Қарағандыда бір мылтық үшін жұмыстан шығып қалған үш полицей бұрынғы басшысын сотқа берген

Автор: Бақыт Шынар

Бірақ, сот олардың талабын қанағаттандырған жоқ

Фото: istockphoto.com

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты жұмыстан қуылған үш полицейдің арыз-шағымын қарап, іске нүкте қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сенсек, үш полицей өз талаптарында «жұмыстан босату туралы бұйрықтарын заңсыз деп тану, қызметке қайта алу және мәжбүрлі бос жүрген уақыттағы жалақыны өндіруді» талап еткен. Олардың пайымынша, бұл жаза тым қатал болып көрінген.

«2025 жылдың наурыз айында жедел-тергеу тобының құрамына кірген осы үш полицей тергеу іс-шараларын жүргізіп, оның барысында тапанша тәркілеген. Алғашқы тексеруден біраз уақыт өткен соң, қару оқиға орнынан жоғалып кеткен. Аталған оқиға талапкерлерді қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатуға негіз болды», - деп хабарлайды Қарағанды соттары.

Үш полицей бірінші сатыда жеңілген. Бірақ, бұған келіспей екінші сатыдағы сотқа шағымданған.

«Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық соты талап-арызды қанағаттандырған жоқ. Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды», - деп хабарлайды Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.