Аптасына 4 рет қатынайды: Алматы-Бангкок тікелей рейсі ашылады

Автор: Темірхан Айжан

Таиландтық лоукостер Орталық Азияға алғашқы тікелей рейсін жасамақ

Фото: Freepik

Былтыр елімізге 5,5 мыңнан астам таиландтық турист келген. Олардың 4,2 мыңы қазақстандық қонақ үйлердің қызметін пайдаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы Thai AirAsia X әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде Алматы-Бангкок бағытында тікелей әуе рейсі ашылатын болды.

Жаңа бағытты Thai AirAsia X 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап орындауды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 4 рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері Airbus A330 ұшағымен қатынайды.

«Біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланысты нығайтып келеміз. Малайзиямен серіктестік нәтижесінде туристер саны 5 есеге артты. Енді Thai AirAsia X компаниясының алғашқы бағыты ретінде Қазақстанды таңдауынан елімізге қызығушылықтың арта түскенін байқаймыз», – деді «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының м.а. Даниел Сержанұлы.

Айта кетейік, Қазақстан мен Таиланд азаматтары үшін 30 күнге дейін визасыз режим қолданылады.