Ол осылайша халықпен ашық байланыс орнатқан
Орталық коммуникациялар алаңында журналистердің сұрағына жауап берген Абай облысының әкімі Берік Уәли әлеуметтік желілерді өз қадағалайтынын, барлық аккаунттарын өзі жүргізетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол халыққа ашық екенін жеткізді.
«Штатив көтеріп жүріп әкім болған алғашқы журналист шығармын. Әлеуметтік желілерді өзім қадағалаймын, аккаунттарымды өзім жүргіземін, поролі өзімде ғана. Сол бебепті қандай «пост» салсам да өзімнің қадағалауыммен жүзеге асады. Өзекті мәселелерді желіден тауып алып, орынбасарларыма, тиісті басқармалаларға, аудан әкімдеріне жіберіп, мәселені тезірек шешуді тапсырамын. Бұл менің күнделікті жұмысым. Ол жағынан біз ашықпыз. Қандай әлеуметтік желі бар, соның бәріне тіркелгенмін», – деді әкім.
Берік Уәлидің айтуынша, желіде жұрт өңірдегі жол мәселесіне ерекше көңіл аударып, шағымданып жатады.
«Ең көп шағым жол мәселесі бойынша келеді. Өңірдің территориясы үлкен, жолға қаржы аз бөлінген. Майқапшағай мен Қалбатау арасындағы тасжолдың 412 шақырымы 9 жыл бойы салынған. Бұл сұмдық қой. Биыл 209 шақырымы жасалды. Жұмысшылардың жағдайын реттеп, құқық қорғау органдарынан келетін кедергілерді тоқтатып, 6 айдың ішінде 209 шақырымын бітіріп, халықтың игілігіне бердік. Жол мәселесі күн тәртібінде тұр», – деді әкім.