Астанадағы StandupAstana әзіл кешінің соңы дауға ұласты

Автор: Темірхан Айжан

Желі қолданушысы StandupAstana ортасындағы әділетсіздік туралы айтты 

Фото: Freepik

Астандағы әзілкештер жиналып, өнер көрсететін StandupAstana ортасында жанжал туды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Гүлфар Рақыш атты желі қолданушысы ұйымдастырушылар тарапынан болған әділетсіздік туралы жайып салды. Айтуынша, кеш ұйымдастырушыларының бірі Асет Уваев сайыс ережелерін бірнеше рет өзгертіп, қатысушыларға тең мүмкіндік бермеген.

«Егер сіздер StandupAstana шығармашылық, позитивті комьюнити, сөз бостандығы бар, шығармашылыққа қолайлы орта деп ойласаңыздар, міне оның шынайы бет-бейнесі. Мұнда өзін «жұлдыз» санайтын, ойына келгенін істеуге құқығы бар деп ойлайтын дөрекі адамдар бар. Ұйымдастырушылардың бірі Асет Уваев сайыс ережелерін қалауынша өзгертіп, боқтап сөйлеуге дейін барады. Менің күйеуім - жас комик. Әзілдер жазып, сахнада өзін сынап көріп жүр», - деді ол.

Айтуынша, ережеге сай, көрермен тарапынан 5 000 теңге донат алған комик бірден келесі кезеңге өтуі керек еді. Алайда ұйымдастырушы қатысушыны шақырып алып, жаңа шарт қойып, аукцион жариялаған. Әйел сайыстың әділетсіз екеніне шағымданған кезде, Асет Уваев дөрекі жауап берген. Ақыр соңында жігіттер сыртқа шығып, ерегісті жалғастырған.

StandupAstana-ның бас директоры Асхат Ибитанов жанжалға қатысты пікір білдірді.

«Жағдайды толық түсініп алайық. Бірден кесіп айтуға болмайды. Мен бұл іс-шарада болдым және сіздердің екінші тарапты да тыңдағандарыңызды қалаймын», - деді ол.