«Апа, құтқарыңдаршы деп айқайлады»: Жетісайдағы трагедияның қалай болғанын көршілері айтты

Автор: Алмас Ерсін

Көршілердің бірі отқа оранған үйден балалардың бірін сыртқа алып шыққан

Фото: видеодан скриншот

Жетісайда 12 адамның өмірін жалмаған өрт электр қуатының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Бұл туралы марқұмдардың көршілері айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

 «Электр қуатының қысқа тұйықталуынан болған деп естідім. Мен келгенде жедел жәрдем, полиция, өрт қызметі бәрі жүр екен. Тәртіп сақшылары куәгер болыңыз деп шақырды. Іштегінің барлығы да өртеніп кеткен», - дейді Қалиберген Божымбетов.

Оның айтуынша, отбасының көшіп келгеніне 3 жыл болған.

«Әкесі үйді салған соң қайтыс болды. 1994 жылғы Дәурен отағасы, 4 баласы бар болатын. Бұлар үш ағайынды. Кеше бұлардың әулетінде той болған. Біреуі осы жерде, біреуі көрші ауылда тұратын. 15 адам болған мұнда. Той тойханада болған. Осы үйдің отағасының ағасы той жасаған», - деп толықтырды.

Тағы бір көрші Қанайым Жүнісова өрт болып жатқанын таңғы сағат 5:05 шамасында көрген.

«Келіншегі «апа, құтқарыңдаршы» деп айқайлап тұр екен. Ол келіншек уланып қалған. Сыртқа шыға алмай тұрды. Көршілерге жүгірдім. От лаулап жанып жатыр екен. Барлық көршіге бардым. Біреуі оянды, біреуі оянбады. Менің балам бір баласын алып шықты. Егіздің сыңарын алып шықты», - дейді ол.

Қазір үй иесінің анасы, ағасы және ағасының қызы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Құрбан болғандардың арасында 2009, 2010, 2012, 2015, 2017, 2019, 2021 және 2024 жылы туған балалар бар.

Еске сала кетейік, алапат өрттен қаза тапқандардың барлығы бір әулеттің мүшесі болған. Түн ортасында 360 шаршы метрді құрайтын екі қабатты коттедж отқа оранып, 12 адам көз жұмды.