Бұл ауыр қылмыс биыл мамырда қаланы ғана емес, Қазақстанды дүр сілкіндірген еді
Ақтөбе қаласында жалғыз тұрған 69 жастағы дәрігер-нефролог Абай Айсағалиев биыл мамырдың 23-і күні үшті-күйлі жоғалып кеткен еді. Әріптестері мен еріктілер оны бір апта іздеп, мәйітін тапқан. Оны алыстан келген адам емес, бір мекемеде жұмыс істеген, баласындай жақын тартқан 31 жастағы Нұрсұлтан Шаймерденов аса жауыздықпен өлтіргені анықталды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бүгін Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилермен бірге 31 жастағы Нұрсұлтан Шаймерденовті түпкілікті 20 жылға соттады. Соттың баспасөз қызметі қылмыстың қалай болғанын баяндады.
Нұрсұлтан Шаймерденов қаланың деализ орталығында мейіргер болып жұмыс істеп жүрген. Сол орталықтағы нефрлог-дәрігер Абай Айсағалиев мейіргерді баласындай жақын тартып, үнемі көмегіне жүгінеді екен.
«Нұрсұлтан Шаймерденов дәрігердің ұялы телефонына банк қосымшаларын жүктеп, олардың құпия сөздерін орнатып беріп жүрген. Сол кезде дәрігердің есепшотында қомақты ақша барын да көрген. Марқұм көзін емдету үшін Астанаға кеткенде Нұрсұлтанға пәтерінің кілтін тастап, көз қырын сала жүруді өтінген», - деп жазады сот.
Дереккөзге сүйенсек, дәл сол сәтте Нұрсұлтанға арам ой келеді: пәтерінің кілті барын, дәрігердің шотында қанша ақша жатқанын және оның үйінде де біраз байлық барын ойлаған ол дәрігер Астанадан келген кезде пәтерінде күтіп отырған.
«Дәрігер үйіне келген кезде пәтерде тығылып отырған Нұрсұлтан оны бірнеше жерден балталап тастаған. Мәйітін дәрігердің үйіндегі тоңазтқышқа тығып қойған. Алдын-ала сатып алған масканы киіп, дәрігердің есеп шотынан 5 млн теңге, үйінен 1,9 млн теңгеге тең бағалы заттарын тонап кеткен», - деп хабарлайды сот.
Судья мен алқабилер прокурордың сұраған мерзімін қолдап, 31 жастағы Нұрсұлтан Шаймерденовті түпкілікті 20 жылға соттады.