Ресейге бара жатқан Қазақстан азаматы адыраспан үшін 10 жылға дейін сотталатын болды
Сараптама адыраспан құрамынан 120 грамм гармин тапты

Түменнің кеденшілері Қазақстан азаматын ұстады. Ол Қорған облысына жүк көлігімен келген. Көліктің кабинасынан Ресейде есірткі қатарына енген адыраспан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .
Орал кеден қызметінің хабарлауынша, полиэтилен қалташаға салынған құрғақ өсімдік құрамынан 120 грамм гармин анықталған. Бұл ірі мөлшердегі есірткі болып саналады.
«Күдікті құрғақ адыраспан (гармала) өсімдігін жеке басына пайдалану үшін әкелгенін айтты. Өсімдіктің құрамындағы гармин Ресей Федерациясында есірткі және психотропты заттар тізіміне кіреді. Оның айналымы шектелген және бақылауға алынған», -деді Түмен кеденінің жедел-іздестіру бөлімінің бастығы Денис Козин.
Енді оның үстінен Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 229.1-бабының 3-бөлігі «Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен шекарадан есірткі құрамындағы өсімдік бөліктерін ірі мөлшерде заңсыз өткізу» фактісі бойынша іс қозғалды.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталған, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Бас прокуратура Ресей Федерациясының қолданыстағы заңнамасына сәйкес адыраспан (гармала) өсімдігі құрамында есірткі немесе психотроптық заттар немесе олардың прекурсорлары бар өсімдіктер тізіміне енгізілгенін ескерткен еді.