«Көршілер үйде қонақ көп болғанын айтты»: ТЖМ Жетісайдағы алапат өрттің анық-қанығын жариялады

Автор: Бақыт Шынар

12 адам, соның ішінде 9 бала мерт болды

Фото: ТЖМ

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында жер үй өртеніп, 12 адамның мәйіті табылды. Өкінішке қарай, қаза тапқандардың көбі – балалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлап министрлігі алапат өрт бүгін таңертең болғанын хабарлаған.

«Бүгін таңертең Түркістан облысы ТЖД «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды. Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды», - деп хабарлайды ТЖМ.

Құтқарушылардың сөзіне сенсек, көршілер үй иелерінің отбасында іс-шара болғанын және үйде қонақ көп болғанын айтқан көрінеді.

Өрттің аумағы 360 шаршы метр болған.