Жағымсыз оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде таралды
Алматы облысының Жамбыл ауданында бірнеше мектеп оқушысының жетінші сынып оқушысына азғындық жасау фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдегендей, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, толықтай анықтау үшін қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта оқиғаға қатысушылармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Кейін облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары зардап шеккен қызға қажетті көмек көрсетеді», — деп хабарлады комитет.
Жамбыл ауданының білім бөлімі хабарлағандай, мектеп директоры Қарғалы ауылында кәмелетке толмағандардың оқиғасынан кейін дереу құқық қорғау органдарына хабарлаған.
«13 қазан күні мектеп директорына 2025 жылдың 21 қыркүйегінде демалыс күні мектеп аумағынан тыс жеке үйде кәмелетке толмағандарға қатысты оқиға туралы мәлімет түсті. Директор дереу құқық қорғау органдарына хабарлады», — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу органдары ҚК 124-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Барлық дерек анықталып, тергеу жүріп жатыр. Қоғамдық назарды балаларға қатысты тақырыптарда жалған ақпарат таратуға және хайп жасауға жол берілмесін», – деді Білім бөлімінің жетекшісі Светлана Алтынбекова.
Облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары зардап шеккен қызға көмек көрсетіп жатыр.
Білім бөлімі хабарлағандай, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, прокурор рұқсатынсыз тергеу материалдарын жариялауға тыйым салынады, ал ҚК 423-бабы мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады. Сонымен қатар, ҚК 274-бабы қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе елеулі зиян келтіруге әкеп соқтыратын жалған ақпаратты таратуға қатысты жауапкершілік қарастырылған.
Әлеуметтік желіде Карғалы ауылында болған оқиға туралы ақпарат тарады. Онда кейбіреулер жетім қызды зорлаған, оқиғаны видеоға түсіріп, интернетке таратқаны айтылған.