Қазақстан былтыр әлемде алғашқылардың бірі болып «баламалы деректер» ұғымын заңмен бекітті
Қазақстанның ұлттық статистика жүйесі халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев елдегі статистика органдарының 105 жылдығына арналған халықаралық форумда мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жоспарлы экономика кезеңіндегі есеп жүйесінен заманауи ұлттық статистикалық жүйеге өткен.
«Біз «Мемлекеттік статистика туралы» заңды қабылдап, деректердің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз еттік. Өткен жылы әлемде алғашқылардың бірі болып «баламалы деректер» ұғымын заңмен бекіттік. Соның арқасында түрлі мемлекеттік деректерге ашық әрі сапалы қол жеткізу мүмкіндігі пайда болды»,- деді Ерғалиев.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығы мен жасанды интеллектке негізделген аналитикалық орталық құрылған.
Әсет Ерғалиевтің айтуынша, Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне ЭЫДҰ тарапынан кешенді шолу жүргізіліп, еліміздің тәжірибесі халықаралық стандарттарға сай деп танылған. Соның нәтижесінде Қазақстан басқа елдерге техникалық көмек көрсететін донор елге айналған.
«Қазақстан статистикасы алдағы уақытта да жаһандық міндеттерді шешуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін», - деді агенттік төрағасы.
Өз кезегінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Статистика және деректер жөніндегі директоратының өкілі Жюльен Дюпон Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
«Біздің серіктестігімізге он жылдан асты. Осы уақыт ішінде Қазақстанның ұлттық статистика жүйесі халықаралық стандарттарға сай келетін деңгейге көтерілді. ЭЫДҰ мен Ұлттық статистика бюросының бірлескен жобалары экономикалық және демографиялық деректерді жинау тәсілдерін жетілдірді», - деді Дюпон.
Ол сонымен қатар 2026 жылдан бастап жаңа халықаралық стандарттарға сәйкес бірқатар реформа жүзеге асырылатынын айтты.
«Қазіргі цифрлық дәуірде сапалы және өзекті деректерсіз ешбір шешім қабылдау мүмкін емес. Сол себепті деректердің нақты әрі сенімді болуы ең маңызды міндет болып отыр», - деді ЭЫДҰ өкілі.
Еске салайық, Астанада өтіп жатқан халықаралық форумға 20-дан астам халықаралық ұйымның өкілдері қатысып, әлемнің 15 елінен сарапшылар келген.