«Күдіктілер есірткіге мас болған»: Астанада 17 жастағы бала құрылыс нысанында көз жұмды
Тергеу жүріп жатыр

Астанадағы құрылыс нысандарының бірінде 17 жастағы студент қаза тапты. Оның үстіне бетон плита құлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте болған. Марқұм Ерсұлтан қосымша табыс тапқысы келіп, «KazPolymerStroy» кәсіпорнының нысанына траншея қазуға барған. Анасының айтуынша, сол күні кран мен КАМАЗ жүргізушілері есірткіге мас болған. Кейін оның сөзін сараптама жасаған мамандар растаған.
«Кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы оқиға орнын тексеріп, заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Алдын ала берілген деректерге сәйкес 17 жастағы жасөспірім құрылыс нысанында жұмысшы болып істеген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде: куәгерлер мен оқиғаны көргендерден жауап алынып, құжаттар тәркіленуде. Тергеу жұмыстары жалғасуда», - деді Астана полициясы.
Ерсұлтан Астанадағы теміржол колледжінің үшінші курсында оқып жүрген. Алматы арнасына сұхбат берген анасы оның арман-мақсаты көп еді дейді. Жігіт өткен жазда Қытайға барып оқу тәжірибесінен өткен, көлік жүргізуді үйрену үшін ақша жинап жүрген.
Анасының айтуынша, «ELIZAR-ASTANA» компаниясы жұмыс қауіпсіздігін сақтамаған және жұмыс техникасына лицензиясы болмаған. «KazPolymerStroy» кәсіпорны отбасыға көңіл айтып, кешірім сұраған, бірақ ешқандай өтемақы төлемеген.