Ол осыншама соманы қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған
Шымкенттік кәсіпкер мүліктік пайда алу мақсатында жалған шот-фактура жазып, оны қолма-қол ақшаға айналдыру барысында ұсталды, деп хабарлайды қалалық Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.
Кәсіпкер 634 миллион теңгеге жалған құжат дайындаған. Ал, іс жүзінде бұл сомаға ешқандай қызмет көрсетілмеген. Құқық қорғаушылар оны қылмыс үстінде ұстап, ісін сотқа өткізген. Күні кеше кәсіпкер 3 жылға шартты жазаға кесілді.
«Абай ауданы сотының үкімімен кәсіпкер ҚР ҚК 216 бабының 3 бөлімі (іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау; ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару) сәйкес кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген Экономикалық тергеу департаментінің хабарламасында.