Гүлжазира Бекболатқызы шетелдегі қазақ балаларын еліміздің әдемі жерлеріне де апарғысы келеді
Жақында шетелде өсіп жатқан қазақтың қара домалақ балаларына ана тілін тегін үйретіп жүрген мұғалім туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлаған еді. Біздің ақпарат агенттігінде де осы жаңалық шықты. Жалпы бұл бастамасының артында не тұр? Тек тіл үйрету ме? Әлде одан да терең себептер жатыр ма? Осы сауалдардың жауабын Azattyq Rýhy тілшісі ұстаздың өзінен сұрап білді. Бұл жолға жетелеген басты мақсатын сұрады. Елордадағы №104 «Келешек мектебі» жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Бекболатқызы бұл жобаны әлі де кеңейтіп, мемлекеттік деңгейге шығарғысы келеді. Дегенмен ол үшін үлкен қолдаудың керегі аян дейді ұстаз.
– Гүлжазира Бекболатқызы, шетелдегі балаларға қазақ тілін үйрету туралы ой қалай туды?
– Бірнеше жыл бұрын біліктілігімді арттыру үшін Германияға барғанмын. Сапар барысында сол жерде тұрып жатқан қазақтармен таныстым. Ата-аналары қазақ тілінде сөйлесе де, балалары ана тілін білмейді екен. Бірақ әке-шешелері үйретуге ниетті. Тіпті маған сол жаққа жұмысқа келіңізші деп те өтінді. Кейін елге оралған шағымда олардың осы өтініші тыным бермеді. Онлайн болсын өткізейін деп шешім қабылдадым. Сөйтіп жексенбілік сабағымызды бастап кеттік.
– Сабақтарыңыз кәдімгі мектеп форматынан несімен ерекшеленеді?
– Біз көбіне сөйлесуге мән береміз. Ағылшын тіліндегі Speaking Club сияқты. Сабақ барысында балалар мақал-мәтел жаттайды. Бұл олардың ұлттық мәдени танымын арттыру үшін қажет. Кейін түсінгені бойынша сурет салғызамын. Сол кезде жақсы түсінеді балалар. Қуантарлығы, балалар уақыт белдеуіне қарамайды. Таңертең ерте не кеш батқанда қосылып жатады.
– Жоба басталғаннан бастап оқушылар қазақ тілін үйренді ме?
– Иә, әрине. Мәселен, Нидерландыда тұратын бір оқушым бар. Басында қазақша тіпті сәлемдесе алмайтын. Қазір елдегі әжесіне хабарласып, хал-жағдайын оңай сұрайды. Тағы бір шәкіртім «Атамекен» әнін жаттап алыпты. Соны сол елдегі мектептердің бірінде шырқап жүр.
– Бұл істе шабытпен бірге қиындықтар да кездесетін шығар. Сіз көбіне неден қиналасыз?
– Күніне кемінде 5-6 сабақ өткіземін. Қызметімде оқытудан басқа да міндеттемелерім бар. Күнделіктің электронды форматын толтыру, жоспар құру тағы да басқа қағаз толтыру жұмыстары бар. Кейде шетелдегі балаларға күш-қуатымның жеткеніне, тіпті сабақ өткізу үшін уақыт тапқаныма қуанамын.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Жобаны кеңейту ойыңызда бар ма?
– Иә, жоспар көп. Қазір әлемнің әр елінде тұратын қазақ балаларына арналған «ТІЛ-ТҰМАР» онлайн жексенбілік мектебінің бағдарламасын әзірлеп жатырмын. Бұл жоба бойынша авторлық құқық алу процесін де бастап қойдым.Одан бөлек, биыл ақпан айынан бері еліміздің бірқатар ақпарат құралдары мен телеарналарында сұхбаттарым шықты. Соның нәтижесінде түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Мәселен, қазір Америкада тұратын, бұрын елде көршім болған Сабина есімді оқушым әлеуметтік желі арқылы хабарласып, балаларын осы курсқа бергісі келетінін айтты. Мұндай ұсыныстар басқа елдерден де түсіп жатыр. Егер осы өтініштерді ескеріп, әлем елдеріндегі елшіліктер жанындағы қазақ мәдени орталықтары қолдау көрсетсе, тіл үйренгісі келетін балаларды тегін оқытуға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар, арнайы заманауи тіл үйрету платформасын жасау да жоспарда тұр. Егер осы бағытта қолғабыс ететін мықты ІТ мамандар табылса, ол жобаны да толық іске қосуға болады.
– Гүлжазира Бекболатқызы, көп мұғалім тек өз жұмысымен шектеліп жатады. Ал сіз шетелдегі қазақ балаларына жанашырлық танытып, тіл үйретіп жатырсыз. Сізді осы жолға итермелеген ішкі себеп не?
– Мен үшін тіл – Отанмен байланыстыратын алтын көпір дер ем. Сол көпір үзілмесе екен деп, соған өз үлесімді қосқым келеді. Онымен қоса, шетелде өсіп жатқан қазақ балалары өз тілінен, тамырынан ажырап қалмаса екен деген ой да тыным бермейді. Өйткені олар неміс, ағылшын мектептерінде оқиды, сондықтан ана тілін ұмытпау үшін балаларға қосымша орта қажет. Дегенмен оларға Қазақстандағы мектеп бағдарламасын сол күйінде беру тиімсіз. Бізге қазақ тілін «екінші тіл» немесе «мұра тілі» ретінде оқытудың икемді, заманауи әдістемесі қажет. Осы бағытта жұмыс істейтін ұстаздарды біріктіретін ортақ желі немесе ресурстық орталық құрылса, бұл үлкен көмек болар еді. Кейін бізге рухани қолдау қажет. Мемлекет тарапынан шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанға келіп, тілдік лагерьлерге қатысуына, тарихи жерлерді көруіне көбірек мүмкіндік жасалса деймін. Себебі тілді тек экран арқылы емес, қазақтың жерін, мәдениетін сезіну арқылы үйрену – ең тиімді жол екені сөзсіз.
– Сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!