Семейде 200 полиция іздеген кішкентай қызды қала тұрғыны тауып алған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Саянаның жоғалғаны туралы ақпарат кеше, 3 қараша күні кешке тараған еді

Фото: Абай облысының ПД

3 қараша күні кешкі сағат 18:30 шамасында «102» арнасына 11 жастағы Саяна есімді қыздың жоғалғаны туралы хабар келіп түскен. Сабақтан шыққаннан кейін үйіне оралмаған қызды ата-анасы, туған-туысы мен 200 полицей іздеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Абай облысының полиция департаменті хабарлағандай, көшеде адасып жүрген қызды Фариза есімді бойжеткен тауып алып, полицияға хабарласқан.

«Сабақтан кейін үйіне қайтпаған қызды іздеуге қала полициясының барлық қызметтері жұмылдырылды. Бейнебақылау камералары мен іздеу жұмыстары арқылы Саяна бірнеше көшеден өткенін білдік. Семей қаласында тұратын Фариза есімді азаматшаны қырағылық танытып, жалғыз жүрген қыздан жөн сұраған. Оның қырағылығының арқасында қызды аман-есен ата-анасына тапсырдық», - деп хабарлайды Абай облысының полиция департаменті.
Полиция департаментінің басшылығы 11 жастағы қызды тауып берген бойжеткенге алғыс жарияламақ.