Оны суреті әлемде кеңінен тараған
Будапешттегі техникалық университетте оқитын қазақ қызы Диана интернет меміне айналған инженермен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Диана өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қариямен түскен фотосын жариялап,
«Гарольд тірі. Ол бізге мемдер туралы лекция оқыды. Ол 80 жаста екен, ұлты венгр»,- деп жазды.
«Hide the Pain Harold» мемінің кейіпкері Андраш Арато бірнеше жыл бұрын өзінің ерекше мимикасымен интернет жұлдызына айналған.
«Менің суреттерімді компаниялар пайдаланады деп ойлаған едім, бірақ адамдар оған түрлі сөздер жазып сала бастады. Кейбірі «әйелім тастап кеткендегі менің түрім», «мені тонап кеткендегі түрім» деген сөздер жазды. Сүйтсем, расында да менің жымиғандағы бейнем өте көңілсіз көрінеді екен», - деген болатын ол өз сөзінде.
Андраш Арато Будапештте инженер болып жұмыс істеді. 2010 жылы ол әйелімен демалыстан түскен суретін әлеуметтік желіге жүктеген соң, фотограф оның назарын аударған және оны стоктық суреттерге модель болуға шақырған. Кейін оның суреттері интернетте кеңінен танымал болып, мемге айналды.