«Қызымның мәйітін табу үшін бәрін саттым»: Яна Легкодимованың анасы сотта ағынан жарылды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол Янаны іздеу отбасына қиынға соққанын айтты

Фото: azh.kz

Елді дүрліктірген істің сотында Яна Легкодимованың анасы эмоцияға ерік беріп, іздеу жұмысы отбасына үлкен қасірет әкелгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол сотта бар күшін жұмсап, үмітін жоғалтпай іздеуге қатысқанын, қоғамдағы кез келген ақпаратты пайдаланып, әрбір мәліметті тексеруге тырысқанын айтты.

Анасының айтуынша, олар барынша әлеуметтік желілерде, чаттарда және іздеу топтарында келіп түскен барлық ақпаратқа жедел жауап беріп, әрбір кеңесті пайдалана отыра іздестіру жұмысын жүргізген.

«Маған жазғандардың бәріне бардым, мен үшін тек бір ғана нәрсе маңызды болды, ол қызымның мәйітінің қайда екенін білу», - деді ол.

Жәбірленушінің анасы оны іздеудің отбасы үшін ауыр салдары туралы ашық айтты. Оның сөзінше, іздеу жұмысы қаржылық жағынан да, эмоционалдық жағынан да отбасына ауыр соққан.

«Мен қомақты қаражат жұмсадым. Туыстарым келіп, менімен жарты жылдап бірге тұрды. Біз кейде тамақ та ішпедік. Себебі бар тапқан ақшамыз іздеу жұмысына жұмсалды. Бір жылдан бері ұйықтататын және тыныштандыратын дәрінің көмегімен жүрмін», - деді Янаның анасы.

Оның айтуынша, ол ақша туралы да, түбіртек туралы да ойламаған.

«Мен күн сайын өте қымбат дәрілер ішемін. Бірақ чектерді жинаған жоқпын, себебі баламның мәйітін табу жайлы ғана ойладым», - дейді ол.

Еске салсақ, Атырау қалалық сотында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Басты айыпталушылар Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимов. Айыпталушыларға алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлтіру, қылмысты хабарламау, жасыру және ұрлық баптары бойынша айып тағылған.