Тілсіз жаудың жалпы аумағы 60 шаршы метрді шарпыған
Астананың Байқоңыр ауданында болған өрт кезінде құтқарушылар үш газ баллонын эвакуациялап, жарылыс қаупінің алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Балтакөл көшесінде орналасқан уақытша тұрақ нысанында болған. Алдымен шатыр тұтанған, кейін өрт бөлмеге тараған.
Тілсіз жаудың жалпы аумағы 60 шаршы метрді шарпыған.
Министрлік мәліметінше, арнайы топ дереу жетіп, өртті сөндіру жұмыстарын бастады. Нәтижесінде үш газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылып, жарылыстың алдын алды. Адамдар зардап шеккен жоқ
«Өрт дер кезінде сөндірілді. Қазіргі уақытта тілсіз жаудың себептері анықталып жатыр», – деді ТЖМ өкілдері.
Сарапшылардың айтуынша, жылыту маусымында уақытша құрылыстарда, жеке үйлерде, газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт шығу қаупі айтарлықтай артады. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.