Бұл туралы заң қабылданған
Қырғызстандағы барлық той, ойын-сауық, кафе, мейрамхана және түнгі клубтар сағат 22:00-ге дейін жұмысын аяқтауы тиіс. Бұл туралы Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy akipress-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл шешім тыныштық туралы заңға сәйкес қабылданған.
«Біз шешім қабылдадық, бірақ ол орындалмай отыр. Жақында Бішкекте менің әріптесім түн ортасына дейін той тойлаған. Жалал-Абадта да солай, адамдар түнгі 12-ге дейін мейрамдатқан, оларға ешкім қой демеген», - деді Ташиев.
Ол Министрлер кабитінің шешімінде жергілікті өзін-өзі басқару органдары тыныштық туралы заңның орындалуын бақылауға міндетті екені нақты көрсетілгенін атап өтті.
«Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары, сіздер жазбаша тапсырманы орындамай отырсыздар. Енді мен ресми түрде тапсырамын. Барлық жерде сағат 22:00-ден кейін той, ойын-сауық, кафе, мейрамхана және түнгі клубтардың жұмысы тоқтауы керек. Кім бағынбаса, жарығын өшіріңіз», - деді Ташиев.
Ол 22:00-ден кейін мейрамханаларда электр қуаты өшірілетінін атап өтті.