«Қара тізімге» еніп, өмір бойы донор болу құқығынан айырылады: Қазақстанда қан тапсырып, ауру жұқтыру мүмкін бе
Донордың қаны зертханалық бақылаудан өтпей тұрып басқа адамға құйылмайды
Донорлыққа қан тапсырып, АИТВ жұқтыру мүмкін бе? Қоғамда осы сұрақтың айналасында күдік пен күмән көп. Кейбірі таныстарының «қан тапсырып, инфекция жұқтырғанын» сенімді түрде айтады. Azattyq Rýhy тілшісі мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Қан орталығымен байланысты. Дәрігер-трансфузиолог Сания Әбдірахманова қан тапсыру туралы мифтерге және бізді қызықтырған басқа да сұрақтарға жауап берді.
Қан тапсырғанда АИТВ жұға ма?
Дәрігердің айтуынша, қан тапсыру кезінде ауру жұқтыру мүмкіндігі 0 пайызға тең. Қан тапсыруға келген донорға АИТВ, гепатит сияқты қауіпті инфекцияларды жұғуы мүмкін емес. Себебі, қан алуға қажетті барлық құралдар 100% стерильді болады және олар бір рет қана қолданылады. Маман оларды донордың көзінше ашып, пайдаланған соң дереу көзін жояды. Донордың қаны науқастардың қанымен ешқашан араласпайды, сыртқа ортамен де әрекеттеспейді.
Ал АИТВ жұқтырған адам әдейі қан тапсырса, не болады?
Донордан алынған қан бірден пациентке құйылмайды. Алдымен ол зертханалық тексеруден өтеді. Қан АИТВ және басқа да инфекциялардың маркерлеріне тексеріледі.
Тексерудің екі сатылы әдісі бар. Алдымен зертханада оның құрамында АИТВ вирусы немесе инфекцияның белгілері бар-жоғы тексеріледі. Зерттеудің бірі қанда инфекцияға қарсы ағзаның қорғаныс белгілерін іздесе, ПТР әдісі вирустың өзін анықтауға көмектеседі. Донордың қаны міндетті зертханалық бақылаудан өтпей тұрып медициналық мақсатта пайдаланылмайды. Егер инфекция анықталса, қан компоненттері науқастарға құйылмайды. Дәрігердің айтуынша, Қазақстанда АИТВ жұқтырғанын біле тұра, қан тапсырған жағдайлар сирек болса да, кездеседі. Мұндай жағдайда донордың қаны толығымен жойылады. Донор «қара тізімге» енгізіліп, өмір бойы донор болу құқығынан айырылады. Содан соң ол туралы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығына және құқық қорғау органдарына хабарланады. ҚР Қылмыстық кодексінің 118-бабына сәйкес, АИТВ жұқтыру қаупін әдейі төндіру немесе жұқтыру қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Донор қан тапсырар алдында қандай тексеруден өтеді?
Көпшілік қан тапсыру үшін емханадан түрлі анықтама жинап келу керек деп ойлайды. Негізінен медициналық тесеріс дәл қан орталығының өзінде жүргізіледі. Алдымен донор сауалнама толтырады. Оның созылмалы және жұқпалы аурулары, қабылдап жүрген дәрілері, бұрынғы операциялары, медициналық процедуралары, татуировкасы мен пирсингі сияқты мәліметтер сұралады. Одан кейін азаматты медициналық ақпараттық базадан іздейді, осылайша донордың белгілі бір ауруларға байланысты есепте тұрғаны не тұрмағаны анықталады.
Келесі кезеңде қанның негізгі көрсеткіштері тексеріледі. Атап айтқанда, қан тобы, резус-фактор, гемоглобин, Kell антигені және АЛТ көрсеткіші анықталады. Соңында дәрігер донорды қарап, қан қысымын, дене қызуын, тамыр соғысын өлшейді, бойы мен салмағын анықтайды және жалпы денсаулық жағдайын бағалайды. Осы тексерулердің нәтижесіне қарай ғана адам қан тапсыруға жіберіледі немесе одан уақытша не тұрақты түрде шеттетіледі.

Тапсырылған қанның бәрі пациентке құйыла ма?
Жоқ. Донорлыққа жарамды деп алынған қанның өзі бірнеше кезеңнен өтеді. Жыл сайын Қазақстанда шамамен 220 мыңға жуық донация жасалады. Соның нәтижесінде ондаған мың литр қан мен оның компоненттері дайындалады. Алынған қанның шамамен 2–5 пайызы түрлі себептерге байланысты жарамсыз деп танылады.
Мысалы, оның құрамында АИТВ, В немесе С гепатиті, мерез сияқты инфекциялардың маркерлері анықталуы мүмкін. Кей жағдайда қан плазмасында май бөлшектері шамадан тыс көп болады. Бұл жағдай хилёз деп аталады, ол зертханалық талдаулар жасауды қиындатады.
Бұдан бөлек, қан жиналған контейнердің герметикалығы бұзылса, қан ұйып қалса немесе оны дайындау мен өңдеу барысында технологиялық ақау анықталса, компоненттер медициналық мақсатта қолданылмайды. Жарамсыз қан пациенттерге құйылмайды. Ол медициналық қалдықтарды басқару талаптарына сәйкес залалсыздандырылады.
Ер адамдар көп қан тапсыра ма, әйелдер ме?
Қан орталығының мәліметінше, донорлардың шамамен 65–70 пайызы – ер адамдар. Әйелдердің үлесі төменірек. Бұған әйел ағзасының физиологиялық ерекшеліктері себеп болуы мүмкін. Гемоглобин деңгейі, етеккір циклі, жүктілік және бала емізу кезеңдері белгілі бір уақытқа донорлыққа шектеу қояды. Жалпы донорлардың арасында жастар, студенттер, әскери қызметкерлер және түрлі өндіріс орындарының ұжымдары белсенді болып келеді.
Дәрігерлердің сөзінше, тұрақты түрде жылына 2-3 рет қан тапсыратын донорлар үлесін әлі де арттыру қажет. Сания Әбдірахманова атағандай, тұрақты донорларды ынталандыру мақсатында биыл «Құрметті донор» төсбелгісі енгізілді. Оған қан мен тромбоцитті кемінде 40 рет немесе плазманы кемінде 70 рет тегін тапсырған донорлар ие болады.
Қазір Қазақстанда осы талапқа сай келетін 481 донор бар. Олардың қатары жыл сайын шамамен 80–90 адамға артады деген үміт бар.
Елімізде қай қан тобы жетпейді?
Шұғыл жағдайлар үшін қан қоры сақталады. Мысалы, апат, күрделі операция немесе босану кезінде қан компоненттеріне сұраныс бірден артуы мүмкін. Қанның сақтау мерзімі де шектеулі. Эритроциттік компоненттер шамамен 35–42 күн, ал мұздатылған плазма бірнеше жылға дейін сақталуы мүмкін. Әсіресе резус-факторы теріс қан топтарына сұраныс жоғары. Себебі мұндай қан тобы бар адамдардың үлесі халық арасында салыстырмалы түрде аз.
Резус-факторы оң бірінші және екінші қан топтары көп қолданылады. Сондықтан қан қорын бір рет жинап қою жеткіліксіз. Оны тұрақты түрде толықтырып отыру қажет.
Қан тапсыру денсаулыққа зиян ба?
Ден сау адам әдетте бір дегенде 450 мл қан тапсыра алады. Оның денсаулыққа зияны жоқ. Қан тапсырғаннан кейін ағза алдымен жоғалған сұйықтықтың орнын толтырады, ал қан жасушаларының толық қалпына келуі бірнеше аптаға созылады. Дәрігердің айтуынша, қан тапсырған кезде ағзада бірнеше өзгеріс болады. Қанның көлемі уақытша азаяды, оны қайта қалпына келтіру үшін ағза жаңа қан жасушаларын түзе бастайды. Осыдан кейін тұрақты донор болатын адамдардың ағзасында артық темірдің мөлшері азаюы мүмкін. Бірақ қан тапсыруды ем деп қабылдауға болмайды. Психологиялық жағынан, қан тапсыру адамға «жақсылық жасап жатырмын» деген қуаныш сезімін сыйлайды.
Дәрігердің айтуынша, ең бастысы, қан тапсыру адамның өз еркімен және медициналық талаптарға сай жүргізілуі керек.