Үш студент Астанадағы жарыстан Семейге қарай жолға жеке көлікпен шыққан
Бұған дейін хабарлағынымыздай, биыл 2 қараша күні Абай облысы Бесқарай ауданында Toyota Avensis жеңіл автокөлігі мен Howa жүк көлігі бір-біріне соғылып, үш студент қаза тапқан еді. Солардың бірі - Нұрмағамбет Тұрарбековтің ағасы әлеуметтік желіде видео үндеу жариялап, апаттың мән-жайын баяндап берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оның айтуынша, мерт болған үш студент те Астанада Бирман боксынан өткен Азия чемпионатына қатысып, Семейге бет алған жас балалар еді. Ең өкініштісі, қаза тапқан Нұрмағамбет Тұрарбеков бір күн бұрын ғана Астанада өткен сол Азия чемпионатында алтын медаль алған екен.
«Жол апаты 2 қараша күні таңғы сағат 05.30-да орын алды. Апаттан Азия чемпионы Нұрмағамбет Тұрарбеков, сол чемпионатта күміс жүлде иеленген Рефхат Оңдабай және Рустамбек Абдималиков мерт болды. Олар бір күн бұрын Астанадағы Азия чемпионатынан Семейге қарай жол алған еді», - дейді видео авторы.
Видео автораның мәліметіне сүйенсек, Бирман боксынан Астанада өткен Азия чемпионатына Семейден бас-аяғы 22 спортшы мен 2 жаттықтырушы келген.
«30 қараша күні 22 жас спортшы 2 жаттықтырушымен бірге Азия чемпионатына келді. Олардың арасында менің бауырым Нұрмағамбет те болды. Чемпионат 30 қазан мен 1 қараша күндері өтті. 1 қараша күні мен финал кезінде бауырымды қолдауға бардым. Сол финалда Нұрмағамбет алтын медаль алды. Өкініштісі, бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады», - дейді ол.
Оның айтуынша, спортшылар Астанадағы жарысқа бет алған сәттен бастап-ақ заң бұзылған.
«Нұрмағамбет маған сол жарыста «жаттықтырушыларымыз» деп екі адамды көрсетті. Сосын, демеуші ретінде бір адамды көрсетті. Менің «шаршамай жеттіңдер ме?» деген сұрағыма Нұрмағамбет «ағатай, 22 спортшы бір көлікке мініп келдік. Адам сыймаған соң үш бала адам жүретін жерге жатып келді» деді. Ойымда «турнир шынымен Азия чемпионаты деңгейінде өтсе, спортшылар неге осындай жағдайда келді?» деген сұрақ туындады», - дейді ол.
Осылайша, Азия чемпионатын сәтті аяқтаған спортшылар бір күн демалмай, кешке жақын, 1 қараша күні Семейге жол тартып кеткен.
«Мен бауырыма «жатып, демалып, ертең жолға шығыңдар» дегенде жаттықтырушылар спортшылардың бірін де қалдырмай, алып кетеміз деді. Осылайша, олар 1 қараша күні кешкі 22:00-де Семейге аттанды. Бірақ, осы қаза тапқан үш бала әлгі шағын автобусқа емес, жеке көлікке мінген. Toyota Avensis көлігінің иесін бауырым алдында жаттықтырушы деп көрсеткен. Жолдастарының айтуынша, Нұрмағамбет әуел баста бұл көлікке мінгісі келмеген екен. Оның орнына басқа бір бойжеткен мінгелі жатқан. Сонда жаттықтырушылары «сен ұлдардың арасында бармай-ақ қой, автобусқа мін» деп, оның орнына менің бауырымды күшпен мінгізген. Сонда, бауырымды еркінен тыс ол көлікке мінгізгендері қаншалықты заңды? Бұдан да ауырын айтайын: дәл жол апаты болған сәтте жаттықтырушы рульді жарыстан шаршап келе жатқан Рефхат бауырымызға ұстатқан. Яғни, балаларға өзі жауапты болып, жеке көлігіне мінгізіп алған жаттықтырушы ұйқысы келгенде рульді балаға бере салған. Бұдан өзге егер шынымен балалар бұл жарысқа демеушінің қаржысына қатысса, онда демеуші берген ақшаға дұрыс көлік неге алынбаған? Тіпті, спортшылар Астанада жатқан орнының ақшасын, ішіп-жемінің ақшасын өз қалталарынан шығарды. Жаттықтырушылар әкелген спортшалырының жағдайына мүлде алаңдамаған. Олар не ішіп, не жеп жүргенін сұрамаған да. Бұл – барып тұрған салғырттық. Тағы да айтарым – әлеуметтік желіде қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек берілді деді. Үш баланың біреуі – Өзбекстан азаматы еді, сол отбасыға көмек берсе берген шығар. Бірақ, менің отбасым ондай көмекке мұқтаж болмаса да жалған ақпарат таратпауы керек еді», - дейді видео авторы.
Сондықтан, үндеу авторы жауапты органдардан бұл апатты жан-жақты тергеп, үш баланың өмірі үшін жауапты адамдарды жазалауды сұрайды. Редакция осы мәселеге қатысты құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.