Делиде автокөлік жарылып, 8 адам қаза тапты

Автор: Аягөз Құрмаш

20-дан астамы жараланды

Фото: видеодан скриншот

Үндістан астанасы Нью-Делидің танымал туристік аймағында автокөлік жарылысы салдарынан сегіз адам қаза тапты, тағы 24 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Жарылыс метроның «Қызыл қамал» («Red Fort») станциясы маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, Hyundai i20 маркалы көлік жарылғаннан кейін бірнеше жақын тұрған машиналар да отқа оранған.

Аталған аудан Нью-Делидегі ең танымал туристік бағыттардың бірі болып саналады. Мұнда әйгілі Лал-Кила немесе Қызыл қамал елдің маңызды тарихи цитаделі орналасқан. Оқиға болған сәтте ауданда көп турист болған.

Үндістанның ішкі істер министрі Амит Шах оқиға бойынша барлық нұсқаның қарастырылып жатқанын айтты. Қазіргі таңда жарылыстың нақты себебі анықталмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, көлік не тұрақта тұрған, не бағдаршамда тоқтаған кезде жарылған.

NDTV телеарнасы бастапқыда 13 адамның қаза тапқанын хабарлағанымен, бұл ақпаратты Үндістан билігі растамады.

Жарылыс болған аймақты полиция толықтай қоршауға алды. Нью-Делиде жоғары дайындық режимі жарияланып, қауіпсіздік шаралары бүкіл ел аумағында күшейтілді. Сондай-ақ жарылған көліктің бұрынғы иесі тергеу аясында қамауға алынды.