Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ер адамды тоқтатып, өзін өртеп жіберуіне жол бермеді
Бейнеу ауылында ер адам полиция бекетіне келіп, үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберуге тырысты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері дер кезінде тоқтатып, оны ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұған дейін тас жолды патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатқан. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Біраз уақыттан кейін ол бекетке өз бетінше келіп, полицейлерге наразылығын білдірді. Онда ол үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберуге тырысты.
Полиция қызметкерлері тез әрекет етіп, қайғылы оқиғаның алдын алды, содан кейін ер адам медициналық мекемеге жеткізілді.
«Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, барлық мән-жай анықталып жатыр», - деп хабарлады полиция департаменті.