ме?» деп сұрайтын. Сол кезде Қазақстанды көбіне осындай түсініктер арқылы білетінін байқадық.
Кейін қауымдастығымыз өз іс-шараларын өткізіп, халықаралық фестивальдерге қатыса бастағанда, жергілікті тұрғындар Қазақстан туралы көбірек біле бастады. Қазір біреулер елімізді Димаш Құдайберген арқылы таниды, енді біреулер қазақ тілі, домбыра немесе Наурыз туралы сұрайды.
Қызығушылық барын өзіміз де көріп жүрміз. Мысалы, биыл Градец-Краловедегі «Setkání národů» фестиваліне Қазақстан атынан алғаш рет қатыстық. Қонақтар бауырсақ пен құрттан дәм татып, қазақ ою-өрнектерін ажыратуға арналған шеберлік сабағына қатысты. Осындай кездесулерде адамдар біздің мәдениетімізбен жақынырақ танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қояды
– Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынастың деңгейін қарапайым халықтың өмірінен байқауға бола ма? Мысалы, білім, жұмыс, мәдениет немесе туризм салаларындағы ынтымақтастық жақсы дамыған деп айта аламыз ба?
– Иә, меніңше, екі елдің байланысы күнделікті өмірде әсіресе білім мен мәдениет саласында байқалады. Қазақстандық жастар Чехияда білім алады, жергілікті студенттермен араласады. Кейбірі оқуын аяқтаған соң осында мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Ал өзім Qazaq Nomad арқылы мәдениет саласындағы ынтымақтастықты тікелей көріп жүрмін. Мысалы, Наурызды Прага 4 аудандық әкімдігімен бірге өткіземіз. Мерекеге жергілікті тұрғындар отбасыларымен келіп, қазақтың салт-дәстүрімен танысады.
Маған ұнайтын тағы бір мысал — Прага хайуанаттар бағының Пржевальский жылқыларын Қазақстанға қайта жерсіндіру жобасына қатысуы. Осы жоба арқылы Чехия жұртшылығы Қазақстанның табиғаты туралы да көбірек біледі. Ал туризмде әлі де мүмкіндік көп деп ойлаймын. Қазақстаннан Чехияға келетін саяхатшылар бар. Қазақстанның табиғаты мен саяхат бағыттарын чех тілінде көбірек таныстырсақ, жергілікті тұрғындардың да Қазақстанға барып көруге қызығушылығы артар еді.
– Чехияда Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін таныстыру бағытында қандай іс-шаралар өткізіп тұрасыздар? Оған жергілікті тұрғындар қатыса ма?
– Иә, жергілікті тұрғындар біздің іс-шараларға белсенді қатысады. Ең ауқымды шарамыз - жыл сайын өткізетін Наурыз фестивалі. Оған әртүрлі ұлт өкілдері, балалардан бастап үлкен кісілерге дейін, мыңдап келеді. 2027 жылы Наурызды бесінші рет өткіземіз. Мерейтойлық фестивальді 10 сәуірде Праганың Панкрац ауданындағы Орталық саябақта (Centrální park na Pankráci) өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазақстаннан да қонақтар шақырғымыз келеді. Фестивальді ұйымдастыруға қолдау көрсетіп келе жатқан Прага 4 аудандық әкімдігімен биыл да бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.
Көрмелерімізге де қызығушылық жоғары. Мысалы, биыл 8 тамызда Прагада қазақ мәдениетіне арналған кезекті көрмемізді өткіздік. Шеберлік сабақтарында бірге мәнті түйіп, ет асуды үйрендік, ұлттық нақыштағы сырға жасап, қазақ оюларын кестеледік. 8 наурыз Чехияда біздегідей кең көлемде аталып өтпейтіндіктен, сол күнге қызғалдақ оюын кестелеу сабағын арнадық. Бұл оюды таңдаудың өз мәні бар. Сабақ барысында Қазақстанның қызғалдақтың тарихи отаны екенін әңгімеледік. Қатысушылар қызыға тыңдап, сұрақтар қойды. Тағы бір сабақта киізден шағын киіз үй жасап, оны моншақпен безендірдік.
Төрт жылдан бері RefuFest фестиваліне қатысып, Қазақстанды таныстырып келеміз. Домбыра мен қазақ тілі сабақтарын, мәдени және поэзия кештерін де ұйымдастырамыз. Сабақтарымызға чех қатысушылармен бірге Польшадан және Латвиядан келген қатысушылар да келді. Адамдардың қазақша сөз үйренуге, домбыра тартып көруге, оюдың мағынасын сұрауға ықылас танытқаны бізді қуантады.
– Қазақстанның Чехиядағы қазақтармен байланысын қалай бағалайсыз? Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
– Қазір бұл байланысты өте жақсы бағалаймын. Әрине, бастапқыда бәрі бірдей оңай болған жоқ. «Отандастар қоры» бастамамызды сол кезден қолдап, бүгінге дейін демеу көрсетіп келеді. Сол үшін қор ұжымына үлкен алғыс айтамын. Елшілікпен де әріптестігіміз біртіндеп қалыптасты. Жаңа елші қызметке келгеннен бері байланысымыз едәуір жақсарды. Қазір бір-бірімізбен жиі байланысып, бастамаларымызға өзара қолдау көрсетіп жүрміз.
Біз елшілікке Чехиядағы отандастарымызға қандай консулдық көмек қажет екенін де жеткіздік. Көбіне паспорт рәсімдеу немесе жаңарту, Чехияның мемлекеттік органдары сұрайтын соттылығының бар-жоғы туралы анықтаманы алу, құжаттарды аударту жөнінде сұрақтар туындайды. Сондай-ақ отандасымыз хабар-ошарсыз кеткен жағдайда, оны іздеуге елшілік те жәрдемдессе деген өтінішімізді айттық. Мен үшін елшілікпен байланыстың маңызы осындай күнделікті мәселелерді бірге талқылап, қажет кезде кімге жүгінуге болатынын білуден көрінеді.
– Чехиядағы қазақ қауымдастығы Қазақстанның шетелдегі имиджін қалыптастыруға қалай үлес қосып жүр?
– Мен қазақ халқының қонақжайлығын, ашықтығын, қажет кезде қол ұшын беруге дайын тұратынын мақтан тұтамын. Чехияда да осы қасиеттерімізді күнделікті өмірде көрсетіп жүрміз. Қауымдастығымызда білім алып жүрген жастар да, өз саласында еңбек етіп жүрген білікті мамандар да көп. Адамдар бізді бірге оқып, бірге жұмыс істеп, көрші болып араласқанда жақынырақ таниды. Меніңше, Қазақстан туралы пікір осындай күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады.
Алғаш келген кезімізде Қазақстан туралы аз білетін адамдарды кездестірдік. Кейбірі қазақтардың көбі мұсылман екенін естігенде таңырқап қарайтын. Мұндай көзқарастың өзгеруіне жүзбе-жүз таныстық көмектеседі деп ойлаймын. Наурызға, көрмеге немесе шеберлік сабағына келген адамдар бізбен бір дастарқан басында отырып, әңгімелеседі, өздерін қызықтырған сұрақтарын қояды. Qazaq Nomad-ты құрғандағы мақсаттарымның бірі де осы еді. Чехия тұрғындары Қазақстанның қонақжайлығын өздері сезінсе, елімізді осында тұратын адамдар арқылы таныса деймін.
– Алдағы уақытта екі ел арасындағы байланысты нығайту үшін қандай бастамалар көтеруге болады деп ойлайсыз?
– Алдағы басты мақсатым - Чехияда күнделікті жұмыс істейтін, есігі бәріне ашық қазақ мәдени орталығын құру. Шетелге көшіп келген адамға жаңа ортаға бейімделу, жергілікті адамдармен танысып, достасу кейде қиын болады. Сондай сәтте адам жалғызсырап, ішіндегісін кімге айтарын білмей қалады. Мен отандастарымыздың орталыққа еркін келіп, бауырсақпен шай ішіп, әңгімелесіп, көңілі көтеріліп қайтқанын қалаймын. Көмек керек болса, сұрағын ашық айта алатын, қолымыздан келгенше көмектесіп, қажет кезде қайда жүгінуге болатынын көрсететін жер болса деймін.
Орталықтың есігі чехтерге де, өзге елден келген адамдарға да ашық болады. Келген қонақ қазақша кітаптарды парақтап, ұлттық киімдерімізді көріп, домбыраның үнін тыңдап, халқымызбен жақынырақ таныса алса деймін. Қазақ тілі мен домбырадан тұрақты сабақ өткізіп, ұлттық би үйірмесін ашқымыз келеді. Балаларымыз халық әндерін айтып, ұлттық аспаптарда ойнайтын ансамбль құрсақ деген арманым бар.
Орталықта қазақ мәдениетіне арналған шағын музей де болса деймін. «Отандастар қорының» көмегімен Чехияға киіз үйдің жартысын әкелдік. Сол киіз үйді орталыққа қойып, қонақтарға оның қалай құрылатынын, ішкі жабдықтарының не үшін қолданылатынын көрсете аламыз. Ұлттық киімдерімізді, аспаптарымызды және басқа бұйымдарымызды сабақтарда, көрмелерде, мерекелерде пайдалансақ, олардың күнделікті пайдасы тиер еді.
Мен үшін осы орталықтың мәні осында. Отандастарымыз келіп, өз ортасын тауып, қолдау ала алады. Ал жергілікті тұрғындар бізбен жүзбе-жүз танысып, қазақ мәдениетін өз көзімен көреді. Қазақстан мен Чехияның арасындағы байланыс осындай күнделікті кездесулерден де нығаяды деп сенемін.