Шаңырақтан қыранға дейін: Мемлекеттік рәміздердегі ұлттық код нені білдіреді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Маманның айтуынша, рәміздердегі әр бейне Қазақстанның ұлттық болмысын танытады

  

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін айқындайтын басты белгілердің бірі. Алайда Тудағы күн мен қыранның, Елтаңбадағы шаңырақ пен қанатты тұлпарлардың мәнін көпшілік күнделікті өмірде терең талдай бермейді. Ал геральдика тұрғысынан қарағанда, олардың әрқайсысының өзіндік символдық жүгі бар. Бір қарағанда бөлек көрінетін бұл бейнелердің барлығы қандай идеяға тоғысады? Қазақстанның Мемлекеттік рәміздеріндегі осы белгілердің мәнін Геральдикалық зерттеулер орталығының Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Сұлтан  Оразаев Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында баяндап берді.

– Елтаңбадағы ең негізгі бейне – шаңырақ. Оның дәл осы элемент ретінде таңдалуы кездейсоқ емес екені белгілі. Шаңырақтың қазақ дүниетанымындағы орны қандай және мемлекеттік рәмізге енген кезде оның мағынасы қалай кеңейді?

– Шаңырақ – көшпенділер мәдениетіндегі киіз үйдің ең жоғарғы, қасиетті бөлігі. Ол отбасылық ошақтың, бейбітшілік пен тыныштықтың символы. Геральдикалық семантика тұрғысынан алғанда, Мемлекеттік елтаңбадағы шаңырақ Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйін, біртұтас Отанын білдіреді.

Шаңырақтың мықтылығы мемлекет іргетасының беріктігін көрсетеді. Ал одан тараған уықтар күн сәулесі іспетті. Олар осы ортақ үйдегі әрбір азаматтың орны мен маңызын, теңдігін білдіреді. Яғни Елтаңбадағы шаңырақты тек ұлттық мәдениеттің белгісі деп қабылдау жеткіліксіз. Оның астарында ортақ Отан, бір шаңырақ астындағы қоғам және мемлекеттің тұтастығы деген түсінік жатыр.

– Демек, шаңырақтың айналасындағы өзге элементтер де осы тұтастық идеясын толықтыруы керек. Елтаңбадағы қос қанатты тұлпардың да шаңырақтың екі жағында орналасуы бекер емес шығар. Бұл тұлпарлардың негізгі қызметі қандай және олардың қанатты әрі мүйізді болуы қандай мағына береді?

– Классикалық геральдика тілімен айтқанда, Қазақстан Елтаңбасындағы тұлпарлар «қалқан ұстаушылар» қызметін атқарады. Олар орталық элемент – шаңырақты екі жағынан қорғап тұр. Олардың қанатты және мүйізді болуы әлемдік геральдикадағы Pegasus, яғни Пырақ, пен Unicornis – Жалғызмүйіз бейнелерімен үндеседі. Бірақ біздің Елтаңбадағы тұлпарлардың өзіндік ұлттық коды бар.

Еуропалық дәстүрде Пырақ шабыттың, даңқтың, рухани биікке самғаудың және хабар жеткізуші жылдамдықтың символы болса, Жалғызмүйіз кіршіксіз тазалықты, тектілікті, бағынбас ерік-жігерді және тәуелсіз билікті білдіреді.

Ал Қазақстан Елтаңбасындағы тұлпарлар мемлекеттің уақыт пен кеңістіктегі тоқтаусыз алға жылжуын, жасампаздығын және еркін дамуын білдіреді. Олардың айқын көрінетін мүйіздері де жай ғана сәндік элемент емес. Бұл – сақ дәуіріндегі «аң стиліне» жасалған тарихи сілтеме.

– Тұлпарлардың бейнесінен еркіндік пен қозғалыс идеясы байқалады. Ал Елтаңбаның екінші жағынан Тудағы қыранды көреміз. Қыран да еркіндік ұғымымен байланысты қабылданады. Бірақ геральдикада қыранның өзге мағыналары бар екенін айттыңыз. Қазақстанның Мемлекеттік Туындағы қыранның ерекшелігі неде?

– Классикалық геральдикада Күн – даңқ пен мәңгілік қуаттың белгісі. Алайда біздің Тудағы күннің өзіндік ерекшелігі бар. Оның сәулелері бидай дәнінің пішінінде берілген. Ал геральдикада дән мен масақ молшылықтың, тоқшылық пен байлықтың іргелі символы саналады. Бұл Қазақстанның экономикалық әлеуетін, жерінің құт-берекесін және халықтың жасампаз еңбегімен келетін байлықты бейнелейді.

Қыранға келсек, әлемдік геральдикада ол көбіне күштің, империялық биліктің, үстемдік пен агрессияның белгісі ретінде қолданылған. Бірақ біздің Мемлекеттік Тудағы қыранның мағынасы өзгеше. Қазақстандық қыранның тырнағында қару жоқ, ол шабуылға дайын тұрған жоқ. Керісінше, алтын күннің астында еркін қалықтап бара жатыр. Сондықтан бұл жерде қыран үстемдікті емес, еркіндікті, тәуелсіздік рухын және бейбіт кеңістіктегі самғауды білдіреді.

Күн астындағы қалықтаған құс – Қазақстанның ашық аспан астында ешкімге тәуелді болмай, өз жолымен өркендеп, әлемдік өркениетке еркін қанат қағуын білдіретін гуманистік идея.

– Яғни Тудағы күн тек жарық пен жылудың, ал қыран тек еркіндіктің белгісі емес екен. Бірінде халықтың еңбегі мен елдің берекесі, екіншісінде тәуелсіздік идеясы жатыр. Ал шаңырақ, тұлпар, күн мен қыранды біртұтас композиция ретінде қарастырсақ, олардың барлығы қандай ортақ ұлттық идеяны білдіреді?

– Мемлекеттік рәміздер – мінсіз құрылымдалған семантикалық матрица. Тудың көгілдір фоны бөлінбестік пен бейбіт кеңістікті білдіреді. Ал күн мен қыран классикалық геральдикадағы империялық үстемдіктен арылған таза азаматтық еркіндік пен экономикалық қуатты бейнелейді.

Елтаңбадағы шаңырақ пен одан тараған уықтар қоғамның бірігуін көрсетеді. Ал қос қанатты әрі мүйізді тұлпар ортақ мемлекеттіліктің қорғанысын және елдің эволюциялық дамуын білдіреді. Яғни бұл элементтердің барлығы біріге отырып, Қазақстанның ұлттық-идеологиялық кодын қалыптастырады.

– Бұл жерде ұлттық бірлік мәселесі де айқын көрінеді. Шаңырақ – ортақ үйді, уықтар – сол үйдегі әр азаматтың орнын білдіреді, ал Тудағы көк түс пен қыран – бейбіт әрі еркін мемлекет идеясын жеткізеді. Осындай мағыналарды бүгінгі ұрпақ қаншалықты түсініп жүр деп ойлайсыз? Рәміздерді тек жаттап қана қоймай, оның мәнін сезіну үшін не қажет?

– Тәуелсіздік дегеніміз жай ғана саяси ұғым немесе құрғақ сөз емес. Ол – кіндік қаның тамған жерің, өсіп-өнген елің, қорғаныш болар Отаның. Ал мемлекеттік рәміздер – сол қасиетті құндылықтардың көзге көрінетін, тұтас халықтың рухын біріктіретін ең биік бейнесі. Тудағы ашық аспан мен еркін қыран – жеке азаматтың еркіндігі мен арманының көрінісі болса, Елтаңбадағы шаңырақ – өз отбасыңның, өз үйіңнің тыныштығы мен тұтастығы.

Сондықтан рәміздерге деген құрмет тек мемлекеттік атрибутқа бас ию емес. Ол ең алдымен өзіңнің тамырыңа, өзің өмір сүріп жатқан тәуелсіз кеңістікке және өз қадір-қасиетіңе деген құрмет.

– Сіз рәміздердің мәнін азаматтың жеке өмірімен байланыстырып отырсыз. Бұл ойды күнделікті өмірден қандай мысалмен түсіндіруге болады? Мемлекеттік рәміздің адамның өзіне деген жауапкершілігімен байланысын қайдан көруге болады?

– Мұның ең өміршең әрі түсінікті мысалы – біздің төлқұжатымыз. Шетелге шыққанда қолыңыздағы көк төлқұжаттың сыртындағы Елтаңба жай ғана сурет емес. Ол бүкіл әлемге: «Бұл адам жалғыз емес, оның артында тәуелсіз мемлекет тұр және оның өмірі мен еркіндігі Қазақстан Республикасының мызғымас қорғауында» деген қуатты дипломатиялық кепілдікті білдіреді.

Осыдан үлкен азаматтық борыш туындайды. Рәміздер сізді қорғаса, сіз де кез келген жерде сол рәміздерді қорғауға міндеттісіз.

– Сонда рәміздерді қорғау дегенді тек Ту мен Елтаңбаға құрмет көрсету деп түсінбеуіміз керек қой. Азаматтың бұл жердегі нақты жауапкершілігі неде?

– Рәмізді қорғау тек оны құрметтеумен шектелмейді. Ол – мемлекеттің беделіне нұқсан келтірмеу, Ту мен Елтаңбаның қадір-қасиетін аяққа таптатпау және өз еліңнің атын биік ұстау. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді білу – оның әрбір элементінің атауын жаттап алу ғана емес. Шаңырақтың мәнін түсіну – ортақ үйіңнің қадірін білу, қыранды түсіну – еркіндіктің бағасын сезіну, ал көк Туға құрметпен қарау – өзің өмір сүріп отырған тәуелсіз мемлекетті құрметтеу деген сөз.

– Сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз!