Жат ағымның ықпалына түскен баланы бірден «экстремист» деуге болмайды – саясаттанушы

Автор: Тәжібай Әлия

Айтуынша, бірінші кезекте ол біреудің ықпалына түскен, алданған немесе ересектердің бақылауында болған бала. Сондықтан жасөспірімге күдік тудыратын адам ретінде емес, құқығы мен қауіпсіздігі қорғалуға тиіс тұлға ретінде қарау қажет

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Радикалды топ өкілдері баламен дос болады, сырласады, кейін кіммен араласатынына, не ойлайтынына дейін ықпал етеді. Ал мұны жақындары бірден байқамайды.  Azattyq Rýhy бұған дейін теолог, психолог мамандармен байланысып, осы тақырыпты сараптаған еді. Енді дін саласындағы саясатты, экстремизм мен терроризмнің алдын алу және радикалды идеологияның ақпараттық-психологиялық ықпалын зерттеп жүрген саясаттанушы, саяси ғылымдарының кандидаты, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті Гүлден Жоламанмен сұхбаттасты.

– Жақында діни экстремизмді насихаттады деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Ол 2024 жылдан бері Telegram мессенджеріндегі жабық топтарда онлайн дәріс өткізіп келген. Осы орайда сарапшы ретінде әлеуметтік желідегі контентке тоқталыңызшы. Ондағы радикалды идеологияны насихаттайтын материалдарды қарапайым діни контенттен қалай ажыратуға болады?  

– Расымен, қазір әлеуметтік желідегі радикалды контент мәселесі алаңдатады. Өкінішке қарай, оны бірден анықтау мүмкін емес. Сондықтан материалдың мессенджіне, оның адам санасына қалай әсер ететініне де назар аудару керек. Мысалы, «вербовка» кезінде олар қоғамды «біз» және «жаулар» деп бөледі. Өзгелерді жамандап, өшпенділік танытуға итермелейді. Тіпті зорлық-зомбылықты ақтап, өлімді ерлік ретінде көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар бір адамның айтқанын ғана дұрыс деп қабылдап, оған еш күмәнсіз бағынуды талап етеді.

Ал мұның бәрі көбіне тым жақсы қарым-қатынас пен ерекше назар аударудан басталады. Мысалы балалардың қызығушылығын, қандай мәселеге алаңдайтынын зерттейді. Кейін «сені бізден басқа ешкім түсінбейді» деген сөздер арқылы эмоционалды күйіне әсер етеді. Осылайша, ақырындап әңгіменің бағыты да ауыса береді. Мәселен айтқандарын құпия сақтап, белгілі бір талаптарды орындауды сұрай бастайды. Мұндай тәсіл арқылы олар сенім қалыптастырып, бақылауды арттыра түседі.

Егер контенттің күмәнді екенін байқасаңыз мына бес сұраққа жауап іздеу керек. Кім жариялады, бастапқы дереккөзі бар ма, ақпаратты тәуелсіз әрі сенімді басқа дереккөздер растай ма, зорлық-зомбылық, өшпенділік секілді әрекеттерді ақтап, оны «норма» ретінде көрсете ме және не үшін әңгімені жабық чатқа көшіруді сұрады? Осыдан кейін күдігіңіз артса, материалды таратушы болмаңыз. Бірден скриншот жасап, аккаунттағы деректі сақтап, шағымданған жөн.

Қазір дипфейк, жасанды дауыс, жалған аударма және ЖИ көмегімен жасалған уағыздар да кездеседі. Мұндай материалдардың сапасы жоғары болғанымен, онда айтылған мәліметтің рас екені екіталай.

– Гүлден, жаңа балаларды атап өттіңіз. Осы орайда ата-аналарға не айтасыз? Олар нені ескеруі керек? Себебі үйдің үлкендері көбіне жұмыста болады ғой.

– Біріншіден, жат ағымды насихаттайтындардың кішкентайлармен қалай жұмыс істейтініне тоқталсақ. Бала енді ержеткен кезінде өзінің орнын тауып, шешім қабылдап, бір ортада маңызды адам екенін сезгісі келеді.  Ал дәл осы уақытта радикалды топтар мүмкіндікті қалт жібермейді. Осылайша өздеріне бейімдеп алады.

Ал дабыл белгілеріне тоқталсам: отбасы мен достарынан күрт алшақтау, бәрі жау, олар ғана дұрыс жолда, зорлық пен өлімді мадақтау, жаңа «ұстазының» әр сөзін абсолютті шындыққа теңеу, жасырын түрде хат алмасу мен бірнеше аккаунт ашу, оқу үлгерімінің төмендеуі, ұйқы режимінің бұзылуы, белгісіз адамдарға ақша аудару, қару жайлы нақыт әңгіме айту. Сондай-ақ бұрын бойында болмаған агрессия, өзгенің пікірін қабылдамау да басқа өзгерістермен қатар байқалса, мұны үлкен дабыл деп қабылдаған жөн. Бірақ кез келген ашуланшақтықты немесе баланың жай ғана діни сұраққа қызыққанына қарап, бірден «сектаға кірді» деп те айыптауға болмайды. Жағдайды психолог пен дінтанушының қатысуымен жан-жақты бағалау қажет.

Иә, баламыз үшін уайымдаймыз, өзіміз де эмоцияға беріліп, кателігі үшін қатты ұрысамыз. Бірақ бұл жағдайда ондай асығыс әрекет жасауға болмайды. Оның орнына сабырмен сөйлесіп, «Соңғы кезде сені не мазалайды?», «Бұл адаммен қалай таныстың?», «Ол сенен бір ақпаратты құпия ұстауды сұрады ма?», «Зорлық туралы әңгіме болды ма?» деген сұрақтар қойған дұрыс.

Телефонға келсек, оныда бірден тартып алғаннан гөрі, интернетті пайдалану ережелерін бірге талқылап, сенімді қарым-қатынасты сақтаған тиімді.

Егер қашуды жоспарлап жүрсе, қолда бар дәлелдерді сақтап, «102» немесе «112» нөміріне хабарласу керек. Мемлекеттік органдар баланы күдікті ретінде емес, ықпалға түскен және қорғауды қажет ететін бала ретінде қарастыруы тиіс. Өйткені отбасына деген сенімі жоғалса, мәселе одан әрі күрделеніп, бала тіс жармауы мүмкін. Ең бастысы – баланың құқығын, қауіпсіздігін және психологиялық жағдайын қорғау.

Оқи отырыңыздар: Баланы әуелі мақтап, кейін отбасынан алыстатады: радикалды топтар жасөспірімдерді қалай арбайды

– Псевдоұстаздан ілім үйренген баламен қалай дұрыс жұмыс істеу керек?

–  Ең бастысы, бірден «экстремист» деуге болмайды. Себебі бірінші кезекте ол біреудің ықпалына түскен, алданған немесе ересектердің бақылауында болған бала. Сондықтан оған күдік тудыратын адам ретінде емес, құқығы мен қауіпсіздігі қорғалуға тиіс тұлға ретінде қарау қажет. Алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жағдайын мамандармен бірге бағалау керек. Бұл жұмысқа психолог, педагог, әлеуметтік қызметкер, балалармен жұмыс істейтін дінтанушы немесе теолог, қажет болған жағдайда балалар психиатры қосылады. Олар баланың неден қорқатынын, қандай ақпарат алғанын, қандай ортада жүргенін және қазір оған тікелей қауіп бар-жоғын анықтауға тиіс. Әр баланың жағдайы әртүрлі болғандықтан, барлығына бірдей тәсіл қолдануға болмайды.

Ал бірден діни пікірталасқа тартып, «Сенің сенімің қате, одан бас тарт» деп қысым жасау мүлде дұрыс емес. Мұндай әрекет оның бұрынғы ортасына деген байланысын одан әрі күшейтуі мүмкін. Сондықтан ең алдымен баламен сенімді қарым-қатынас орнату қажет. Бұл процесте отбасымен де жүйелі жұмыс қажет. Оларға баланы кінәламай сөйлесуді, интернетті бақылауды және баланың қайтадан оқшаулануына жол бермеуді үйрету қажет. Әр балаға жеке оңалту жоспары жасалып, оның жағдайы ұзақ бақылауда болады.

Ата-аналар үшін тағы бір ескертейікші, балаларға дереккөзді тексеру, эмоциялық манипуляцияны сезу, шекара қою, күмәнді контентке шағымдану секілді дағдылар керек. Ал әр өңірде қауіп төнгенде кімге, қандай ретпен және қандай мерзімде хабарласу керектігін көрсететін түсінікті алгоритм болуы шарт. Күмәнді өзгерісті байқасаңыз, уақыт созбаңыз, бірақ дүрбелең де жасамаңыз.

– Қазір ата-аналар баласын тіпті мешітке жіберуге қорқады. Өйткені радикалды топтардың мұндай орындарда да жүреді  деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас?

– Барлық мешіт пен медреседен қауіп көре берсек, бұл ресми әрі ашық діни білімге деген сенімді әлсіретеді. Қауіп көбіне ресми оқу бағдарламасынан емес, өзін ұстаз ретінде таныстыратын жеке адамдардың бейресми сабақтарынан, жасырын пәтерлерде өтетін дәрістерден, жабық онлайн чаттарда болады.

Десе де мұндай қорқыныш болмау ұшін осы саладағы мемлекеттік бақылау мен кәсіби талаптарды күшейту қажет. Тіпті шетелде діни білім алған мамандардың біліктілігін де тексеру керек. Сонымен қатар діни мамандарды даярлайтын отандық жоғары оқу орындарын дамытып, магистратура мен докторантура деңгейіндегі білімді күшейту де маңызды.  Ал жұмысұа орналасатын кезде қызметкерлерге қойылатын  талап та нақты болмаса, бәрі бекер.

– Жауабыңызға рақмет!

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.