«Қобыз киесі адам ниетінің ақ-қарасын көрсетеді»: Париж сахнасын тәнті еткен күйші көне өнердің құпиясын айтты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Дәуір тынысын жалғап жүрген күйші күй үйрену үшін құйма құлақ дәстүрінің жалғасқаны өте маңызды екенін айтады

Фото: Раушан Оразбайдың жеке мұрағатынан

Қазақ дүниетанымында қобыздың орны бөлек. Ол – жай ғана көне музыкалық аспап емес, халықтың тарихы, дүниетанымы, қуанышы мен қасіреті, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани жады. Қобыздың үнін тыңдағанда адам тек әуен естімейді, тұтас бір дәуірдің тынысын сезінеді деген түсінік бекер қалыптаспаған. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, күйші, ұстаз Раушан Оразбай – қобызды тек орындаушы емес, оның философиясын зерттеп, көне мұраны бүгінгі ұрпақпен жалғап жүрген санаулы өнерпаздардың бірі. Ол үшін күй – сахнада орындалатын шығарма ғана емес, уақытпен үндескен рухани диалог. Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбатында қобыздың киесі, ұлттық болмыс, шәкірт тәрбиесі және дәстүрдің болашағы туралы әңгімелестік.

– Сіз сұхбаттарыңызда қобызды тек музыкалық аспап емес, адамның ішкі дүниесімен байланысы бар құбылыс ретінде сипаттайсыз. Мұндай көзқарастың қалыптасуына қандай өмірлік тәжірибе әсер етті?

– Мен үшін қобыз ешқашан жай ғана музыкалық аспап болған емес. Ол – адамның жан дүниесіне әсер ететін, жүрекпен сөйлесетін, сөз жеткізе алмайтын сезімді жеткізетін рухани көпір іспеттес. Мен мұны кітаптан оқып немесе біреуден естіп айтып отырған жоқпын. Бұл – ұзақ жылдар бойы сахнада жүріп, адамдармен жүздесіп, олардың күйге деген ықыласын көріп түйген ойым.

Шығармашылық жолымда қобыз үнін тыңдап отырып ерекше күйге түскен, жан дүниесі тынышталып, көзіне жас алған адамдарды талай кездестірдім. Кейбірі концерттен кейін келіп, ішкі дүниесінде өзгеріс болғанын айтып жатады. Осындай кездесулер мені қобыздың табиғатын тереңірек зерттеуге жетеледі.

Табиғи болмысым мен ұзақ жылдарғы ізденістерімнің нәтижесінде қобыз терапиясына ден қоя бастадым. Мен қобыз үнінің адам жанына ерекше әсер ететін қасиеті бар екеніне сенемін. Бұл бағыт әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Бірақ өз тәжірибемде оның адамға тыныштық сыйлай алатынын, жан дүниесін реттей алатынын талай байқадым.

– Әкеңізден қалған қасиетті қобызды Париж сахнасына алып шыққаныңызды білеміз. Жалпы өміріңізде осындай жүрекпен қабылданған шешімдер көп болды ма?

– Әкемнен қалған қасиетті қобызды Париж сахнасына алып шығу – мен үшін жай ғана шығармашылық шешім емес, жүрекпен қабылданған үлкен аманат болды. Ол қобызды әкем өз қолымен жасап кеткен еді. Сондықтан оның әр үні мен үшін әкемнің деміндей қымбат.

Сол сахнада отырып, мен тек концерт қойған жоқпын. Мен әкемнің рухына үн қаттым. «Көктен тыңдап тұрсын» деген ниетпен бір сарнаттым. Ол сәтті сөзбен жеткізу қиын. Бұл – әкеме деген құрметім ғана емес, қазақтың қасиетті қобыз үнін әлем сахнасында асқақтатуға деген ішкі парызым еді.

Өмірде жүрекпен қабылданатын шешімдер ақылдың таразысына әрдайым сыя бермейді. Бірақ өнерде сондай шешімдердің орны ерекше болады деп ойлаймын.

– Бір сұхбатыңызда «қобыз адамнан рух тазалығын талап етеді» дедіңіз. Бұл сөзді өнерге ғана қатысты айттыңыз ба, әлде жалпы адам өміріне де қатысты қағида деп қабылдайсыз ба?

– Бұл – тек өнерге қатысты айтылған сөз емес. Мен үшін бұл жалпы адам өміріне де қатысты қағида. Өйткені өнер адамның ішкі дүниесінен басталады. Егер адамның жан дүниесі таза болмаса, ол өнердің шынайы қуатын жеткізе алмайды.

Қобыздың басқа аспаптардан ерекшелігі – ол адамның ішкі әлемімен үндеседі. Сондықтан мен «қобыз шындықты шырқайды» деп айтамын. Оның киесі адамның ақ-қарасын көрсетіп тұрады. Бұл – өте терең, әлі толық зерттелмеген тақырып. Кейде орындаушы қобызды емес, қобыз орындаушыны сынап тұрғандай әсер қалдырады.

Сондықтан өнер адамының кәсіби деңгейі ғана емес, рухани дүниесі де маңызды деп есептеймін.

– Сіз орындаушы ғана емес, көне күйлерді іздеп, қалпына келтіріп, шәкірт тәрбиелеп жүрген жансыз. Егер өнерді сахнадан емес, уақытпен диалог деп қарасақ, өзіңіз кейінгі буынға ең алдымен нені аманаттап кеткім келеді деп ойлайсыз?

– Мен кейінгі ұрпаққа тек күйлерді ғана емес, ұлы күйші-композиторлардың рухын аманаттағым келеді. Өйткені күй – ноталардың жиынтығы емес. Оның артында тұтас тағдыр, тұтас дәуір, тұтас философия жатыр.

Күйді орындағанда шығарманың сыртқы әуезін ғана емес, авторының жан дүниесін, болмысын сезіну маңызды. Әр күйдің ішкі тармақтарын ашып, оның айтқысы келген ойын тыңдарманға жеткізе алатын орындаушылар көбейсе екен деймін.

Сонымен бірге құйма құлақ дәстүрінің жалғасқаны өте маңызды. Күйді үйрену – тек техниканы меңгеру емес. Оның тарихын, тәрбиелік мәнін, дүниетанымын түсіну. Осындай шәкірттер көбейсе, ұлттық мұрамыздың өмірі де ұзақ болады.

– Біз қазіргі кезде көбіне материалдық мұраны сақтауға ерекше мән беріп кеттік. Ал рухани мұраны жоғалтып алмау үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?

– Рухани мұраны сақтау ең алдымен отбасынан басталады. Ұлттық құндылықтарға деген құрмет бала бойына кішкентайынан сіңуі керек. Отбасында ұлттық өнер тыңдалып, салт-дәстүр дәріптелсе, ол баланың табиғи дүниетанымына айналады.

Сонымен бірге жастардың дәстүрлі мәдениетпен байланысын күшейту маңызды. Өйткені рухани құндылықтар тек кітапта немесе музейде тұрған кезде сақталмайды. Олар күнделікті өмірде өмір сүргенде ғана өзінің мәнін жоғалтпайды.

Егер адам өз тамырынан ажыраса, уақыт өте келе рухани мұрасынан да алыстай бастайды. Сондықтан ең әуелі рухани сабақтастықты сақтай білуіміз қажет.

– Сіз көпшілікпен жиі жүздесесіз, түрлі елде өнер көрсетесіз. Адамдардың ішкі дүниесінде уақыт өзгерсе де өзгермейтін қандай құндылықтарды байқайсыз?

– Әлемнің қай еліне барсам да бір нәрсені анық байқаймын. Адамдардың мейірімге, тыныштыққа, шынайылыққа деген сұранысы ешқашан өзгермейді. Тіл басқа болғанымен, адамның жүрегі бәрібір бірдей қабылдайды.

Музыка – бүкіл адамзатты біріктіретін ортақ тіл. Қобыздың үнін тыңдаған адам оның тарихын білмеуі мүмкін, бірақ оның әсерін міндетті түрде сезінеді. Сондықтан өнердің күші – дәл осы шынайылығында.

– Ұлттық болмыс дегенде біз көбіне киім, тағам немесе мерекелерді айтамыз. Ал көзге көрінбейтін, бірақ ұлттың мінезін қалыптастыратын дүниелер болады. Сіздің ойыңызша, ондай құндылықтарға не жатады?

– Ең алдымен, ана тілі. Одан кейін ұлттық жады, үлкенге құрмет, ата-баба рухымен байланыс, табиғатпен үндестік және дәстүрлі музыка. Осылардың бәрі ұлттың ішкі болмысын қалыптастырады. Сонымен бірге ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғырту маңызды. Өйткені ұлттың мінезі көзге көрінетін дүниелермен ғана емес, осындай терең рухани құндылықтармен қалыптасады.

– Күйді бүгінге жеткізген қандай күш деп ойлайсыз?

– Ең алдымен халықтың жады. Одан кейін ұстаздан шәкіртке жалғасқан дәстүр. Қазақ күйді ешқашан жай ғана музыка деп қабылдаған емес. Ол – өмірдің айнасы, халықтың тарихы, ұлттың рухани шежіресі.

Сондықтан қанша ғасыр өтсе де күй өзінің рухани қуатын жоғалтқан жоқ. Халық оны жүрегінде сақтады, кейінгі ұрпаққа аманаттап отырды.

– Қазіргі уақытта ақпарат өте көп. Бірақ адамның жаны бұрынғыдан да тыныштықты іздейді. Осындай кезеңде дәстүрлі өнердің қоғамға қажет болуының себебі неде деп ойлайсыз?

– Расында да, бүгін ақпараттың көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бірақ сонымен бірге адамның ішкі тыныштығы азайып бара жатқандай көрінеді.

Осындай уақытта дәстүрлі өнер адамды өзінің түпкі болмысымен қайта қауыштырады. Ол адамға сабыр береді, терең ойлануға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгін дәстүрлі өнердің қоғамдағы орны бұрынғыдан да маңызды деп есептеймін.

– Қазіргі кезде қандай шығармашылық жаңалықтарыңыз бар?

– Қазір мен өзімнің «Аққулар сазы» бағдарламасы арқылы көне қобыз дәстүрін қазіргі заманмен сабақтастыруға тырысып келемін. Менің мақсатым – дәстүрді өзгерту емес, оның мәңгілік құндылығын бүгінгі қоғамға жақындату.

Егер біз өткеннің мәнін жоғалтпай, оны жаңа буынның жүрегіне жететін тілмен жеткізе алсақ, онда ұлттық өнер де, ұлттық рух та мәңгі жасайды.

–  Сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз!