Эксклюзив: Абай Бегейдің қызы қылмыстық жазадан қалай құтылып кеткені белгілі болды

Автор: Темірхан Айжан

Маңғыстау облысының тергеу департаменті істі тоқтатқан 

Фото: Instagram/niyazkulova_erke

Заңсыз лоторея ойнатып, 162 млн теңгені қылмыстық жолмен тапқан Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы жазаланбайтын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Бұл деректі редакция сауалына жауап берген Қаржылық мониторинг агенттігі растады.

Әншінің қызы Гүлеркем Ниязқұлова Қылмыстық кодекстің 214-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағына сәйкес «заңсыз бизнеспен айналысу» фактісі бойынша тергелген.

«Аталған қылмыстық іс ҚК –тің 35-бабы 1-бөлігі 3- тармағына сәйкес амнистия актісіне байланысты Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ақтамайтын негіздер бойынша істі тоқтатты хабарлайды», - деді агенттік ресми жауабында.

Осылайша миллиондаған ақшаны қалтаға басқан Абай Бегейдің қызы рақымшылыққа ілінді. Ол ешқайдай қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Бұған дейін белгілі болғандай, Ақтауда тұратын Гүлеркем Ниязқұлова күйеуімен бірге Instagram, TikTok және Telegram әлеуметтік желілері арқылы онлайн лотерея өткізген. Олар лотерея операторы ретінде тіркелмеген, бірақ соған қарамастан автокөлік, пәтер, басқа да бағалы сыйлықтарды жүлде ретінде ойнатқан. Билеттер (цифрлық нөмірлер) 500 теңгеден 50 000 теңге аралығында сатылған. Тергеу деректеріне сүйенсек, заңсыз ұйымдастырылған бұл лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысқан. Ерлі-зайыптылардың табысы 162 млн теңгеден асқан. Қаржылық мониторинг агенттігі тексерісінен кейін олардың жылжымайтын мүлкі мен банктік шоттарына шектеу қойылды. Алайда оның әлеуметтік желі арқылы табыс табуына тыйым салынған жоқ. Блогер әлеуметтік желіде жарнама жасап, парақшасын емін-еркін қолданып отыр. Еске салсақ,  Azattyq Rýhy редакциясы Гүлеркем Ниязқұлованың лоторея өткізуіне қатысты арнайы материал әзірлеп, құзырлы органдарға ресми хабарлама таратқан болатын. Сол материалдан кейін Абай Бегейдің қызы заңсыз лотерея ойнататын парақшасын жанталаса бұғаттап, жазбаларын өшірді.