Семейде 10 жасар бала Ертіс өзеніне батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол өзенге әжесімен бірге барған 

Фото: ашық дереккөзден

Семейдегі Ертіс өзенінде 10 жасар бала шомылу кезінде белгісіз жағдайда суға батып кетті, деп хабарлайды КТК.

Кеше кешкісін полицияға бір әйел келіп, болған жайтты хабарлаған. Оқиға орнына тергеу тобы шығады. Әжесі мен немересінің Ертіс өзеніне барғаны, немересінің суға шомылғаны белгілі болды.

«Бір кезде ол баланың су бетінде қимылсыз, қалқып жатқанын көріп, көмекке туыстарын шақырған. Олар баланың денесін судан алып шығып, көлікке салып, жақын орналасқан медициналық мекемеге жеткізген. Өкінішке қарай, дәрігерлер баланың көз жұмғанын тіркеді», - деп хабарлады ТЖБ-дан.

Қазір қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.