«Қазақстанда өзімді бөтен сезінген емеспін»: күрд ұлтының өкілі елдегі бірлік туралы айтты

Автор: Тәжібай Әлия

Ол халықты тіл мен мәдениеттен бөлек осындай ортақ құндылықтар да жақындастырады дейді 

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Ұлтым – күрд, жүрегім – қазақ». Бүгінгі кейіпкеріміз Ният Исмаилов өзін осылай таныстырды. Ол Алматы облысы Іле ауданындағы Мұхамеджан Түймебаев ауылында туып-өскен. Қазір Алматы қаласында жұмыс істейді.

Сұхбат барысында Қазақстан жайлы ойын айтып, оны өз Отанына теңеген еді. Бұлай деуіне де себеп көп екен. Айтуынша, 1944 жылы атасы күштеп жер аударылып, бір әулеттің басына қара бұлт үйірілген кезеңде қазақтар көмек қолын созған. Ал мұндай жақсылықты ұмытпаған қария немересі Ниятқа да сол кездегі оқиғаны жиі айтқан көрінеді. Осы орайда Azattyq Rýhy бала кезінен сол әңгімелерді тыңдап өскен, бүгінде екі халықтың мәдениетін де қадір тұтатын Ният Маджитұлымен әңгімелесті.

– Ният, жаңа байқағанымыздай, қазақ тілін жетік меңгерген екенсіз.

– Рақмет! Негізі орыс тілінде білім беретін мектептің түлегімін. Бірақ қазақша үйренуге қызығатынмын. Сөздік қорымды көбейтіп, еркін сөйлеуге, ойымды қазақша жеткізуге, ал ең бастысы Қазақстанда өмір сүріп жатқан соң мемлекеттік тілді толық меңгеруге тырыстым. Әрине, оңай болмады. Бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлей алатыныма мақтанамын. Ал сол арқылы қазақ халқының дүниетанымын, салт-дәстүрін терең түсіне бастадым. Сонымен қатар өз ана тілімді де ұмытпаймын. Себебі екеуінің де өз орны бар.

–  Ал қазақтың қай дәстүрі сізге жақынырақ? Қазақ және күрд халықтарының арасында қандай ортақ құндылықтар бар?

– Маған әсіресе әз-Наурызды тойлаған ұнайды. Бұл – жаңару, бірлік, бейбітшілік пен ізгі ниеттің мерекесі. Адамдар бір-біріне жақсы тілегін айтып, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа кезеңді ақ ниетпен қарсы алады.

Ал бата алу күрд халқының отбасылық тәрбиесімен де үндеседі. Байқағанымдай, екі жақта да үлкендерді сыйлап, ақылына құлақ түріп,  оларды құрметтейді. Сондай-ақ қонақжайлық жағында да ұқсастық бар. Меніңше, халықты тіл мен мәдениеттен бөлек осындай ортақ құндылықтар да жақындастырады. Бір-біріміздің дәстүрімізден өзімізге таныс қасиеттерді көргенде, өзара түсіністік те арта түседі.

Үйде күрд тілінде сөйлесеміз. Ана тілімді еркін меңгергенмін, халқымның тарихы мен мәдениетіне де қызығушылығым жоғары. Ал тәрбиеме марқұм атамның ықпалы ерекше болды. Ол маған қазақ халқына деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңірді. Сонымен бірге үлкенді сыйлау, отбасыны қадірлеу, өз тамырыңды ұмытпау секілді құндылықтарды бойыма дарытты. Меніңше, адамның қай ұлттан шыққаны ғана емес, сол ұлттың қандай тәрбиесін бойына сіңіргені де маңызды. Өз ана тіліңді білу, ата-бабаңның тарихын құрметтеу – өткеніңмен байланысты үзбеудің жолы.

– Қазақ достарыңыз көп пе?

– Иә, көп. Сонымен бірге басқа этнос өкілдерімен де араласамын. Мен үшін адамның ұлты емес, адамгершілігі, адалдығы, тәрбиесі және өзара құрметі бірініші орында тұрады. Біздің Қазақстанның да ерекшелігі осында. Түрлі ұлт өкілі бір ортада білім алып, еңбек етіп, достасып, ортақ мақсатта жұмыла алады.

–Сіз үшін Отан ұғымы нені білдіреді?

– Қазақстан – менің туған жерім. Осы елде дүниеге келдім, өстім, білім алдым, тұлға ретінде қалыптастым. Отбасым, достарым, өмірлік мақсаттарым мен болашағым осында. Менің ойымша, бұл ұғымды адамның ұлтымен ғана өлшеуге болмайды. Отан – адамның өзін еркін сезінетін, өмір сүретін, еңбек ететін, болашағын байланыстыратын жері. Оған деген сүйіспеншілік құр сөзден емес, жауапкершілігінен, еңбегінен және қоғамға қосқан үлесінен көрінуі керек. Сондықтан Қазақстанды өз Отаным деп мақтанып айтамын.

– Білуімше, 2022-2025 жылдары қоғамдық қызметпен белсенді айналыстыңыз. Алматы облысы Ассамблея жастары төрағасының орынбасары, «Ронаи» күрд этномәдени орталығының жастар ісі жөніндегі төраға орынбасары қызметін атқардыңыз. Осы  кезең жайлы айтсаңыз.

– Бұл жылдар мен үшін тәжірибеге толы болды. Қазақстанның түрлі өңірінде өткен қоғамдық, мәдени және жастар іс-шараларына, жобаларға қатыстым. Түрлі этнос өкілімен танысып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым.Осы қызмет барысында этносаралық келісімнің тек ресми жиындар мен мерекелік іс-шаралардан тұрмайтынын түсіндім. Оның негізінде адамдар арасындағы сенім, ашық әңгіме және ортақ іске деген жауапкершілік жатыр. Жастарды қоғамдық өмірге тартудың да маңызы зор. Себебі бір-бірінің мәдениетін танып, бірге жұмыс істеп өскен жас буын өзге этнос өкілдеріне жатырқай қарамайды. Керісінше, айырмашылықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды.

– Қоғамда «этносаралық келісім» деген ұғым жиі айтылады. Сіздіңше, оның негізгі мәне не?

– Біріншіден, этносаралық келісімді тек мерекелермен немесе мәдени іс-шаралармен өлшеуге болмайды.  Ең бастысы, күнделікті қарым-қатынас. Мысалы, адамның ұлтына қарамай құрмет көрсету, пікірін тыңдау, бірге білім алып, еңбек ету, қоғамдық өмірге тең дәрежеде араласу. Әр халықтың өз тілі, мәдениеті мен дәстүрі бар. Сол ерекшеліктерді сақтай отырып, бәріміздің бір қоғамның мүшесі екенімізді сезу өте маңызды.

Оқи отырыңыздар: Домбыраны өз бетінше үйренген чилилік Мария Аргентина Муниос

– Әлеуметтік желілерде этносаралық араздықты тудыратын жазбалар да кездеседі. Мұндай жағдайларға қалай қарайсыз?

– Қарсымын. Себебі адамды ұлтына, тіліне немесе мәдени ерекшелігіне қарап кемсіту қоғамдағы сенімге нұқсан келтіреді. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттың бәріне бірдей сенуге болмайды. Әсіресе, арандатуға бағытталған жазбаларға келгенде сабыр сақтап, ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу қажет. Бір адамның сөзі немесе әрекеті үшін тұтас бір халықты кінәлау да дұрыс емес. Айтарым, кез келген келіспеушілікті өзара диалог арқылы, заң аясында шешкен жөн. Қоғамның бірлігі адамдардың бір-біріне деген құрметінен басталады деп ойлаймын.

– Атаңыздың қазақ халқына деген ерекше ықыласын айттыңыз. Сондай-ақ Қазақстанда өзімді ешқашан бөтен сезінген емеспін дедіңіз. Қалай ойлайсыз, мұның себебі неде?

– Иә, Қазақстанда өзімді ешқашан бөтен сезінген емеспін. Бұл – менің туған жерім, отбасымның тарихы мен болашағы байланысқан ел. Мұнда менің жақындарым, достарым, ортам бар. Атамның әңгімелері де менің бұл сезіміме әсер етті деп ойлаймын. Ол қазақ халқының қиын кезеңде көрсеткен мейірімін ұмытпай, бізге үнемі айтып отыратын. Сол арқылы мен де осы халыққа деген құрметті бойыма сіңіріп өстім. Мен күрд екенімді мақтан тұтамын, ана тілімді, халқымның мәдениетін құрметтеймін. Сонымен бірге Қазақстанды өз Отаным деп білемін. Бұл екеуінің арасында ешқандай қайшылық жоқ. Адам өзінің ұлттық болмысын сақтай отырып, өзі өмір сүріп жатқан елге де қызмет ете алады. Мен үшін ең маңыздысы – осы құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу. Өз тіліңді ұмытпау, өзгенің мәдениетін құрметтеу, бейбітшілік пен бірлікті бағалау. Атамның өмір жолы маған жақсылықты ұмытпауды үйретті. Мен де осы өнегені жалғастырғым келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.