Ерекболат Қабылда Көбейтұзды бір жыл бұрын зерттей бастаған
Қазақстандықтар үшін биыл ерекше жаңалық болған Көбейтұз көліндегі қоқыстар, көлдегі балшық пен тұздың сатылымға шығуы, қымбат көлік мінген келушінің көл ортасына баса-көктеп кіруі әлі де талқыланып жатыр. Еліміздің Экология министрі де аталған көлге барып, ғылыми дәлел-дәйексіз «Көлдің қайта қалпына келуіне 15 жыл уақыт қажет» дегенді кесіп айтты.
Azattyq Rýhy тілшісі Көбейтұз көлі туралы өзіндік зерттеуін бір жыл бұрын бастап кеткен өлкетанушы Ерекболат Қабылдамен сұхбаттасып, көлдің қайта қалпына келуіне қанша уақыт кететінін сұрап білген еді.
КӨБЕЙТҰЗ КӨЛІНІҢ ЕРЕКШЕ ТҰЗЫ ТУРАЛЫ
- Ерекболат мырза, биыл барша қазақстандықтар үшін ерекше жаңалық болған Көбейтұз көлін өзіңіз осыдан бір жыл бұрын зерттеп, қызғылт көл туралы баспасөз беттерінде зерттеу мақала жазған екенсіз. Жалпы, аталған көл туралы жинаған қызықты деректеріңіз туралы оқырмандарымызға тарқатып айтып берсеңіз?
- Өткен жылдың тамыз айында Facebook желісінен қызғылт көл бар екенін оқып қалдым. Сол жылы қыркүйектің басында жол түсіп, Көбейтұзға бардым. Күзді күннің өзінде көлдің қызғылты да, сұлулығы да дәл қазіргідей сақталып тұрды. 90 жыл бұрын анықталған тұзды көлдің құрамын көру үшін сол кезде 5 литр суды зертханадан өткізуге алып келдім. 1 литр сулы сұйықтықта хлоридті тұз 201,6 грамм, алсульфат 100 грамм/л болды. Мәселен Өлі теңіздің құрамындағы тұздың құрамы адам терісінің минералды құрамына сәйкес келеді екен.
Көбейтұз көлінде де Өлі теңіздегідей тұзды минералды сұйықтық қоры бар екен. Энциклопедиялық анықтамаға сүйенсек, тұзға қанық суы бар тұзды көлдерді рапо деп атаған. Материктердегі тұзды көлдердің құрамында тұздың түзілуіне оларды қоршаған таулы аймақтың әсері басым. Аталған зерттеулерге сүйенсек, Көбейтұз көлінің астында тұзды шың бар екеніне күмән жоқ. Себебі, жақын жатқан Теңіз және Қоржынкөл суларында ондай тұз жоқ.
- Демек, Көбейтұз көліндегі тұз Эккология министрлігі айтқандай, қарапайым «ақ тұз» емес қой?
- Экология комитетінің басшысы «бұл қарапайым ақ тұз» деді. Көлдің тұзы мен суын зерттемей жатып, неге бұлай айтады?! Аралдың ақ тұзы ешқашан қызыл бола алмайды, ал мынаның өз ерекшелігі бар. Ақмола облысының СЭС қызметкерлері туристер ағылып жатқан жерді тексеріп, олардың қандай су ішіп, қандай балшыққа шомылып жатқанын зерттеп, айтулары керек. «Астана су арнасы» көлдің суын жәй сумен салыстырып, зерттеуі қажет. Балшығын алып, Мойылдыға апарса, құрамын толықтай салыстырып, ашып береді. Бұл туралы портал арқылы Ақмола облысының әкіміне дәретхана, қоқыс салатын жәшік қоюды ұсынып, хат жазғанмын.
Ал көлдің суына келер болсақ, су буланғанда әртүрлі тұз бір уақытта түспейді, олар өздеріне ғана тән бір тәртіппен түсетіні де белгілі. Магний, кальций булану барысындағы процесте алғашқылардың бірі болып бөлінеді екен. Сонымен қатар көлдегі тұздық масса мен оның тұздылық деңгейі геологиялық, климаттық және басқа да жағдайларға қарай өзгеріп отыруы да мүмкін. Бұл тұздың химиялық құрамын анықтау үшін аудандық, облыстық санэпидстанцияның арнайы кешендік зертханалық тексерулері қажет.
КӨБЕЙТҰЗ КӨЛІНІҢ СУЫ ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
- Өзіңіз зертханаға апарған бес литр судың құрамы қандай болып шықты?
- Бес литрлік ыдыспен әкелінген Көбейтұз суында қышқылдық көрсеткіш 7,53 бірліктегі рh құрады. Қышқылды су немесе «өлі су» деп атап кеткеніміздей, бұл ph көрсеткіші 7-ден төменді көрсеткендегі су. Мұндай су біздің ағзамызды қышқылдандырады. Сондықтан ол ішуге жарамсыз, бірақ сыртқа пайдалануға болады. Қышқылды су терімізге өте жайлы, себебі, тері қышқылды органға жатады (5,5 ph қышқылды болуы организмімізді қандай да бір бактериялардан сақтайды). Осындай «өлі суды» мейлінше көп қолданғандардың терілері жұмсақ, тегіс болып келсе, кран суымен жуынғандарда ондай айырмашылық байқалмайды (ph 7). Бұл сумен жуынғанда шаш бактериялардан қорғалады, тері қышуы мен қайызғақтың болдырмауы, шаштың түспеуі сияқты жағымды жағдайлар жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, теріде пайда болатын безеу, бөртпені кетіреді, жарақат болған жағдайда аталған судың емдеу қасиетін байқауға болады. Жапонияда құрамында тұзы бар судың: ангина, дизентерия, экзема, псориаз, фурункулезге, диабеттік ауруда пайда болатын жараларға емдік пайдасы зор екені дәлелденген.
- Көбейтұз көлінің суын зертханаға апарудан бөлек, Ұлттық кітапханаға барып, көл туралы ақпарат іздегеніңіз жайлы жазбаңызды оқыдым. Аталған көл туралы зерттеулер бар ма екен?
- Иә, бұл көлдің құпиясы жанымды жай таптырмай, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кітапхананың мұрағатын ақтардым. Өкінішке қарай, Көбейтұз туралы Қазақстанның, Ақмола облысы мен аудандарының энциклопедиялық анықтамаларынан бірде-бір дерек таба алмадым. Сонда да ізденіп жүріп, кітапханашылардың еңбегінің арқасында, ғалым-энциклопедисттердің 1931 жылғы жазбасын таптым (Сібір Совет энциклопедиясы, 2-том, М. 1931 ж., 782-бет).
КӨБЕЙТҰЗДЫҢ ЕМДІК ҚАСИЕТІ ҚАНДАЙ?
- Көбейтұздың балшығы мен тұзын келуші жұрт шелектеп алып кетіп, тіпті, кейбірі әлеуметтік желі арқылы сатылымға шығаруда. Бұл көл тұзы мен балшығының қандай емдік қасиеттері бар?
- Табиғи судың құрамында жалпы тұз өзіндік параметрлермен, яғни жалпы минерализация — суда толық еріп кеткен тұздардың массалық концентрациясымен сипатталады. Көрсеткіштерді анықтау үшін бір литр фильтрленген суды буландырады, 105°С температурада кептірілген құрғақ қалдықтарды өлшейді. 2019 жылдың қыркүйек айының соңында зертханаларда өткізілген тексерулердің қорытындысында Ерейментаудағы Көбейтұз көлінің беткі қабатындағы көрсеткіштер бір литр суда 334 грамм көрсеткен (тексеру хаттамасы ШЖҚ РММ «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» ҚР Президент Істері басқармасы медицина орталығы, №10, 24 қыркүйек 2019 жыл). Байқағанымыздай, бұл көлдің көрсеткіші Өлі теңіздің құрамындағы тұздың көрсеткішімен теңескен. Жазықтағы кәдімгі Көбейтұз көлі әлемдік рекордты жаңартты десек те болады. Шалғайдағы Өлі теңіздің емдік қасиеті туралы өте ертеден-ақ айтылып жатыр. Иудейлер мен римдіктер оның жағалауына балшықпен емдейтін емханалар салған екен.
Ежелгі Рим тарихшысы Флавий 2000 жыл бұрынғы жазбасында Ирод ханның маңызды мемлекеттік істерден соң Өлі теңіз жағалауындағы ыстық бұлақтарда демалғанын жазған. Клеопатра ханшайым да бұл минералды судың теріні жасарту әсерін білгендіктен, оны жиі пайдаланған. Көшпенді халықтар да балшықты тері, буын ауруларында, сонымен қатар соғыс жорықтарында алған жараларына жағып, емделген. Көлдің түбінен шабылып алынған ақ кесектерді көшіп жүрген ел тамақ даярлауға пайдаланса, ірі қара малға тұз есебінде кесек-кесектеп алдына тастап отырған. Сонымен қатар жәрмеңкелерде тауар ретінде қажетті заттарға айырбас та жасаған. Тұз кесегіндегі минералды құрамы, микроорганизмдерінің ерекше қасиеттері оның биологиялық құндылығын арттырып отырған. Бүгінгі таңда көлдегі рапаны медициналық емдік жағынан әртүрлі әдіспен пайдаланып отыр. Температурасын арнайы қыздыра отырып көтеріп пайдалануда, сонымен қатар, ашық көл жағалауында күн сәулесімен үйлестіріп те қолдануда (20-32 градус Цельсий бағанымен). Температура 30-дан 38 градусқа дейін, концентрациясы 1-ден 26 градусқа дейін өзгеріп отырады. Ем алу уақыты 10-30 минут арасын құрайды.
КӨЛ НЕ СЕБЕПТЕН ҚЫЗҒЫЛТ ТҮСКЕ БОЯЛАДЫ?
- Көлдің қызғыл түсті болуы ненің әсері?
- Көбейтұз көлінің булану деңгейі биылғы жылы күннің қатты ысуының салдарынан, қоршаған орта температурасының көтерілуіне байланысты тұз концентратының өзгеріске ұшырауына әкеліп соқты. Мұндай өзгеріс ( 8-10 жылда бір рет болады екен) күннің ерекше ыстық болуы тұзды көлдегі біржасушалы жасыл теңіз балдырларының белсенді түрде көбеюіне әсер еткен (Dunaliellasalina), олар тек тұзды көлдерде ғана пайда болады. Тұзды суларда өсіп өнуіне β-каротин әсер етіп, жоғарғы концентрация балдырларды жарық сәулелерінен қорғайды, глицеролдың жоғарғы концентрациясы қысымнан сақтайды. «Көбейтұз» көлінің биыл қызғылт түске боялуы тұз көлемінің ұлғаюынан болды деп жүр. Қараңыздар, екі сөзден құралған Көбейтұз атауының өзінде терең мағына жатыр. «Көбею» бұл жерде біртекті тірі организмнің геометриялық өсу,і көбеюі, кеңеюі мағынасын берсе, («Қазақ Ұлттық энциклопедиясы», 4-том, Ж-К, А. - 2002 ж., 675-бет). Екіншіден, тұз тірі организмнің осындай ортада өсіп-өнуіне ықпал еткен Шынымен де, бұл ерекше жағдай. Біздің ата-бабаларымыздың қолында арнайы микроскоп болмаса да, судың құрамы мен ондағы балдырлардың көбеюіне орай атауын да дұрыс берген.
Табиғаттың жайлы кезінде бета-каротин бөліп шығаруы себепті, көлдегі рапаның түсі қызғылт түске боялады. Бұл шынымен, Сарыарқа жеріндегі ғажайып көрініс болып тұр. Тіпті, сонау алыстағы Марстың қызыл түсімен де сәйкестендірген болжамдар болды. Ал Өлі теңізде неге рапаның түрі қызғылт болмайды деген сауалға айтарымыз, оның құрамындағы дуналиелла балдырларындағы жасушалар саны өте аз (4-6 жасуша мл) .
- Жоғарыда дуналиелла балдырлары туралы айттыңыз. Көбейтұздың қызғылт түске боялуы осы балдырлардың әсерінен бе?
- Дуналиелла құрамы бета-каротиннен тұратын (А провитамині), жалпы салмағының 60-70%-ын бета-каротин құрайтын әлемдегі жалғыз организм, ол микробалдырларға керемет антиоксиданттық құрам береді. Бұл көрсеткіш сәбіз, саңырауқұлақ құрамындағы бета-каротиннен әлдеқайда мол. Сонымен қатар балдырлардан: альфа-каротин, криптоксантин, зеаксантин, лютеин, кантаксантин және фикотин, B тобындағы дәрумендер табылған.
Бета-каротин (А провитамині) тағамдық өндірісте: сары май жасауда, ірімшік, химиялық – фармацевтік өндірісте, медицинада, косметологияда, онкологиялық емдеу мен аурудың алдын алуда кеңінен қолданылады. Жүрек-қан тамырлары дертінде, организмге белсенді қосымша ретінде де пайдаланылады. Сондықтан кішкентай ғана дуналиелла көптеген елдерде өндірістік масштабта қолданыста, тері қабатын жасартуға, радияциялық сәулелерден қорғауда, иммунитетті көтеруде де қолданылады.
КӨЛДІҢ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛУІНЕ ЖАРТЫ САҒАТ ЖЕТЕДІ
- Биыл келушілердің көбеюінен Көбейтұз көлінің сәні кетті. Осыған байланысты эколог-мамандар көлдің қайта қалпына келуіне 15 жыл керек екенін айтып, дабыл қақты. Расымен де, Көбейтұздың қайта қалпына келуіне 15 жыл кете ме, көлдің қарайып кетуіне не себеп болып отыр?
- Көл жиегіндегі балшықты алған соң қарайып кеткен. Экология комитетінің басшысы «Көлдегі ойылған жердің қайта қалпына келуіне 15 жыл керек» деді. Ол кісі мұндай ақпаратты қандай ғылыми зерттеулерге сүйеніп айтқанын түсінбедім. Мұндай өзгерістерді табиғат өзі қалпына келтіріп алады, ары кетсе, жарты сағат уақыт жетеді. Бұл көлге де әрине, күтім керек. Қай жерін оюға болатын-болмайтынын айтып, келушілердің өз қоқыстарын өзімен бірге алып шыққан-шықпағанын шыға берісте тексеріп тұрса немесе кірер кезде қоқыс салатын қапты тегін таратып тұрса болады ғой. Ерекше статус бергендіктен, алда сондай мүмкіндіктерге ие бола жатармыз.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан