Жаңа Конституция адам құқығын қорғаудың жаңа деңгейін қалыптастырды – заң ғылымдарының докторы

Автор: Асқарова Қарлығаш

Өз құқығын білетін азамат қана оны тиімді қорғай алады, дейді профессор

Фото: Алуа Ибраеваның жеке мұрағатынан

Жаңа Конституция қолданысқа енгеннен кейін қоғамда оның мазмұны мен жаңашылдықтарына қатысты түрлі сауал туындайтыны рас. Осы ретте заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алуа Ибраева Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында Ата заңның басты ерекшеліктері, адам құқықтарына қатысты жаңа кепілдіктер және Конституцияны іске асырудың маңызы туралы айтты.

– 1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданды. Ол өз кезеңіндегі тарихи міндетін орындады деуге болады. Бірақ арада 30 жылдан астам уақыт өтті. Сіздің ойыңызша, жаңа Конституцияны қабылдаудың басты себебі неде?  

– Конституция – мемлекеттің Ата заңы. Елдегі барлық заң мен қоғамдық қатынастар дәл осы құжаттың негізінде қалыптасады. Сондықтан қоғам өзгерген сайын Конституцияның да уақыт талабына бейімделуі табиғи үдеріс.

1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңнің сұранысына жауап берді. Ол мемлекеттің құқықтық іргетасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Алайда бүгінгі Қазақстан – мүлде басқа мемлекет. Цифрландыру, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік сияқты жаңа технологиялар пайда болды, қоғамның өзі де өзгерді. Сонымен бірге азаматтардың цифрлық құқықтары секілді бұрын болмаған жаңа құқықтық қатынастар қалыптасты. Сондықтан жаңа Конституция бүгінгі күннің ғана емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына арналған құқықтық негіз ретінде қабылданды. Оның мақсаты – қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап беретін және елдің болашақтағы дамуына берік құқықтық негіз қалайтын жүйе қалыптастыру.

– Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі неде? Қандай өзгерістерді ең маңызды деп атар едіңіз?

– Меніңше, ең маңызды жаңалық – Конституцияда Қазақстанның негізгі құндылықтары бұрынғыдан әлдеқайда нақты әрі жан-жақты айқындалған. Бұл ең алдымен оның кіріспесі мен алғашқы бөлімдерінен көрінеді.

Жаңа Конституцияда Қазақстанның мыңжылдық мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Яғни қазіргі Қазақстанның байырғы мемлекеттіліктің заңды жалғасы екені көрсетілген. Бұл – ұлттық бірегейлік пен мемлекеттілікті нығайту тұрғысынан маңызды қадам екені рас.

Сонымен қатар Конституцияда мәдениет, білім, ғылым және инновация ел дамуының негізгі құндылықтары ретінде айқындалған. Бұған қоса табиғатты қорғау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық және унитарлық мемлекет қағидаттары ерекше мәнге ие болды. Яғни жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін ғана емес, Қазақстанның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитынын да айқындайтын стратегиялық құжатқа айналып отыр.

– Жаңа Конституцияда адам құқықтарына ерекше басымдық берілгені айтылып жүр. Бұл бағыттағы ең маңызды өзгерістерді қалай түсіндірер едіңіз?

– Шынында да, жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерінің бірі – адам құқықтарын қорғаудың жаңа деңгейге көтерілуі. Қазіргі қоғамның дамуына қарай азаматтардың жаңа құқықтары да қалыптасып келеді. Соның бірі – цифрлық құқықтар.

Бүгінде жеке деректерді қорғау, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі ерекше өзекті. Сондықтан Конституцияда азаматтардың жеке өміріне қол сұқпау, жеке мәліметтерін қорғау сияқты мәселелерге басымдық берілген. Сонымен қатар адамның жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекет қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіленген. Бұл азаматтардың білім алуына, ғылыммен айналысуына, шығармашылық әлеуетін дамытуына құқықтық негіз қалыптастырады. Басқаша айтқанда, жаңа Конституция тек мемлекеттік институттардың жұмысын реттеп қана қоймай, ең алдымен адамды және оның құқықтарын қорғауға бағытталған құжат дер едім.

– Конституциядағы өзгерістердің бәрі бірдей қарапайым адамға бірден байқала бермеуі мүмкін. Дегенмен әр азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін қандай нормаларды ерекше атар едіңіз?

– Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес. Ол, ең алдымен, әр азаматтың құқықтарын қорғайтын және оған жаңа мүмкіндіктер беретін құқықтық кепілдік. Сондықтан оның нормалары адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.

Жаңа Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарына арналған бөлімінде азаматтарды қорғауды күшейтетін бірнеше маңызды жаңалық бар. Соның бірі – 15-баптың 6-тармағында бекітілген норма. Егер мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті салдарынан азаматқа материалдық немесе өзге де зиян келсе, келтірілген шығынды мемлекет толық өтеуге міндетті. Бұл – азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасындағы құқықтық кепілдікті күшейтетін өте маңызды норма. Енді адам өз құқығы бұзылған жағдайда заңмен қорғалатынын анық біледі.

– Әлеуметтік құқықтарға келсек, жаңа Конституцияда еңбек ету мен білім алу мәселесіне де ерекше мән берілген. Бұл бағыттағы өзгерістерді қалай бағалайсыз?

– Иә, жаңа Конституция адамның әлеуметтік құқықтарын да күшейтеді. Соның бірі – еңбек ету құқығы. Конституцияның 27-бабында әркімнің еңбек етуге құқығы бар екені нақты көрсетілген. Бірақ бұл тек декларативті норма емес. Ол мемлекетке азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасау міндетін де жүктейді.

Бүгінде елімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру, еңбек нарығын дамыту бағытында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның барлығы азаматтың еңбек ету құқығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен бірге мемлекет әр адамның қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайында жұмыс істеуіне кепілдік береді. Яғни жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау да мемлекеттің жауапкершілігіне жатады.

– Яғни жаңа Конституцияны тек заңгерлерге арналған құжат деп қарауға болмайды ғой?

– Әрине. Конституция – әр азаматқа қатысты құжат. Онда адамның құқықтарын қорғаудың көптеген құқықтық тетігі қарастырылған. Жеке деректердің қорғалуы, еңбек ету, білім алу, денсаулық сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайы сияқты мәселелердің бәрі азаматтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты.

Сондықтан мен әр адамға жаңа Конституциямен мұқият танысуға кеңес берер едім. Өйткені онда әр азаматтың құқықтары ғана емес, мемлекет өз мойнына алатын міндеттер де нақты жазылған. Өз құқығын білетін азамат қана оны тиімді қорғай алады.

– Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін құқықтық жүйеде тағы қандай өзгерістер болады? Конституциялық реформалар басқа заңдарға да әсер ете ме?

– Әрине. Конституция – бүкіл құқықтық жүйенің негізі. Сондықтан оның қабылдануымен өзгерістер тек Ата заңмен шектелмейді. Бүгінде жаңа Конституцияны іске асыру үшін бірқатар конституциялық заң қабылданды. Олардың қатарында Президент туралы, Құрылтай туралы, Қазақстан Халық Кеңесі туралы, Астана туралы және әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңдар бар. Бірақ бұл – реформаның алғашқы кезеңі ғана.

Алдағы уақытта Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс және басқа да салалық заңдар жаңа Конституцияның талаптарына сәйкестендірілетін болады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету. Яғни жаңа Конституция бүкіл құқықтық жүйенің жаңаруына негіз болады.

– Конституция бүгіннен бастап күшіне енді. Көпшілік өзгерістерді бірден сезіне ме, әлде бұл уақытты қажет ететін процесс пе?

– Конституцияның күшіне енуі – реформалардың басталғанын білдіреді. Бірақ оның барлық нормасы бір күнде толық іске асады деп айтуға болмайды. Конституциялық өзгерістер – ұзақ мерзімді әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын процесс.

Ең алдымен мемлекет жаңа институттардың жұмысын жолға қоюы, қабылданған заңдарды тәжірибеде іске асыруы және қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіруі қажет. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар мен құқық қолданушылар жаңа нормаларды толық меңгеріп, күнделікті қызметінде дұрыс қолдануы маңызды. Бұл да белгілі бір уақытты талап етеді.

– Яғни реформаның нәтижесі тек мемлекетке байланысты емес қой?

– Дұрыс айтасыз. Конституцияны іске асыру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Мемлекет құқықтық реформаларды жүзеге асырады, заңдарды жаңартады, жаңа институттардың жұмысын қамтамасыз етеді. Ал қоғам да Конституцияда бекітілген құндылықтарды күнделікті өмірде ұстануға дайын болуы керек.

Жаңа Конституцияда табиғатты қорғау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, заңға құрметпен қарау, адам құқықтарын сыйлау, қоғамдық келісімді нығайту сияқты қағидаттар ерекше атап көрсетілген. Бұл – тек мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Өйткені құқықтық мемлекет заңмен ғана емес, құқықтық мәдениеті жоғары қоғаммен қалыптасады.

Сондықтан жаңа Конституцияның шынайы нәтижесі оның күшіне енген алғашқы күнінен емес, уақыт өте көрінеді. Егер мемлекет өзіне жүктелген міндеттерді жүйелі орындап, ал азаматтар Конституциядағы құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, оны күнделікті өмірде басшылыққа алса, онда бұл құжат Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына берік негіз бола алады.

Сұхбатыңыз үшін рахмет!