Педофилден балаңызды қалай қорғауға болады – психоаналитик кеңесі

Автор: Azattyq Rýhy

Танымал психоаналитик Анна Құдияровамен сұхбат

Фотоколлаж

Жуырда ғана Сәтпаев қаласында аулада ойнап жүрген 5 жасар қыз педофил құрбанына айналды. Мұндай оқиғалар еліміздің түкпір-түкпірінде жиі орын алып жатқанын жаңалықтардан оқимыз, естиміз. Көп жағдайда баланың жыныстық зорлық құрбанына айналуы ата-анасының жауапсыздығынан орын алып жатады.

Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі белгілі психоаналитик Анна Құдияровамен сұхбаттасып, педофилияның өршуіне не себеп, зорлықшыдан баланы қалай сақтауға болады деген сұрақтардың жауабын іздеп көрген еді. 

- Анна ханым, Қазақстанда жыныстық қылмыс туралы адам шошырлық жаңалықтарды журналистер жиі жазып жүрміз. Сіздің кабинетіңізге келетін педофил құрбандары көп пе, жалпы,  педофилияның өршіп кетуіне не себеп?

- Педофилияның соңғы кезде өршіп кетуі – күйзелістен. Жағдай қиын, адамдар ашу-ызалары мен күйзелістерін бір жерге шығаруы керек. Білетініміздей, оргазм деген нәрсе түрлі депрессия мен стрестен шығарады. Бейкүнә балапандарға күш керегі жоқ, бір қолмен сүйрей салу жеткілікті. Ал ішкі әлемі агрессияға толы ерлер мен әйелдер осындай зорлық әрекеттерін жасап жатады. Соңғы жылдары менің кабинетімде де педофилия туралы әңгіме көбейіп кетті. Алғашында консультацияға орыстілді адамдар келетін. Содан мен олардың хикаяларын «Исповедь жертвы педофилия» деп фейсбук парақшама шығардым.  Сол жазбаның астына 200-ден астам қыз-келіншек пікір жазып, өздерінің бастарынан да зорлық әрекеті өткенін жазған еді. Ол кезде зорлықшылар қыздың нағашысы, әкесінің немере інісі, көршісі немесе ағасының сыныптастары еді. Бүгінде ұл-қыздарды туған әкелері зорлайтын болған. Мысалы, соңғы үш-төрт айда маған келген  3 бірдей қызды туған әкелері зорлаған. Естісең төбе шашыңды тік тұрғызатын сұмдық жағдай. Олардың екеуі менің клиенттерім, біреуі супервайзерімнің клиенті. Екі қыздың әкесі құқық қорғау органында бастық, ал біреуінің атасы Кеңес кезінде органда жұмыс істеген. Қараңызшы, заңды қадағалайтын, халықты қорғауы тиіс адамдар осындай қылмысқа барып жатыр. Қыздардың біреуі тұрмысқа шыққан, бала-шағасымен бірге тұрып жатыр. Ал енді біреуі күйеуге шыға алмай жүр, себебі, бойында еркекке деген жеккөрініш, еркекке деген сенімсіздік бар. Ол қыз жігіттердің сезімін қабылдамайды, ерлерге жақындамайды. Біз үнемі «қазақтың санын көбейтейік» дегенді айтамыз. Санын емес, қазақтың сапасын жақсартуымыз қажет.

- Сізге емделуге келген педофил адам бар ма?

- Мен педофилмін деп емес, «гомосексуалист сияқтымын» деп келген еркек болды. Жасы 40-тың шамасында, үйленген, екі жасөспірім ұлы бар. Айтуынша, колледждегі жасөспірім студенттерді сайттан тауып алып, соларды құшақтап, иіскеп, жатуды аңсайды.

- Мұны қалай педофилиямен ұштастыруға болады?

- Оның балалары 10-12 жастағы жасөспірім екен. Өзінің балаларына қарап қызығушылық болады, бірақ туған ұлдары болғандықтан оларға жақындай алмай, кәмелеттік жасқа жетпеген колледж балаларына қызығады. Педофилия - ауру, егер ол адам «көмектесіңдер» десе, емдеуге болатын шығар. Бірақ біздің айтып отырғанымыз – жыныстық қылмыс. Олар қорлайды, зорлайды, қанға дейін жеткізіп, тұншықтырып жатыр. Сол себепті, оларды қатаң жазалау керек. Шынайы педофилдер ешқашан зорлық көрсетпейді. Олар балаларды алдайды, кәмпитін береді, аймалайды, оны жақсы көретінін айтып, тізесіне отырғызады. Жасөспірім қыздар өздері оларға еріксіз еріп кетеді. Осы тұста менің қыздарға жаным ашиды. Сонда олар үйлерінде әке-шешесінен «құлыным, алтыным, айналайын» деген сөздерді естімеген ғой. Біреу «айналайын» десе, соңынан кете салады.

- Сол жасөспірімдер педофилдің соңынан еріп кетпес үшін ата-ана оның алдын қалай алуы керек?

- Ең алдымен, ата-әжені, әке-шешені тәрбиелеуіміз керек. Біз осы төрт кісінің санасын жақсылап өзгертіп берсек, мүмкін, солар сақ болатын шығар. Қалай ол бірнеше жыл бойы туған қызын өз күйеуінің зорлап жүргенін байқамайды, әлде көзі соқыр ма? Ондай аналардың жүректері соқыр, сондықтан қызының көңіл-күйі жоқ екенін, қызының жабылып қалғанын, күлімсіремейтінін неге түсінбейді?! Демек, ол қыздың анасында да, әжесі мен әкесінде де гәп бар. Мұны мен бұрын «Үйдегі тыныш тұрмыстық зорлық» деп зерттеп жүретінмін. Тыныш дейтін себебім, бұл жағдайлар ешкімге айтылмай, үйдегі көрпенің астында болып жатыр. Бізде жасөспірімдердің суициді жиі орын алады. Сол суицидтердің себебінің бірі – осындай жыныстық зорлық. Менің жекеме қыз-жігіттер сұмдық оқиғаларды жазып жатыр, оларды жарыққа шығарсам талып қалуға болады. Сонда сол балаларға жауапты әке мен шеше қайда? Ата-ана өзінің баласының жанына жақын болса, сырласуды бүлдіршін кезінен үйретсе, қаншама қайғы-қасіреттің алдын алуға болар еді. Кез келген ата-ана қыз бен ұлға 1,5-2 жасқа келген кезде белден төмен жағыңа «анаңнан басқа ешкім тимеуі керек» дегенді айтуы керек. Әжесі немесе күтушісі болса, оларды қосуға болады. «Сені горшокқа тек әжең апарады, шалбарыңды сол кісі ғана кигізіп, шешеді» деу керек. Әкесі де, ағасы да, атасы да белден төмен қол тигізбеуі керек деп түсіндіру қажет. Ал ұлдарды моншаға әкелері апаруы тиіс. Сондай-ақ, бейтаныс адамға барма, бөтен адамнан тәтті алма дегенді де баланың құлағына кішкентайынан сіңірген дұрыс.

- Мұндай кеңестерден кейін баланың бойында әкесіне, атасына немесе қоғамға деген сенімсіздік пайда болмай ма?

- Сол себепті, ата-анаға психологиялық тренингтер өткізіп, балаға қай жаста, қандай сөздер айту керек екенін үйрету қажет. Біз баламызды кезінде «педофилия», «зорлық, «қылмыс» деген сөздермен қорқытқан жоқпыз. Біз оларға: «Сендер сондай ақылдысыңдар, сүйкімдісіңдер. Басқалардың мама-папалары сендерді өзімен алып кетеді. Оның балалары бұзық, біз сендерді жақсы көреміз. Біреу саған «маған бала бол» десе, үйге жүгір дейтінбіз. Сондай-ақ, ата-ана күн сайын баласының эмоциясын қадағалап отыруы керек. Маған келетін 20 жастағы қыздардың көпшілігі «демалысқа үйге барғанда әкем маңдайымнан иіскемеді» деп жылайды ғой. Сосын айдалада бір жігіт жылы сөз айтып, маңдайынан иіскесе, елжіреп кетеді. Әкелер құшақтамаса да, жылы сөз айтулары керек. Психологиялық заңдылық бойынша, ата-анасы әрбір балақайды күніне 8 рет құшақтауы керек. Сіздің жаныңыздың, тәніңіздің жылуын алған бала, көршінің үйіне жүгірмейді, бөтеннің артынан ермейді.  

- Сіз тікелей эфиріңіздің бірінде жекеңізге адам шошырлық хаттар келетінін айттыңыз. Солардың ішінде сіздің есіңізден кетпей қойған оқиға бар ма?

- Менің бір клиентімнің жантүршігерлік хикаясы есімде қатты қалып қойыпты. Онда педофил-әке туған қызы мен ұлын байлап қойып, екеуін де зорлайды. Одан кейін ұлына қызын, яғни, қарындасын зорлатады. Осы айуандыққа шыдай алмаған жасөспірім ағасы асылып өліп қалған. Кішкентай қыздың санасы өлімге жетпеген, бірақ оның санасында қандай жарақат қалды десеңізші. Қазір кез келген ата-ана баласына сақ болуы керек. Әрине, осындай жағдайлардан кейін жасөспірімдер бейсаналы, саналы түрде өз-өздеріне қол жұмсайды. Бала мектепте нашар оқыса, көңіл-күйі болмаса, суицидке ұмытылатын болса, алдымен отбасына үңілуі керек. Кейіпкерлерімнің көбі: «Әкемізден қорқамыз, дастархан басында дауыс көтермейтін едік» дейді. Кейбір отбасындағы әкелер кесеге салынған қантты араластырғандағы қасықтың даусына шыдамай, балаларын дастархан басынан қуып жібереді. Егер ол бала дастархан басында кесесін араластырмаса, оның тойып тамақ ішпейтіні анық қой. 

- Анна ханым, жоғарыда қыздарын туған әкелері зорлағаны туралы айттыңыз. Жалпы, бұл педофилиядан бұрын психологиялық ауытқуға жатпай ма?

- Иә, мұны ауытқу деуге де болады. Психоанализдің теориясында қазақ және орыс тілінде бұған қатысты зерттеулер жоқ. Бірақ неміс, ағылшын тілінде жетерлік. Сол зерттеулердің нәтижесі бойынша педофилдер немесе жыныстық қылмыскерлердің көпшілігі – кезінде өздері құрбан болғандар. Бізде қорғау механизмдері бар. Соның бірі – агрессормен идентификациялану. Яғни, ол зорлықшыға айналғанын өзі де білмей қалады. Соғыстан кеткендерде контузия болады дейміз ғой, оларда да эмоциялық контузия туындайды. Өзі зорлық көрген жанның ішіндегі жарасы қансырап тұрады, сол жараны бүтіндеу үшін бұлар да біреуді зорлауы керек.

- Желідегі парақшаңыздан педофилдерге арналған кино түсірейін деп жатқандарыңыз туралы ақпарат оқыған едім. Осы туралы айтып берсеңіз?

- Педофилия – ғасырлар бойы болған құбылыс. Бірақ осыны азайтып, алдын алу үшін біз қоғам болып жұмыс жасауымыз керек. Мұның алдын алу үшін біз халықтан ақша жинап, «Педофил әкенің құрбанымын» атты көркем фильм түсірейік деп жатырмыз. Бүгінде менің жеке шотыма 600 мың теңгеге жуық ақша жиналды. Бұл тақырыптың қыз-келіншектер үшін өзектілігі соншалық, маған соңғы 110, 430 теңгелерін жіберіп, осы кино «жарыққа шықсыншы» деп жазып жатқан қыз-келіншектер қаншама?! Қазір көркем фильмнің сценарийі жазылу үстінде. Көркем фильм халықтың қалтасынан жинаған ақшаға түсірілгеннен кейін, дайын болған кезде біз оны барлық платформалардан мүмкіндігінше тегін көрсететін боламыз.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан