КВИ пневмониясынан үй жағдайында қалай емделген дұрыс – америкалық вирусолог үлгі еткен маманмен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Маман коронавирустан жазылған адамдардың ағзасына қандай күтім қажет екенін айтты

фото: Қазақстан отбасылық дәрігелер қауымдастығының Атырау облысындағы филиал директоры Мейірімхан Жылқыбайқызы

Коронавирустан емделіп шыққаннан кейін де көп науқаста ентігу, әлсіздік пен тершеңдік, дене бұлшық еттерінің ауруы байқалады. Azattyq Rýhy тілшісі «аталған симптомдар қанша уақытқа дейін созылады, ағзаның толықтай қалпына келуі үшін қанша уақыт қажет, шылым шегуді тастаған дұрыс па, антибиотиктен өкпеге су жинала ма?» деген сұрақтар төңірегінде коронавирус басталғалы 3 мыңға жуық науқасқа кеңес беріп, шетелдік вирусологтармен байланыста жүрген Қазақстан отбасылық дәрігелер қауымдастығының Атырау облысындағы филиал директоры – Мейірімхан Жылқыбайқызымен сұхбаттасты.

- Мейірімхан ханым, сіз басқаратын қауымдастықтың әлеуметтік желіде өте белсенді екенін байқадым. Оның үстіне жуырда ғана отандық БАҚ-тардың біріне сұхбат берген америкалық вирусолог КВИ-ға қатысты сенімді ақпарат алу үшін сіздерді оқуға кеңес берді. Қазақстанның отбасылық  дәрігерлер ассоциациясында бүгінгі таңда неше маман бар?

- Біздің Ассоциацияда бүгінгі күні онлайн-кеңес беріп отырған 10 қызметкер бармыз. Мамандар көшін Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясының президенті, профессор, медицина ғылымдарының докторы – Нұғманова Дамиля Сәкенқызы бастап отыр. Сондай-ақ үйлестіру жағынан 3 кіші көмекші маман бар (логистика саласы, SMM-маман және онлайн-кеңест кестесін жасаушы).

- Коронавирус пандемиясы басталғалы қанша науқасқа кеңес бердіңіздер, статистика жүргізіп отырасыздар ма?

– Аптасына 7 күн (таңғы сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін) тегін онлайнкеңес беріп жүргенімізге 4 ай болды. Бүгінге дейін 3000 адамға кеңес бердік.

– Коронавирустан жазылып шыққандар үшін аурудың салдары қанша уақытқа дейін созылуы мүмкін?

- Бұл сұраққа әлі ешкім нақты жауап бере алмайды. Шетелдік ғалымдар жүргізіп жатқан зерттеу қорытындыларының нәтижесі шығу үшін айлар емес, жылдар керек. Әсіресе ауыр дәрежеде ауырған, ауруханада, жансақтау бөлімінен аппараттан шыққан науқастардың денсаулығын бақылап, нәтиже шығаруға уақыт қажет. Қазір Covid-19 инфекциясында болатын белгілердің (симптомды) шамамен неше күн, неше айға созылу  мүмкіндігі, иіс және дәм сезуге қатысты ақпараттар ғана белгілі.

– Иіс пен дәм сезу қанша уақытта қайта қалпына келеді?

– Егер вирустан тек мұрынның шырышты қабығы зақымданса, онда 7-14 аралығында қалыптасады. Жүйке ұштары (окончания нервных систем) 14 күннен аса уақыт аралығында бұрынғы қалпына келеді. Шетелдік мамандардың соңғы зерттеулері көрсетіп отырғандай, әлсіздік, көңіл күйдің тез өзгеруі, жалпы айтқанда, астеникалық симптомдар 3 айға дейін созылуы мүмкін.

– Жуырда мен екіжақты өкпе пневмониясымен ауруханаға түсіп, екі апта емделіп, үйге шықтым. Бірақ түнгі екі-үштерде ауа жетпей, өкпем қысылады. Ауруханадан шығарда өкпемді рентгенге түсіріп, таза екенін айтқан. Бірақ менде және пневмониядан емделіп шыққан бірнеше таныстарымда осындай белгілер бар. Жалпы бұл қалыпты нәрсе ме?

- Екі аптада инфекцияның клиникалық симптомдары шығып, ем қабылдаған уақыт. Осы уақыттан кейін науқастарға оңалуға уақыт керек. Егер адамда аздаған жөтел мен ентігу болса, онда төсекке жатқан кезде кеудеде ауырсыну болуы мүмкін. Сол себепті, жатын бөлмеңіздің ауасы ыстық және өте құрғақ  болмауы керек (ылғалдылығы 40-60% болғаны жақсы). Шалқаңыздан ұйықтамай, бір қырындап немесе ішпен жатқан жақсы. Тағы бір айта кететін жағдай: адамда қорқыныш сезімі мен үрей болғанда ауа жетпей жатқандай сезімде болады. Бәріне уақыт керек, адам ағзасы біртіндеп қалыптасады. Мүмкіндігінше, тыныс алу жаттығуларын үзбей, күніне 3-4 рет жасап отыру керек.

– Ауруханадағы дәрігерлер коронавирус жұқтырған науқастарға көбірек ас ішуге кеңес береді. Үлкен кісілер өкпені майлаймыз деп қойдың құйрық майын жеп, біреулер иттің майын ішіп, енді біреулер мұрнына қызыл май тамызып жүр. Шамасы жеткеннің бәрі ет жеп жатыр. Оның асқазан, бауырға зияны жоқ па? Жалпы, үйге шыққаннан кейін қалай тамақтанған жөн?

- Қандай аурумен ауырсақ та, дұрыс тамақтана бастағанда ғана әл жинай бастаймыз. Ота жасалғаннан кейінде 1-2 күннен кейін жеңіл тауық етінің сорпасын әкеліңіздер деп жатады. Тағамдарда ағзаға керек, күш-қуат беретін дәрумендер, етте ақуыз бар екенін білеміз. Рационда жылқы еті, тауық еті, балық пен бірге, көкөніс пен жеміс-жидек болғаны жақсы. COVID-19 басталғалы халық басқа аурудың барын ұмытып кетіп жатқан сияқты: созылмалы жүрек-тамыр аурулары, оған қауіп келтіретін атеросклерозды ұйқы безінің, өт жолдарының ауруы, қант диабеті мен семіздік. Ауыр, майлы тағамдар аталған ауруы бар науқастардың жағдайын нашарлатып, кері әсер етіп, бұрыннан бар ауруын қоздыруы мүмкін. Ешбір майдан өкпе «майланбайды». Майды көп жеген кісі семіреді, артық салмақ жинайды дегенді білдіреді. Иттің майын ішетіндерге таңғаламын. Қалай қорықпай ішеді, ол қандай иттің майы екенін білмейсіз ғой. Бәлкім көшеде жүрген ауру иттікі шығар?! Ең қауіптісі - құтырған ит болуы мүмкін. Қазір жеміс-жидек пісіп жатқан кезең, күніне 8 түрлі көкөніс жесек, ол ағзаны тазартатын табиғи, мықты антиоксидант. Ал, адамдардың көбі пайдасы жоқ БАД-тар ішуде. Әрине, шұбат, қымыз, айран, саумал ішсеңіз, олардың да пайдасы зор.

– КВИ-ден жазылып шыққандарға тағы екі апта уақыт үйде оқшаулану керектігі айтылуда. Емделіп шыққан науқастар қоғам үшін қай кезде қауіпсіз болып саналады?

- 14 күннен кейін ауру белгілері толықтай кетсе, қоғамға қауіпсіз болып есептеледі. Бірақ еске сала кетейін, бір реттік маскамен жүру керек. Оны 2 сағат сайын немесе суланған сайын ауыстыру керек, өзге кісілерден 1,5-2,0 метр қашық жүру керек.

– Коронавируспен бір рет ауырған адамдарда антидене пайда болады дейді. Антидене адам клеткасының жадында қанша уақытқа дейін сақталады?

– Ағза жұқпаға жауап ретінде антиденелерді өндіреді. Антиденелер – ақуыздар, жұқпалы аурулармен күресуге көмектеседі және әдетте қайталанған сырқаттан қорғанысты қамтамасыз етеді (иммунитет). COVID-19 - жаңа ауру. Бұл вирусқа жауап ретінде антиденелер өндіріледі. Бірақ, олар қаншалықты тұрақты болатыны, қайталап жұқтырудың алдын алу-алмауы және қанша уақытқа дейін сақталатыны әзірге белгісіз. Сондықтан «Қайта жұқтырып алуы мүмкін бе?» деген сұраққа да әзірге жауап жоқ. Қазір бұл зерттеліп жатыр. Лондондағы King's колледжінде өткен зерттеу бойынша, коронавирустан жазылған 90 науқастың 60%-да ғана антиденелер анықталған. Үш ай өткен соң, тек 17% адамда қалып, қалғандарында мүлдем жоқ болып кеткен. Бұл уақыт өткен сайын қайта ауырып қалу қаупі бар екенін білдіреді.

- Белгілі хирург Мыңжылқы Бердіқожаев шылым шегетіндер коронавирус жұқтырып, емделгеннен кейін де оны бірден тастамауы керек екенін айтты. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Бұл зерттеп-зерделеудің нәтижесі емес, практикалық кеңес. Жан-жақты дәлелденбеген зерттеу нәтижесі болмаса, мұндай кеңестерді қолданбаймыз. Мыңжылқы әріптесімнен осы сұрағыңызды қайталап сұрап көрген едім, ол кісі: «Отаға түскен науқастар наркоздан кейін қақырығы шықпай қиналады, содан қайта шылым шексе өкпесі тез тазарады. Шылымды бірден тастауға болмайды» деді. Яғни психологиялық тұрғыдан «синдром отмены» болмау үшін біртінден тастаған жөн.

– Пульмонологтар коронавирус пневмониясын антибиотикпен емдемеу керек екенін айтты. Бірақ бізге ауруханада көк тамыр арқылы күніне екі реттен, кейбір науқастарға 3 реттен ЦФ-3 екті. Соның салдарынан өкпеге су жиналуы мүмкін бе?

– COVID-19 – вирустық жұқпалы ауру, сондықтан аталған ауруда антибиотиктерді тағайындау тиімсіз болады. Бактериялық жұқпа вирустық жұқпаға қосылуы мүмкін, бұл жағдайда науқастың ағымдағы жай-күйінің нашарлауы (жоғары цифрларға дейін температураның көтерілуі, тыныс алудың жиілеуі, ентігудің, жөтелдің күшеюі, іріңді қақырықтың қосылуы, сатурация деңгейінің төмендеуі) байқалады. Бактериялық жұқпалы аурудың 7-10 күнінен кейін қосылуы мүмкін. Көбіне қауіп-қатер тобына жататын тұлғаларда (қарт адамдар, онкологиялық аурулармен ауыратындар, созылмалы аурулары бар және т. б.). Бактериялық жұқпаның қосылуын қосымша талдаулар - ҚЖА (лейкоцитоз, нейтрофилез, ығысу лейкоформулы «солға») және прокальцитонин деңгейін зерттейтін тест көмегімен растауға болады

COVID-19 кезінде пневмония бактериалды жұқпалы ауру емес, иммундық қабыну сипатында болады. Антибиотиктер тек бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі. Біздің ағзамыз иммундық қабынуын 80% жағдайда өзі жеңіп шығады, ал 20% жағдайда ағзаға оттегі түрінде респираторлық қолдау қажет. Аурудың алғашқы күндері антибиотиктерді тағайындау аурудың көрінісін жасырып, жанама әсерлердің және қолайсыз дәрілік өзара әрекеттің дамуына соқтырып, науқастың жай-күйінің одан ары нашарлауына апаруы мүмкін. Барлық дәрілік препараттар, егер ықтимал жанама әсерлер қаупінен гөрі, олардан күтілетін пайдасы асып кетсе ғана тағайындалуы тиіс. Вирустық пневмония кезінде антибиотиктерден болатын пайда = 0. Бактериялық асқынулардың даму күдігі болса, антибиотикті тағайындау алдында зертханалық растау (талдау нәтижелері) қажет. Талдау нәтижелері зертханалардың референтті көрсеткіштеріне байланысты, сондықтан жалпы науқастың жағдайын тек дәрігер бағалауы тиіс. Антибиотиктерден өкпеге су жиналмайды

КОРОНАВИРУС ПНЕВМОНИЯСЫНАН ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЛАЙ ЕМДЕЛГЕН ДҰРЫС?

1) Жеке бөлмеге оқшауланыңыз.

2) Емханаға хабарласып, белгілеріңіз туралы учаскелік дәрігерге айтыңыз.

3) Көп мөлшерде - күніне 2–5 литрге дейін жылы сұйықтық ішу. Интоксикация жағдайын  тоқтатуға, бас ауыруын басуға, температураны төмендетуге, сусыздануды жеңуге (температура, ентігу және іш өту жағдайында ағза өте көп сұйықтық жоғалтады) және қанды сұйылту үшін көп мөлшерде сұйықтық керек.

Не ішу қажет? Ең алдымен, таза суды (3-4 литр), кез келген шәй (таңқурай, қарақат, шырғанақ, бөріқарақат, аллергия болмаса бал қосуға болады), сорпа (тауық, сиыр еті, қой еті). Көп мөлшерде тәтті сусындарды, әсіресе, артық салмағы бар адамдарға ішуге болмайды.

4) Тыныс алу гимнастикасы - күніне 2–3 рет.

Тыныс алу гимнастикасы  өкпеде қан іркілуінің алдын алуға көмектеседі және  тыныс алу жүйесінің қорын арттырады. Негізгі принцип - терең демді ішке тартқаннан 7-ден 20-ға дейін санап, тынысты кідірту (тоқтату). Содан кейін  қатты және ұзақ дем шығару. Өкпенің артқы төменгі бөліктерін іске қосу қажет. Ұзақ уақыт бір орында жатпауға, отырмауға тырысыңыз.

5) Дене белсенділігі. Тыныс алу гимнастикасынан басқа, тұру, жүру, бұлшық еттерді созуға арналған жеңіл жаттуғыларды жасау, бұрылыстар, еңкею және т. б қимылдарды орындауға тырысыңыз, Тіпті, күшіңіз болмаса да, ұзақ уақыт бір орында жатпаңыз, барлық уақытта дене қалпын  ауыстырып отырыңыз.

6) Толыққанды ұйқы.

7) Дұрыс тағам: жемістер мен көкөністерді (қырыққабат, аскөк, бұрыш, қияр және т. б) көп мөлшерде тұтынуға тырысыңыз.

8) Д3 дәруменін қабылдау.

Д3 дәруменінің басқа да вирустық жұқпаларға қарсы тиімділігі дәлелденген. Зерттеулер көрсеткендей, қандағы Д3 дәруменінің төмен деңгейі COVID-19 аса ауыр жағдайында болған. Д3 дәруменді 2000 халықаралық бірлік (ХБ/IU) дозада қабылдау керек - күніне 1 рет, ас ішу кезінде, әсіресе, егер сізде қандағы Д деңгейі төмен болғаны белгілі болса.

9) Бір минут тыныс алу жиілігін бақылау.

ТАҚЖ 1 циклы - бұл дем алу және дем шығару. Жиілігін  өлшеуді міндетті түрде басқа адам жүргізу тиіс, сіз тыныштықта, отырғанда немесе жатқанда. Ересек адамдарда ТАҚЖ қалыпты деңгейі - минутына 12-ден 20 циклға дейін, ТАҚЖ минутына 24-тен көп болса, ол ентігу көрсеткіші.

10) Дене температурасын бақылау - күніне 2-3 рет.

11) Тамыр соғу жиілігін бақылау  - күніне 2-3 рет.

12) Күнделік жүргізу. Оған өзіңізде байқалған белгілерді, сондай-ақ ТАҚЖ, температура мен тамыр соғу жиілігінің көрсеткіштерін жазып жүріңіз. Осы көрсеткіштерді өзініңіздің учаскелік дәрігеріңізге жіберіп жүріңіз. ДССМ осыған байланысты ыңғайлы чек-парақ шығарды.

Қазір COVID-19 инфекциясына қарсы арнайы ем жоқ, сондықтан да, қажет болған жағдайда симптоматикалық ем жүргізіледі.

Дене қызуын көтере алмайтын немесе температурасыз қатты әлсіздік болған жағдайда (бұлшық еттердің ауруы, бастың ауруы, дене және буындардың ауруы, жалпы сырқаттылық  жай-күйі):

  • Парацетамол 500 мг - күніне 1 таблеткадан 3 рет (әрбір 6-8 сағат сайын), немесе Ибупрофен 200 мг -күніне 1 таблеткадан 3 рет (әрбір 6-8 сағат сайын)

Тамақ ауырып, жыбырлау байқалса, жөтел бар кезде:

  • Антисептикалық дәрілерді сору

Гастроэнтерит белгілері пайда болса (құсу, диарея):

  • Регидрон - бір литр жылы қайнаған суға бір пакет (күн ішінде 2-3 литрге дейін)

Жүрек  айнуы байқалса:

  • Метоклопрамид (Церукал) 10 мг-күніне 1 таблеткадан 3-4 рет, тамақ ішер алдында 30 мин бұрын, немесе ондансетрон 4 мг (соруға арналған таблеткалар) - күніне 1 таблеткадан 3-4 рет, тамақ ішер алдында 30 мин бұрын.

Вирусқа және бактерияға қарсы препараттарды тағайындау ұсынылмайды, өйткені олар SARS-Cov-2 жағдайында әсер етпейді. Мультидәрумендер жиынтығы және биологиялық белсенді қоспалар, сондай-ақ, иммунтүрлендірушілерді/иммунокүшейтуші деп аталатын, дәлелдеуші базасы жоқ препараттарды тағайындау ұсынылмайды.

Айжан Қалиева, Алматы