«ҰБТ тапсыруға көмектесемін»: Павлодарда 1 млн теңгені қалтасына басқан экс-мұғалім ұсталды

Автор: Бақыт Шынар

Оның қазір басқа қылмыстарға қатысы бар ма, жоқ па деген мәселе тергеліп жатыр

Фото: Pixabay.com

Павлодарда «ҰБТ тапсыруға көмектесемін» деген желеумен бір адамнан 1 млн теңге алған экс-мұғалім қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Полицияға арыз жазған ер адамның айтуынша, Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде бұрын мұғалім болып жұмыс істеген азамат «ҰБТ тапсыруға көмек көрсетемін» деген желеумен одан 1 млн теңге көлемінде ақша алған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта күдіктінің өңір аумағында осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоқ екені тексеріліп жатыр», - деп хабарлайды полиция департаменті.

Жалпы, жыл басынан бері Павлодар облысында 1872 киберқылмыс тіркелген екен.